• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Маусым, 2014

Жемқорлыққа қарсы күрес ордасы

436 рет
көрсетілді

Қаржы полициясы агенттігінің 20 жылдығы мен Қаржы полициясы академиясының 15 жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газеті ұйымдастырған дөңгелек үстел Міне, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің құрылғанына да 20 жыл толды. Осы жылдар ішінде Қаржы полициясының талай ауқымды, небір маңызды істерді жүзеге асырғанын жұрт та жақсы біледі. Сондай іргелі жұмыстардың арқасында біздің елімізде сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жылдан-жылға төмендей түсуде. Сонау Тәуелсіздігімізді ту етіп тіккен кезде-ақ ТМД елдері арасында бірінші болып Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылданды. Елбасымыздың сара саясатының арқасында экономикалық қылмыстарға қарсы күрес жүргізе алатын мамандарды оқыту, даярлау жұмыстары жүргізілді. Соның бірі ретінде аталған агенттік жанынан Қаржы полициясы академиясы ашылды. Өйткені, білікті де білекті мамандарсыз қауіпті кеселмен күресу оңай емес екені белгілі. Енді бүгінде Қаржы полициясы академиясы материалдық-техникалық базасы заманауи, жоғары ғылыми әлеуеті бар білікті кәсіби оқытушы-профессорлық құраммен жасақталған, жаһандық білім беру ортасында бәсекелестікке дайын оқу ордасының бірегейі десек, артық айтқандық емес. Біз осы орайда «Қаржы полициясынанмын» десе сыбайластардың дегбірін қашыратын, жүрек жұтқан мамандарды даярлап жатқан Қаржы полициясы академиясындағы басшылық және оқытушылық құраммен кездесіп, «Қаржы полициясы академиясы – Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы маман даярлайтын бірден-бір білім беру орталығы» атты дөңгелек үстел өткізуге мұрындық болған едік. Оған Қаржы полициясы академиясының басшысы, заң ғылымдарының докторы, профессор Сарқытбек Молдабаев, академия бастығының ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары қаржы полициясының подполковнигі, философия ғылымдарының кандидаты Светлана Арыстамбаева, күндізгі білім беру факультетінің бастығы Манарбек Баймұрзин, тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы, қаржы полициясының подполковнигі, психология ғылымдарының кандидаты Зәмзәгүл Шахарбаева, курс бастығы, қаржы полициясының аға лейтенанты Серғазы Жақжанов және академия тыңдаушылары, яғни магистрант Анна Полникова мен докторант Ербол Омаров қатысты. Төменде олардың «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің  қойған сұрақтарына қайтарған жауаптарын ұсынып отырмыз. – Сарқытбек Сәрсем­байұлы, академияның білім беру сапасы мен болашақ жос­пары туралы айтсаңыз. – Қазақстанды әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосу болып табылатын «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, ең алдымен, жоғары білім беру сапасын арттыруды талап етеді. Біз осы айтылғандардың негізінде Швед полициясын реформалау бойынша тәжірибесі бар Шведтік «Enhancer» компаниясымен бірлесе отырып, құрылымданған жүйе тео­риясы негізінде академияның ұйымдастырушылық құрылымына талдау жасадық. Талдау нәтижесі қызметкерлердің атқарып отырған лауазымдарында жұмыс істеу қабілеті, сонымен қатар, академияның құрылымы мен құрамы қазіргі талаптарға сәйкестігі және лауазымдардың құрылымдық сапасын көрсетті. Біріккен зерттеу нәтижесі бойынша оқу және тәрбие негізін, ғылыми зерттеуді жетілдіру және материалдық-техникалық базаны жақсарту бойынша ұсыныс әзірленді. Білім беру сапасын қажетті деңгейге жеткізу