Бүгінде осы ата-тегі аталса, алдымен Лондон Олимпиадасының бокстан чемпионы Серік Сәпиевтің есімі еске түсетіндігі аян. Абай қаласының байырғы тұрғыны, ұзақ жылдар шахтада еңбек еткен Жұманғали Дәуітұлы мен төрт баланың анасы Ирина Фоминична шаңырағы жақында тағы бір шаттыққа бөленіп қалды. Биыл елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауы облыстық кезеңінде Сәпиевтер әулеті жеңімпаз атанды.
Былтыр Елбасының Жарлығымен бекітілген «Отбасы күні» жаңа мерекесі аясында ұйымдастырылған шараға өңірдің қалалары мен аудандарында жүргізілген іріктеуге үлгілі 108 отбасы тартылып, 38-і мәреге шыққан болатын. Бұлардың ішінен байқау қорытындысында 3-ші және 2-ші орындарды Шахтинск қаласының кеншісі, «Шахтер даңқы» ордені үш дәрежесінің толық иегері Қапқаев пен Осакаров ауданының еңбеккері Кошевецтің отбасы иеленсе, ең үздік ретінде Сәпиевтер шаңырағы танылды.
Кеншілер мәдениет сарайында аймақтағы өнегелі отбасыларды марапаттауда облыс әкімі әр отбасы ар мен қуаныштың, тілек пен үміттің ұясы, оның бірлігі – ел бірлігі екенін, мемлекеттік қамқорлық пен қолдау арқасында шаңырақтар беріктігі биіктей түсуін атап, осынау үлгіні көрсетушілерге бақытты тұрмыс, ынтымақ берекесін тіледі.
Сәпиевтер әулетінің кенжесі, ел мақтанышы Серік Сәпиев өзі де үлгілі отбасы тірегі. Үшінші балаға аяғы ауыр қосағы Мөлдірмен бірге қыздары Аққу мен Алуаны өсіріп келеді.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.