ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев капиталды қайтару мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңеске Қаржы, Ұлттық экономика, Әділет, Сыртқы істер министрліктері мен Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық банк, қаржы нарығын реттеу және дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржылық мониторинг агенттіктері мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ өкілдері қатысты.
Онда Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың ұсыныстары қаралды.
Еске сала кетейік, биыл 26 қарашада Мемлекет басшысы «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойған болатын.
Жарлыққа сәйкес Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылғы 31 наурызға дейін тиісті заң жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісіне енгізуі тиіс.
Отырысты қорытындылай келе, Е. Жамаубаев Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыруға бағытталған жиынтық ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Жұмыс тобының отырысы апта сайын өтеді.