үшін академияда менеджмент және сапа жүйесін (МСЖ) ендіру бағдарламасы сатылы қолданысқа жіберілді. МСЖ әзірлеу және ендіру «Human Capital Management & Competence Center» ЖШС біріге жүзеге асырылуда. Академия бастығының бұйрығымен сапа бойынша басшы өкіл (МСЖ ендіру бойынша және оның жұмыс істеу жағдайын қадағалайтын) – академия бастығының орынбасары тағайындалды, білім беру қызметі үдерісін білетін, құрамына ЖОО-ның үздік қызметкерлері енген үйлестіру органы – жұмыс тобы құрылды. Оқу үдерісіне инновациялық және ақпараттық технологияны белсенді ендіру білім беру сапасын арттырудың бір үрдісі болып табылады. Осы мақсатта 2013 жылы бүгінгі күні қойылған міндеттерді нәтижелі атқарып жатқан, ақпараттық-техникалық қолдау тобы және инновациялық технология бөлімі құрылды. Академияда өткен жылдан бері авто­маттандырылған ақпараттық жүйе «Platonus» (АИС «Platonus») – тыңдаушыларды әкімшіліктендіру оқу үдерісін қолдану және қашықтықтан оқыту, электронды құжат айналымының біріккен жүйесі, тыңдаушыларды оқытуда бақылау және есеп жүргізу сапасын арттыруға ықпал ететін оқытудың автоматтандыру «үш кит» кредиттік жүйесін қосатын білім беру порталы енгізілді. Бүгінде Академияның ақпараттық сайты (www.ademfinpol.kz), сымсыз байланыс негізіндегі Интернет қызметі wi-fi і, бұқаралық ақпарат құралдарына шолу, Қазақстандық виртуалды ғылыми кітапхана секілді (ҚВҒК) жаңалықтарға қолжетімді жағдайда. Сонымен қатар, академия Oxford University Press электронды ресурстарының тегін тестіне, Web of Knowledge (Thomson reuters) электронды ресурсының мәліметтер базасына толық мәтіндік қол жеткізді. Қазіргі уақытта Қаржы полициясы академиясының ұжымы халықаралық аккредитациядан өтуге дайындық жұмысын жүргізуде. Академия еліміздегі жоғары оқу орындарында Жемқорлыққа қарсы кеңес құру бойынша ұсыныс тас­тап және оның тұжырымдамасын жасады. Бүгін біздің бұл ұсынысымыз Білім және ғылым министрлігі тарапынан толық қолдау тауып, оны жүзеге асыру бойынша шешім қабылданды. Бұдан басқа Қаржы полициясы академиясы жанындағы «Жемқорлыққа қарсы бастама» білім беру-көрме кешенінің тұжырымдамасын әзірледі. Жобаның мақсаты – жемқорлыққа қарсы технологиялар мен бастамаларды ұсыну және көрсету алаңын жасау. Осы жылдың басынан бері Қаржы полициясы академиясы жанынан құрылған «Жемқорлыққа қарсы мектеп» білім беру саласы қызметкерлері үшін жұмыс жасайды. – Светлана Андреевна, сіз осы Қаржы полиция­сы академиясы құрылғаннан бері жұмыс істеп келесіз. Жоғары оқу орнының құрылуы мен дамуы жолында қандай кедергілер болды және сіздің ойыңызша ұжым қазір қандай деңгейге жетті? – Әрине, мұндай оқу ордасының ашылуы мен қызметін жалғастыру барысында бірқатар аяқтан шалар кедергілердің болғаны рас. Дегенмен, академияны құрылғаннан бері оны бірнеше талантты басшылар басқарып отырды. Олардың әрқайсысы академияның дамып, гүлденуіне өз үлестерін қосты, әрқайсысының өзінше ұйымдастыру жолы болды. Бірі – ғылыми-зерттеу жұмысын дамытты, бірі – академия қызметін таныту бағытында жұмыс істеді. Енді бірі рухани дүниеге, діни толеранттылыққа ерекше мән берді. Мәселен, бүгінгі басшы Сарқытбек Сәрсенбайұлының олардан ерекшелігі, ол – академияның әрбір білім алушысы мен қызметкерінің даму әлеуетіне кешенді ұйымдастырушылықпен қарайды. Ең алдымен атқарылып жатқан жұмыстың ашық көрсетілуі, атқарылар жұмысқа жеке жауапкершілік қағидатымен қарау сияқты талаптарды айта кеткім келеді. Бүгінгі жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында академия заманауи IТ технологияларды қолдануға көшті. ЭСЖКА басшыларының қолдауымен академия жоспарлы түрде ескі ұйымдастыру техникасы паркін ауыстыруда, заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелерін сатып алу жолға қойылған және стандартқа айналған білім беру әдістерін, соның ішінде қашықтықтан оқыту жұмысы жүзеге асырылуда. Әріптестермен бірігіп, қаржы полиция­сы қызметкерлері үшін анықтамалық-ақпараттық жүйелерді әзірлеу қолға алынды. Бір жыл ішінде Қаржы полициясы академиясы өзін тек оқу орны ретінде ғана емес, бренд ретінде, яғни экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған мамандарды шығаратын оқу орны позициясына тұрақтанды. Бұл бренд, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзін көрсетті. Біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-танымал еңбектерімізбен Білім және ғылым министрлігі мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі есеп береді. Бұл брендтің сыртында мұғалімдер мен ғалымдардың, оқушылар мен қызметкерлердің интеллекті мен шығармашылық күші тұр. – Манарбек Сапарбекұлы, академияның соңғы шешім­дері оқу-әдістемелік қызметке қалай әсер етуде? – Академияның бастығы айтқандай, «Бізде педагогтар аз, бәрі заңгер», сондықтан біз алғаш рет қысқы дем­алыс уақытында Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің қатысуымен профессорлық-оқытушылық құрамның оқу-әдістемелік жиынын өткіздік. Аталған жиынның аясында біліктілікті арттыру курстары, тәжірибемен алмасу, есепке алу және ведомстволық оқуды жақсарту туралы ұсынымдар дайындалды. Бұдан басқа, бізде тұрақты түрде «педагогикалық шеберлік мектебі» қызмет атқарады. Инновациялық оқытудың түрлеріне ерекше назар аударылады, егер былтыр тек үш-төрт мұғалім интерактивті тақтаны қолдана алса, қазіргі таңда мұндай дағды әрбір мұғалімде бар. Соңғы жылы академияның алыс-жақын шетелдердің ғылым және білім орталықтарымен қарым-қатынасы нәтижесінде қызметкерлердің әлеуеті біршама артты. Мысалы, салықтық және қаржылық зерттеулер бойынша халықаралық сарапшы-криминалистерді шақыру, қаржылық және аудиторлық есеп берудің халықаралық стандарттарына сәйкес оқу бағдарламаларды жаңарту және бейімдеудің аясында академия Үлкен төрттіктің «Делойт және Туш» өкілдерімен қызметкерлер біліктілігін арттыру мақсатында келіссөз жүргізеді. Сонымен қатар, ағымдағы жылда «полицейлік деонтология» және «Аналитикалық барлау» арнайы курстары дайындалды және мақұлданды. Мұның бәрі, академия тыңдаушыларының алып жатқан білім деңгейін және оқу процесінің сапасын жақсартатыны сөзсіз. – Зәмзәгүл Жоламанқызы, сіз Қаржы полициясы акаде­миясындағы тәрбие және спорт жұмысының жүргізілу барысын қалай бағалайсыз? – Академияның басшылығы өткен жылдан бастап тәрбие жұмысы бөлімінің қызметіне ерекше назар аударуда, 2013-2016 жылдарға арналған тәрбие жұмысы бөлімінің тұжы­рымдамасы мен бағдар­ламасы дайындалды және бекітілді, кіші командирлер, кураторлар, ата-аналар комитетінің кеңесі сияқты қоғамдық ұйымдармен жұмыс жақсарды. Білім беру процесінен басқа спорт секциясы, көркем-өнерпаз үйірмелері: вокал, хор, би, «Жеті жарғы» ғылыми-теориялық үйірмесі, «Сайыскер» дебат клубы, көңілділер мен тапқырлар клубы белсенді жұмыс істеп келеді. Тыңдаушылар астаналық ЖОО спартакиадасы бағдарламаларында 17 спорт түрі бойынша жарыстарға, шаңғы, самбо, волейбол, жеңіл атлетика, қарудан ату, қоян-қолтық ұрыс, шағын футбол, «Президентская миля» жүгіру жарысына қатысады. Мысалы, өткен жылы академия 40 спорттық іс-шара өткізді, онда 3 439 тыңдаушы қатысты. 