Солтүстікқазақстандықтар Аяған Шәжімбаев есімін мақтан тұтады. Ол өңірімізден шыққан жалғыз кинорежиссер және қандай режиссер... Көп атақтар алып, көп құрметке жетпесе де өзінің 42 жылдық ғұмырында ол бүкіл Қазақстанға ерекше еңбектерімен танылып, даңққа бөленген жан.
«АЛЖИР» фильмінде ол қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының жесірлерін сөйлетіп, олардың бастан кешкен барлық қиын тағдырларын жарыққа шығарды. Кейіпкерлері Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мағжандардың қалай атылғандарын айтқан сайын шаңырақты көтеріп тұрған бір уық шарт етіп сынатын. Ал бәрі туралы айтылып болғанда шаңырақ ортасына түсті. Бұл қазақ руханиятының «шаңырағы ортасына түскенін» меңзеген тапқыр режиссерлік шешім еді. Сол жылдары да, тіпті қазір де бұл фильмді толқымай көретін жан жоқ.
Бұлардан басқа Аяған «Бәйтерек», «Барбол», «Толғау», «Актер Әнуарбек Молдабеков», «Режиссер Жұмат Шанин», «Домбыра үні», «Алтынбектің әндері», т.б. деректі фильмдерді түсіріп, қазақтың дара ұлдарының халқымен емен-жарқын табысуына қызмет етті. Одақтық және қазақстандық киностудиялар түсірген бірнеше көркемсуретті фильмдерде эпизодтық рөлдерді ойнады және режиссердің көмекшісі қызметтерін атқарды.
Аяған тым ақкөңіл, елгезек жан еді. Оның бойындағы мейірім шуағы үнемі аңқылдап тұратын. Ол жасы үлкеннің бәріне ілтипатпен қарап, жасы кішінің бәріне «ой, бауырымдап» елпектейтін. Қайтсе де алдымен халқына, сосын жақындарына, жолдастарына бір пайдамды, жақсылығымды тигізсемекен деген ой оның үнемі басында жүретін.
«Қазақ әдебиеті» газетінен жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебіл» деген әңгімесін оқып, қуғын-сүргінге ұшыраған жап-жас қазақ жігітінің тағдырына толқығаны сондай, жатпай-тұрмай оны кинодан көрсетуге бел буады. Ақыры өз дегеніне жетіп, «Жансебілді» КСРО тарамай тұрып, бүкілодақтық экранға шығарып үлгерді. Фильмді мамандар мен көрермендер жылы қабылдап, жоғары бағасын берді. «Ашғабад-92» кинофестивалінде «Үздік режиссерлік дебют» номинациясы бойынша жеңімпаз болды. Ал «Тегеран-93» халықаралық кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлін сомдағаны» үшін фильмдегі басты рөлді ойнаған Қасым Жәкібаев лауреат атанды. Мұндай үлкен табыстарға ол жылдардағы «Қазақфильм» студиясының өнімдері жете қоймайтын. Сондықтан да Аяғанның еңбегі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еді, алайда аяқтан шалған іштарлықтың кесірінен бұл марапатқа қолы жетпеді.
Өзгеге өзегін суырып беруге дайын жүретін аңқылдаған Аяған өзін қорғауды білмеген екен. Ақыры ол жүрек дертінен 1994 жылы күтпеген жерден қаза болды. Есіл ердің есімін туған халқы ұмытпайды. Аяған актер, режиссер ғана емес, шебер журналист те еді. Киноматография саласында жүріп ол көз көрген көнелердің әңгімелері мен естеліктерін де жазып жүрді. Мысалы, «Ел басына күн туса» фильмін түсіру барысында қаражат жетпей қалып, оны бастықтардан сұрау үшін киностудияның директоры Зет Бошаев пен режиссер Мәжит Бегалин Бауыржан Момышұлының өзін алып, Мәскеуге барғандарын, ондағы батырдың қылықтарын, керекті қаражатты қалай оп-оңай бөлдіргені туралы қызықты әңгімені жазып кеткен де Аяған еді...
Жерлестері оны халық жадынан өшірмес үшін Есіл ауданының орталығындағы қазақ мектебіне есімін бергізді. Петропавл қаласындағы орталық көшелердің бірі де Аяған Шәжімбаевтың атын алды. Жора-жолдастары, ағайын-туыстары, таныс-білістері қатысып, екі рет естелік кітабын шығарды. Қазақ киноматография саласында биік табыстарға жеткен Аяғанның әріптестері ол туралы баспасөз беттерінде тамаша мақалалар жазды.
Биыл қараша айында Аяған Шәжімбаевтың 70 жылдығы туған жерінде кеңінен аталып өтті. Соның ішінде Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада үлкен әдеби кеш болды. Оған режиссердің туыстары, таныстары, сыныптастары, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. Интернаттың қара нанын қақ бөліп бірге жеген сыныптасы Есләмбек Бекмұрзиннің әңгімелері өте қызықты және әсерлі болды. Жастар одан Аяғанның жас кезін, алғашқы махаббатын сұрап, ерекше мінездерін біліп, көп мағлұматтар алды. Ағаларының спортқа да бейім болғаны, күреске қатысып талай рет жүлделі орындар алғаны да белгілі болды. Қыздарға да өтімді болып, талай сұлулармен әңгімелері жараса кететіні айтылды. Кітапты да көп оқып, үнемі ізденіп, талаптанып жүретіні жеткізілді. Газеттерге үзбей мақала жазып, облыстық газеттің «штаттан тыс жас тілшісі» де атаныпты. Соның арқасында мектептен соң бірден облыстық газетке тілші болып орналасқан екен. Ал ҚазМУ-дың журналистика факультетінің түлегі Қошан Қали жастық шақтарында Алматыда бірге жүрген жалынды шақтарын еске алды. Аяғанның туған ағасы Құдайбердінің, ақын Марал Оспанованың еске алу әңгімелері де тыңдармандарды бей-жай қалдырмады.
ПЕТРОПАВЛ