“Астана қаласы мен Ақмола облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің Есіл аудандық филиалы өңірдегі өнегелі істердің ұйытқысы ретінде зор беделге ие. Оны 2008 жылғы құрылтай конференциясы бірауыздан сайлаған ұлағатты ұстаз Жанат Көккөзова басқарады.
Кәсіподақ кеңесі жалпы білім беретін 30 мектептің, жастар шығармашылық үйінің, балалар музыка мектебінің, “Гүлдер” балабақшасының, кәсіби мектеп пен балалар үйінің ұжымын біріктіреді. Білім мекемелерінде 1193 адам қызмет атқарса, соның 1174-і кәсіподақ мүшесі екендігі бедел белесінің биіктегенін білдіреді.
Аудандық кеңес пен кәсіподақ комитеттерінде жұмыс берушілермен екіжақты келісім мен ұжымдық шарт жасалған. Мұнда қызметкерлердің әлеуметтік сұраныстарына, еңбек қатынастарына, кәсіподақ мүшелерінің демалысы мен сауықтырылуына, оларды марапаттау мен қосымша еңбек демалысын белгілеу, тағы басқа мәселелерге айрықша көңіл бөлінеді. Қабылданған шешімнің орындалуы бақылаудан түскен емес. Сондай-ақ, кәсіподақ отырыстарының хаттамасымен танысқан кісі еңбекақының уақытында төленуі, еңбекке уақытша жарамсыздық қағаздарын жүргізу, зейнетақы қорларына жарна қаражатын аудару, кәсіподақ мүшелерінің өтініш-тілектерін қарау да басты бағыт саналатынын аңғарады. Осының арқасында соңғы бес жылда әдістемелік бірлестіктер жетекшілеріне 15 пайыздық, ауыл мүғалімдеріне 25 пайыздық үстеме төленіп келеді. Жыл сайын “Жыл мұғалімі”, “Үздік сынып жетекшісі”, “Жас ұстаз”, “Үздік кәсіподақ ұйымы” сияқты байқаулар өткізудің өнегелі қырлары көп. Жас мамандар мен ауылға аттанған мұғалімдерге жеңілдіктер қарастыру да күн тәртібінен түскен емес. Соның бір айғағы ретінде кәсіподақ бірлестігінің ұсынысымен сегіз мұғалімнің Есіл қаласында жаңадан салынған үйден пәтер алуын айтар едік.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.