АЛҒА АДЫМДАУДЫҢ АЙҚЫН АЛҒЫШАРТЫ
Облыс орталығында «Бірлік-Единство.kz» халықаралық жастар форумы болып өтті. Биыл төртінші рет ұйымдастырылған «Шекаралық ынтымақтастық жастар форумына» көршілес Ресей облыстарынан, сондай-ақ, Оңтүстік Корея, Польша, Беларусьтен келген жастар, этностық бірлестік өкілдері жиналды. Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.
Бұл форум шекаралық өңірлерде тұратын екі елдің жастары арасындағы өзара түсіністікке ықпал етері сөзсіз. Жастар ұйымдары бағдарламаларын іске асыру бойынша іс-шаралар бір-бірлерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін тұрақты үнқатысу алаңына айналды. Ал, жалпы, «Ресей өңірлерімен ынтымақтастықты нығайту» барысындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясының» қызметі туралы ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов айтып берді.
– Сіздер, жастар, елдегі оң өзгерістің қозғаушы күші боласыздар, – деді форум қатысушыларына облыс әкімі Қанат Бозымбаев. – Жас жігіттер мен қыздар білім алуда мемлекеттің барынша қолдауына ие. Мыңдаған қазақстандық жастар «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша әлемдегі үздік оқу орындарында білім алды, бүгінде олар ел игілігі үшін қызмет етіп жатыр. Жалпы, біздің облыста мемлекеттік грант бойынша 6 мың студент білім алуда. Көптеген үздік студенттер облыс әкімінің шәкіртақысын алады. Жергілікті жерде үкіметтік емес жастар ұйымдарымен тығыз жұмыс жүргізіледі. Өңірдегі Ассамблея жанынан 15 этностық жастар бірлестіктері құрылған.
Мысалы, Айман Әбдікәрім Новосібірдегі «Отан» қазақ мәдениеті орталығының өкілі, оның айтуынша, бүгінде ол жақта 12 мыңнан аса қазақ тұрады екен. Ұлтымыздың дәстүрін сақтаймыз, ана тілімізде сөйлейміз, дейді ол. Облыстық Ассамблея жанындағы жастар бірлестігі кеңесінің басқарушысы Элина Паулидің айтуынша, 2011 жылы облыс орталығында облыстық этномәдени бірлестіктердің жастар құрылымы еліміздегі Ассамблеяның жастар бірлестігі үйлестіру кеңесінің бастамасымен алғашқы рет шекаралық өңірлердің «Бірлік – Единство.kz» форумының жобасын өткізді. Форумда жастар әлеуметтік инновациялық бастамаларының көрме-жәрмеңкесі, «ХХІ ғасырдың жастары: уақыт және өзі туралы диалог» пленарлық мәжілісі және заманауи жастар саясатын дамытудың көкейкесті мәселелері айтылды. Осыдан екі жыл бұрын екі мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ІХ форумын өткізу қарсаңында «Бірлік – Единство.kz» шекаралас ынтымақтастықтың екінші жастар этномәдени форумы ұйымдастырылды. Өткен жылы шекаралас ынтымақтастықтың үшінші халықаралық жастар форумы облыстағы «Черноярская жемчужина» демалыс аймағында киіз үйлер этноқалашығында жалғасты.
Мысалы, Омбыда оқып жүрген павлодарлық Максим Споткай қазақстандық жастармен бірлесіп, студенттер клубы, қазақ тілінде «Замандас» газетін шығаруда. Новосібірдегі Беларусь мәдени орталығының жетекшісі Анастасия Трубенкованың айтуынша, олар қазақстандық жастармен жиі кездесулер өткізеді. Қазақстандық Ассамблея біздер үшін үлгі, дейді ол.
Сонымен қатар, Халықаралық жастар форумы аясында «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов жергілікті этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен кездесті. Жиын барысында екі ел арасындағы мәдениетаралық үнқатысуды дамыту, жастар арасында тәжірибе алмасуға жол ашу, өзара келісім мен ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында айтылған мақсат-міндеттерді орындау жайы баяндалды. Ал «Бірлік – Единство.kz.» атты шекаралық ынтымақтастықтың жастар этномәдени форумының да мақсаты – көршілес өңірлер арасында жастардың мәдени, рухани байланысын орнату. Олар мұны өзара әріптестік турасындағы сұхбаттар арқылы «Болашақты бірге қалаймыз» атты автомотокросс, флешмоб сынды шаралар ұйымдастырып көрсетті.
Форум «Екі ел жастары: болашаққа көзқарас», «Сан-алуандылықтағы бірлік» атты бағдарламалармен жалғасты. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада қазақ тілінде сөйлейтін, ән салатын өзге ұлт өкілдерінің жастары кездесулер өткізді. Жастар жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі оқулықтардың санын көбейту керек деген ұсыныс айтты. Форум соңында көңілді концерт, ойын-сауық бағдарламалары көрсетілді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.
Суретті түсірген
Валерий БУГАЕВ.