58 халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі жарыстарға 455 тыңдаушы қатысты, 17 кубок, 101 медаль, 203 диплом мен грамота, 26 бағалы сыйлық ұтып алды. – Серғазы Айдарханұлы, академиядағы тәртіп жөнінде айта отырсаңыз. – Академия басшылығы тыңдаушылардың үлгерімі, әскери-қызметтік тәртібі, тұрмыстық жағдайларының деңгейін жақсарту бойынша шаралар кешенін жүзеге асырды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылына оқу аудиториялары мен жатын орындарына жөндеу жүргізілді. Тағамның сапасын арттырудың сыры оны бәсекелестік ортасына беру болды және қазіргі таңда ас мәзірін құруда тыңдаушылардың және кезекші офицерлердің барлық тілектері ескеріледі, осылайша берілетін тамақ құрамы жақсарды. Академия басшылығы әр курстың курс звеносына курс бастығының оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде қосымша орын бөлінді. Кіші командирлердің институттарына жаңа командирлердің қызметтері енгізілді. Осының бәрі мамандарды дайындаудың сапасын арттыру мен оқу үрдісін тиімді қамтамасыз етуге көмектеседі. Әр курста қосымша офицердің пайда болуымен жалпы әскери-қызметтік тәртіп, тыңдаушылардың өзіндік дайындығы қадағаланып, оқудың нәтижесінен оң көрініс табуда. Талдау көрсеткендей, ғылыми-зерттеу жұмысына қатысатын тыңдаушылардың (олар түрлі ғылыми-практикалық конференциялардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары) саны артты. Қабылданған іс-шаралар нәтижесін саралай отырып тыңдаушылар үлгерімінің, әскери-қызметтік тәртібінің, ғылыми-зерттеу жұмысы көрсеткіштерінің әрі қарайғы жетілуін болжауға болады. –  Анна Андреевна, оқу орнындағы соңғы уақытта өткен реформаларға сәйкес, Қаржы полициясы академиясы, сіздің пікіріңізше, қаншалықты перспективалы деп ойлайсыз? – Қаржы полициясы академиясы – қаржы полициясы органдарындағы қызмет өтілінің жалғасуымен білім алғысы келетін адамның дұрыс  таңдаған білім беру орны. Қазіргі уақытта білім алушыларға білім мен ғылым жұмыстарын сәтті жалғастыру үшін барлық жағдай жасалған. Академия басшылығының бас­тамасы бойынша Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бұрын болмаған PhD докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес ашылды. 2006 жылдан бері алғаш рет академия магистранттары мен докторанттарының шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтуді қаржыландыру туралы мәселе шешімін тапты. Ағымдағы жылдың маусым айында магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағылымдамадан өту үшін Чех Республикасына баруы қамтамасыз етілді. – Ербол Ағбайұлы, аталған Қаржы академия­сының басқа ЖОО-лардан айырмашы­лығы бар ма? Бар болса, қандай? – Академияның Қазақстан­ның басқа ЖОО-дан басты негізгі айырмасы – онда  оқушы­лардың білім алуына оң әсер ететін жоғары теориялық жә­не практикалық білімдері те­рең, сапалы профессорлық-оқытушылық құрамның болуы. Академияда білім алу Қазақстан Республикасы заңдылығының дамуына және қылмыстылықпен күресудің тиімділігін арттыруға үлкен үлес қосатын құқық қолдану тәжірибесі мәселелерін ғылыми зерттеуге мүмкіндік береді. Соңғы кездері оқу қиын болғанымен, бізге академияда оқыған көңілімізден шығады. Талаптар мен жауаптылық артты. Академияның басшылығына білім алудың жақсы жағдайлары мен сапалы білім алу мүмкіндігі үшін алғыс білдіргіміз келеді. Осы қалыптан таймауды тілеймін! Дөңгелек үстелдегі әңгімені жазып алған Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».