• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Маусым, 2014

Мысыр халқы басшысын тапты

388 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние

Араб әлемінде ғана емес, бүкіл мұсылман әлемінде жетекші ел саналатын Египет Араб Республикасында президент сайлауы өтті. Онда бұрынғы қорғаныс министрі фельдмаршал Әбдел Фаттах Халил ас-Сиси күмәнсіз жеңіске жетті.

Жалпы, бұл елде сайлау да, дау­ысты есептеу де жайбарақаттау жүреді. 26-28 мамырдағы президент сайлауында дауыс беру үш күнге жалғасса, оны есептеу де біразға созылды. Басқа жерлерде жеңімпаздар 1-2 сағаттан кейін-ақ белгілі болып жатса, бұл елде аптадан кейін айқындалды. Фельдмаршалға халықтың 96,9 пайызы дауыс берді, оның жалғыз қарсыласы социалист Хамден Сабахи 2,9 пайыз ғана дауысқа ие болды. Бұл – сайлаудың техникалық жағы. Оның саяси мәні тіпті үлкен. Азия, Еуропа және Африканың қиысқан жерінде орналасқан, айрықша стратегиялық орны бар елдің халықаралық орны да ерекше. Үш жылдан бері сол елде тыныштық жоқ еді. Бүгінгі сай­лау соған нүкте қоюға тиіс. Мысыр халқы соған үміт етіп отыр. Елді отыз жыл билеп, біраз былыққа батқан Хосни Мүбә­рак­тың құлауы заңды болса, одан кейін демократиялық жолмен сайланған Мұхаммед Мурсидің тақтан тайдырылуы алғашында біраз жұртқа жұмбақтау көрінген. Бұрын тыйым салынған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының қолдауымен сайлауда көпшілік дауыс алған Мурсиге халық көп үміт артқан еді. Мемлекеттік аппараттағы жемқорлықты, топшылдықты, биліктегі ағайын-отбасылықты жояр, халықтың жағдайын көтерер деген. Керісінше, жағдай нашарлай түсті, экономика тұралады, радикалды исламизмге жол ашылып, елдің зайырлық сипатына шабуыл жасалды, білім беру жүйесіне, қоғамдық ұйымдарға, ақпарат құралдарына қауіп төнді. Осындай жағдайда әскери­лердің, қорғаныс министрі Әбдел Фаттах ас-Сисидің былтырғы жаз ортасында президент Мурсиді тағынан түсіріп, елде төтенше жағдай енгізгенін жалпы халық түсіністікпен қабылдады. Ислам­ис­тердің ерекше қарсылық көрсетуіне қарамай, айтарлықтай қысқа мерзімде елдегі жағдай қалыпқа түсе бастады. Мұны халық та, қоғам да бағалады. Дәл қазіргідей кезеңде елдің тағдыры үшін билік тізгіні күмәнділеу біреулерге емес, сенімді адамға берілуі керектігін жұрт түсінді. Сондай жауапкершілікті өз мойнына алу қажеттілігін фельдмаршал да түсінді десек, артық болмас. Ол халыққа алдағы екі жыл көлемінде тәртіп орнатуға, терроршыларды ауыздықтауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға уәде берді. Әсіресе, «Мұсылман бауырлар» және сол сипаттағы экстремистік ұйымдарға жол бермейтіндігі жөніндегі ойлары көпшілік қауымнан қолдау тапқаны анық. Фельдмаршал ас-Сисиге қар­сы­­лар сайлау қарсаңында да, дауыс беру кезінде де әрекетсіз қал­ған жоқ. Сайлауға қатыспаңдар де­ген насихат жүргізілді, «Аңсар Бейт әл-Макдис» дейтін террор­шы топтың шабуыл жасау жөнін­дегі қорқытулары да болды. Бі­рақ халықтың ықыласы кім­г­е бұрылғанын аңғарған  олар ай­тар­­лықтай арандатуға баруға сескенді. Қазір іс-әрекетімен, парасатты қадамдарымен көптің көңілінен шыққан фельдмаршал ас-Сиси елде үлкен беделге ие болып отыр. Мысыр халқы басшысын тапты деуіміз де содан. Монархия мен демократия үйлесе ме? Испания королі Хуан Карлостың тақтан бас тартып, өз орнын баласы ханзада Фелипеге ұсынғаны туралы газетімізде