• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 20 Желтоқсан, 2022

Қорытынды жиын

239 рет
көрсетілді

«Amanat»-тың Партиялық бақы­лау комитетінің жиынында биыл атқарылған жұмысы қоры­тын­дыланды. Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Парламент Мәжілісіндегі «Amanat» фракциясының мүшесі Артур Платонов халықтың белсенді атсалысуының нәтижесінде өңірлік 216 сайлауалды бағдарлама талқыланып, қабылданғанын атап өтті. Онда азаматтардың 17 мыңнан аса ұсынысы ескерілген.

– «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталатын партиялық бағдарламаның басымдығы – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, есеп беретін және халық үніне құлақ асатын мемлекет құру. Бағдарламаны іске асыруға барлығы 21 трлн теңге тарту жоспарланған. Оның қаржылық және адами ресурстармен қамтамасыз етілген биік мақсаты, байыпты бағдары бар, – деді А.Платонов.

Бүгінде сайлауалды бағ­дар­ламаны іске асыру шеңберінде ел аумағында 90 мектеп пайда­лануға берілді. Сонымен қатар 259 балабақша ашылып, 180 колледжде жаңғырту жұмысы жүргізілген. Бұған қоса 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй (100 мыңға жуық бас­пана) салынып, 500 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет­тің кеңейтілген отырысында биыл 11 айда экономика өсімі 4,6%-дан 2,7%-ға дейін баяулаға­нын, ал инфляция соңғы 14 жылда бол­маған деңгейге жетіп, 19,6%-ды құрағанын мәлімдеген еді. Ел эко­но­микасындағы осындай жағымсыз жағдай партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру сапасына тікелей әсер етеді.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биыл жос­парланған 18 млн шаршы метр тұрғын үйдің жыл соңына дейін 15,1 млн шаршы метрі (137,7 мың баспана) салынады.

«Шамамен 3 млн шаршы метрді салып үлгере алмай жатырмыз. Бұған жұмыс кестесінен артта қалу, қаржы­лан­дырудың жеткіліксіздігі себеп болып отыр. Алайда ең басты кедергі – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Белгілі бір деңгейде импортқа тәуелділік болғандықтан, елге құрылыс материалдарын жеткізу кезінде қиындықтар орын алды», деді министр.

2022 жылы атқарылған жұмыс­ты қорытындылай келе, Артур Пла­тонов биыл комитет орталық және жергілікті атқарушы органдарға 200-ден аса нақты ұсыныс бергенін атап өтті. Жергілікті жер­лерде партиялық бақылау комиссияларымен бірлесіп еңбек ұжымдарымен, тұрғындармен, қоғам қайраткерлерімен және тағы бас­қалармен 600-ден аса дөң­гелек үстел, 1 100-ден аса кез­десу, сондай-ақ 5 мыңнан аса көш­пелі отырыс пен рейд өткізілген.

«Азық-түлік тауарлары, дәрілік заттар және жанар-жағармай баға­сының өзгеруіне бақылау жүргізу бойынша 216 мониторинг тобының жұмысын ерекше атап өткім келе­ді. Бұл жұмыс тұрғындардың оң ба­ғасын алды. Сондай-ақ партиялық бақылау бекетін құру жұмысы қолға алынды», деді А.Платонов.

Биыл Әдеп кодексін бұзғаны үшін 104 партия мүшесі, оның ішінде қала және аудан әкімдері, олардың орынбасарлары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың департамент және басқарма басшылары, түрлі деңгейдегі мәслихаттардың 22 депутаты жауапкершілікке тартылғанын атап өткен жөн.