Бұл туралы бүгін «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Атырауда өткен «QAZPOLYMERS – 2022» бірінші отандық форумы барысында мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
ҰКП басшысы Kazakhstan Petrochemical Industries Inc ЖШС интеграцияланған газ-химия кешеніне жоғары баға берді. Зауыт осы жылдың қарашасында іске қосылды.
KPI – шикізатты терең өңдейтін Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласындағы алғашқы ауқымды зауыт. Оның өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды. Бұл әлемдік полипропилен өндірісінің шамамен 1%-ын құрайды. Осылайша зауыт бүгінде әлемдегі жетекші полипропилен өндірушілерінің қатарына кіреді. Бүгінде полипропилен машина жасау, медицина, электр техника өнеркәсібінде бірқатар бұйымдар, тот басуға қарсы материал жасауда таптырмас шикізат.
«Бұл еліміздің үлкен мультипликативті әсері бар серпінді жобаларының бірі. Қазіргі кездегі міндет – қайта өңдеу өндірісін дамыту үшін зауыт айналасында нақты кластер құру. Форумның негізгі идеясы осы. ҰКП ретінде біз бұл жұмысты «ҚазМұнайГаз», «Бәйтерек» ҰБХ және ең бастысы бизнеспен бірлесіп белсенді түрде бастадық. Атап айтқанда, біз осы өнімді тұтынушылар тізілімін қалыптастыра бастадық, қосымша талдау жасайтын топты жинаймыз. Мұның бәрі бизнеске осы аумақта қандай өндірістерді ұйымдастыруға болатыны туралы нақты көрініс беретін дұрыс және тиімді бағдарламаға құрылуы тиіс», деп атап өтті ҰКП басшысы.