Астанада Тәуелсіздік күні қарсаңында бокстан «Алаштың арландары» атты республикалық ашық турнирі басталды. №83 мектеп-гимназиясында «Көкжал» спорт клубтары бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін бәсеке 18 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқан турнир «Алаш арыстарын» еске алуға арналған.
Турнирдің мақсаты жас спортшылар мен спорт сүйер қауым арасында еліміздің тәуелсіздік тарихын, «Алаш арыстарының» отанымыздың алдындағы еңбектерін насихаттау, бүгінгі жетістіктерімізді баянды ету жолында еліміздің болашақ дамуындағы елдік, отандық мұраттар мен қасиеттерді жастарымыздың бойына сіңіру, жастарды отансүйгіштік пен салауатты өмір сүру салтына шақыру болмақ. Турнир 2007-2012 жылдары туған жастар мен жасөспірімдер арасында өтеді.
Бәсекеге Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінің спорт клубтары да қатысады.
Турнир 16 желтоқсан сағат 11:00-де ресми түрде ашылады. Ал 18 желтоқсан күні сағат 14:00-де жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.