бұрын да жазғанбыз. Бұл тақырыпқа қайта оралудың бір себебі – қазір оған әлем жұртшылығы назар аударып, әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Әр ел билік түрін өздері таң­дай­ды. Билік түрі үшін халық күре­седі, өзіне қолайлы деген, жанына жақын деген түріне тоқтайды. Оған ондап, жүздеп мысал келтіруге болады. Бір жерде монархия құлап, республика орнап жатса, екінші жерде керісінше, республикадан немесе басқадай жүйеден бас тартып, монархия қайта қалпына келіп жатады. Соңғысына осы Испания айқын мысал. Корольдік биліктегі Испанияның дәуірлеген кезі болды. Жарты әлем дерлік оның ота­рына айналған. Содан кейін ХІХ ғасырдың аяғында империяның құлдыраған кезі туды. Сонда елде революцияның нәтижесінде рес­публика орнады. Одан кейін де елдің еңсесі көтерілмеген соң, монархияға қайта оралған. Бірақ оның да өмірі ұзаққа бармай, 1931 жылғы төңкерістен кейін атақты Екінші республика жарияланды. Бүкіл әлемнің назарын аударған бұл елдегі үш жылдық азамат соғысының аяғы 1939 жылғы генерал Франконың фашистік билігіне әкеліп соқтырды. 35 жыл билік құрған Франко 1947 жылы монархияны қайта орнықтырып, таққа Хуан Карлосты таңдаса да, өзі өлгенше билік тізгінін оған бере қой­ған жоқ. Сөйтіп, отыз жыл бос тұр­ған таққа қазіргі король 1975 жылы генерал өлген соң ғана отырған. Әдетте монархия мен демократияны бір-біріне қарама-қарсы ұғым санайтынымыз бар да, оларды үйлеспейтіндей көреміз. Мұның жаңсақ екенін дәлелдеген де Хуан Карлос болды. Өзі таққа отырған соң ол әскерилердің мемлекеттік төңкеріс жасап, фашистік тәр­тіпті қайта орнатқысы келген әрекет­теріне жол бермей, елде айтар­лықтай демократиялық шараларды жүзеге асырды. 1978 жылы демо­кратиялық жаңа конституция қабылданды. Өзі 1982 жылдан бастап белсенді саяси қызметтен бас тартып, ұлттық бірлік пен демо­кра­тиялық еркіндіктің кепіліне айналды. Бұл елде нақты билік парламентте. Ондағы көпшілік орынға ие болған партияның көсемі үкіметті басқарады, нақты ішкі-сыртқы сая­сатты белгілеп, оны жүзеге асырады. Ел конституциялық монархия аталғанымен, онда демократиялық еркіндікке кең жол ашылған. Корольге мемлекеттік рәсімдік қызметті атқарумен қатар, оған ұлттық дәстүрлік жауапкершілік те жүктелген. Оған елдік құрмет көрсетіледі, сондай-ақ, олардан адами тұрғыда кіршіксіз тазалық та талап етіледі. Осыдан екі жыл бұрын корольдің Африкада аң аулап, онда жамбасын сындырып алғаны, күйеу баласының жемқорлық әрекеттерге араласы болғаны біраз жұрттың наразылығын тудырғаны да белгілі. Осының бәрі Хуан Карлостың тақтан бас тартуы кезінде еске алынып отыр. Халықтың бір парасы шеруге шығып, монарх тақтан бас тартса, неге республикаға айналмаймыз деген талаптарын айтты. Мұндай шерулер ел астанасы Мадридте, сондай-ақ, Барселона қаласында, тіпті, шетелдерде де өтті. Бірақ оларда шектен шыққандай сипат болмады. Жалпы, монархия туралы айт­қанда, бұл күнде оны еш­­­кім де диктатурамен шатас­ты­ра бер­мейді. Көп жерде ол ха­лық­тық-ұлттық дәстүрге ұш­та­сып жа­тады. Жапонияны, Ұлы­бри­та­ния­­ны, Нидерландты, Бель­гияны еш­кім де диктатураға қос­пайды, қай­та демократияның бесі­гі санай­ды. Керісінше, көп жерлерде де­мо­кратиялық жолмен сай­лан­ған­дардың диктатурасынан жан түршігеді. Бәрін де нақты іс-әрекеттерімен бағалайсың. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».