Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Дүниежүзілік қоршаған орта күні және эколог күніне орайластырылған салтанатты жиналыс өткізді. Жиналысқа министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, ведомствоға бағынысты және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жиналыс барысында министрліктің экологиялық бақылау және реттеу комитетінің ұйымдастыруымен республикалық деңгейде өткізілген балалардың сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Н.Қаппаров Астана қаласындағы №37 орта мектебінің оқушысы Мария Карбушеваны, Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда аудандық орта мектептің оқушысы Ғасыр Насекеновті, Павлодар облысындағы Мичурин балалар үйінің тәрбиеленушісі Алина Пилягинаны құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықпен марапаттады. Сонымен қатар, министр облыстық деңгейдегі байқау жеңімпаздарын – еліміздің барлық өңірлерінен келген балаларды марапаттады.
Сондай-ақ, осы күні Беларусь, Қазақстан және Ресей елдері аумақтарында Дүниежүзілік қоршаған орта күніне орай халықаралық экологиялық сенбілік өткізілді.
Қазақстанның барлық аймақтарында өтетін акция барысында қалалар мен қала маңы аумақтары, демалыс мекендері, саябақтар мен су айдындарының жағалаулары тұрмыстық күл-қоқыстардан тазартылады.
Қазақстан өңірлерінде сенбілікке 130 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорындардың өкілдері, сондай-ақ, ЖОО студенттері еңбек етті.
Астанада экологиялық акцияға 600-ден астам адам қатысты. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің, «Астана орманы» және «Полигон» ЖШС, сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері мен студенттер қалалық қалдықтар полигонына іргелес орман аумағын қоқыстан тазартуға атсалысты.
«Егемен-ақпарат».