Астанадағы Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығының көрме залында жас суретші Ардақ Құдайбергенованың « Көзімнің қарасы – Ұлы дала» атты көрмесі өтті. Аталған іс-шара Тәуелсіздік күніне арналды.
Көрмеге суретшінің кейінгі жылдары салған бірқатар туындысы қойылды. Әсіресе оның шығармаларында табиғаттың ғажайып сұлулығы шынайылығымен айшықты бейнеленген. Оны жас шебердің нәзік сезіммен өрнектеген картиналарынан анық байқайсыз.
«Бала күнімнен бейнелеу өнеріне ынтық болып, өзім қызығып көретін мультфильм кейіпкерлерін салғанды жақсы көрдім. Есейе келе табиғат көріністерін ақ параққа түсіре бастадым. Негізі, менің балалық шағым ауылда өтті. Ата-әжемнің қолында өстім. Қазір сол ауыл, ата-әжемнің бейнесі, балалық шақ көріністері көз алдымнан кетер емес. Сол сағынышымды сурет арқылы жеткізгім келді. Сондықтан көрмемді «Көзімнің қарасы – Ұлы дала» деп атадым», деді жас суретші.
Ардақ Құдайбергенова – кейінгі жас буын суретшілер арасынан өз қолтаңбасымен танылған талант иесі. Бірқатар халықаралық және республикалық байқаудың лауреаты. Соның ішінде «Golden time talent» көркемсурет байқауы мен «Dali»S Mustache» фестивалінің жүлдегері атанған.