• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Маусым, 2014

Жалғасын тапқан игі бастама

326 рет
көрсетілді

Сонау тоқсаныншы жылдар­дың «тоқырау заманы» кезінде ауыл-аймақтың ажары азып, көп­теген жұмыстарды қолға алуға мүмкіндік болмағаны жасы­рын емес. Ол кезде ауыл-аймақ­ты абаттандыру, жақсарту жұмыс­тары былай тұрсын, әр адамның өзінің қарабасы мен отбасын асырудың өзі қиын болғанын жасырып қайтеміз. Ал қазір ше? Жағдайымыз түзеліп, ел қатарлы өмір сүрудеміз. Жалпақтал ауданымыздағы іргелі ауылдардың бірі. 5000-ның үстінде халқы бар ауылдың жағдайы күн өткен сайын жақса­рып келеді. Бүгінде әр отбасы өзінің жағдайын дұрыстауға өздері талпына бастағанына шүкір­шілік дейміз. Бұрын әр отбасы үй салу былай тұрсын, қора-қоп­­сысын жөндеуге шамала­ры келмейтін еді. Өткен жылдан бері ауыл тұрғындары өз қа­ра­жаты есебінен жаңа үй салып, үйлерінің ауласы түрлі-түсті қаңыл­тырлармен қапталып жат­қаны қуанарлық жағдай. Оның үстіне жеке кәсіпкерлеріміздің сауда үйін, шағын дүкендерді салғанын қосыңыз. Сонымен қатар, былтырғы жылы өз қаражаты есебінен Айдос Сәрсенғалиев мешіт мұнарасын тұрғызып, ел алғысына бөленді. Ал 1969 жыл­ғы ауылымыздың ел ағалары мәдениет үйінің алаңын жаңартып, субұрқақ, өрнек тас­тармен өрілген жол салғандарын мақтаныш сезіммен айтамыз. Нағыз елдің патриоттары деуге тұрарлық жағдай. Кешкісін сол «арбат» бойына шыға қалсаң, балаларымен демалып жүрген отбасыларын, балғын бүлдіршіндерді көргенде құдды бір қалада жүргендей боласың. Осындай игі дәстүр биыл да өз жалғасын тапты. Мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған 1977 жылғы ауылымыздың азаматтары өздері қаражат жинап, орталық саябақтың ішінен шағын спорт алаңын салуды жоспарлаған болатын. Сол жоспарлары іске асып, қазіргі уақытта жұмыстары біркелкі жүріп жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған өткен жылғы Жолдауында бұқаралық спортты жандандыруға байланысты спорт саласына ерекше маңыз берілді. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, саламатты өмір салтын насихаттауға және тұрғындардың тұрақты түрде денешынықтыру және спортпен айналысуына бұл игі шаралардың атқарар маңызы зор. Бұл спорт алаңының ішінде шағын футбол, баскетбол ойындарын ойнауға жағдай жасалған. Спорт алаңының айналасы қоршалып, жасанды көк шөптермен көмкерілетін болады. Туған ауылымызға осындай алаң салудағы басты мақсатымыз жасөспірімдерді спортқа баулып, ұлт денсаулығының ең басты кепілі – саламатты өмір салтын қалыптастыру. Ауылымызда өткен жылы «69-жылғылар» атанып кеткен ел ағаларының жасаған істерін көріп, біздер де туған жеріміздің көркеюіне өз үлесімізді қосуды жөн санадық. Спорт алаңын ауыл шетінен де салуға болар еді, ол жерге жастарымыздың бірі барса, бірі бара алмай, сол күйінде қалуы мүмкін. Сондықтан да біз орталық саябақ ішінен салуды жөн көрдік. Ауыл жастары көп жиналып, бірі қыдырып жүрсе, кейбіреулері осы алаңға келіп, спорттық ойындар ойнайтын болады. Алдағы күндері бітетін болады. Осы алаңда болашақта біздің ұл-қыздарымыз жаттығып, нағыз спортшы патриоттар шығатынына кәміл сенеміз,  дейді 1977 жылы туған Жалпақтал ауылының азаматтары. «Елдің атын ер шығарады» демекші, туған елдің жарқын келе­шегі үшін қазірдің өзінде үлкен тірліктер атқарып жүрген жалпақ­талдық азаматтардың мұнысы мақ­тауға тұрарлық іс. Тұрарбек АҚМУРЗИН. Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылы.