• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Оқиға 16 Желтоқсан, 2022

Мұз құрсауындағы кеме

731 рет
көрсетілді

Атырауда балық тиелген кеме мұз құрсауында тұр. Енді бұл кемені күн жылынбай жағаға жеткізу мүмкін емес.

Кеме капитаны Иван Павловтың айтуына қарағанда, балықшылар Каспий теңізінен балық аулап келе жатқан. Кемеге 7 тонна балық тиелген. Жайық өзеніне өтуге 6 шақырымдай қалғанда, су көлігі таяз жерге тіреліп қалған. Оның мұз құрсауында тұрғанына 3 апта болған.

– Теңіз жақтан қатты жел соқса, су келетін еді. Біз сондай сәтті күттік. Өйт­кені таяз жерден шығып кету мүмкін емес. Күн күрт салқындап, кемеміз мұз­дың құрсауында қалды. Енді күн сайын таңертең мұзды ойып жүрміз. Себебі мұз қалыңдығы әртүрлі – бір түнде 5 см, кейде 3 см болады. Мұз қалыңдап, кемені қысатын болса, корпусын жарып жібереді, – дейді Иван Павлов.

Мұз құрсауындағы кемені «Аман­гелді» ЖШС балықшылары күзе­тіп жүр. Балықшылар кеменің мұз құрсауында қалуын каналдар түбінің тереңдетілмеуімен байланыстырып отыр.

Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәді­бекұлының мәліметінше, Жайық өзе­нінде тереңдету жұмысын жүргізуге 7 млрд, Қиғаш өзені бойынша 11 млрд теңге қажет. Осыған байланысты ұсы­ныс та, сұраныс та тиісті органдарға, министр­лікке жолданған.

 

Атырау облысы