• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Маусым, 2014

Баланың тағдыры кімге ойыншық?!

351 рет
көрсетілді

Былтырдан бері түлектер Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын кезде мем­­ле­кеттік комиссияның мүшесіміз. Талай қызықтың куәсіміз-дүр. Жылаған-сық­таған, қуанған-шаттанған сәттерді көр­дік. Жас баланы емтиханға кіргізер алдын­да шешіндіріп тексергенді де «тама­шаладық». Мұның бәрі бүгінде қалыпты жағдай. Оқушылардың өздерінен де бар. Қолындағы телефонына емес, басындағы біліміне сеніп кірсе, еш бәле де жоқ. Бірақ, олай ететін түлек кем. Түрлі техниканы арқалап кіруге дайын. Онысы кіреберісте қалады. Аудиторияға өткеннің өзінде бақылаушы мен камераның көзінен тыс қалмайды. Пайдаланып үлгермейді. Соны біле тұра, ішке телефон мен рация кіргізуге құмар. Бірақ, айтпағымыз бұл емес. Астанадан Қызылордаға келетін бақылаушыларға қатаң тапсырма беріле­тінін ішіміз сезетін еді. Қабақтары­нан қар жауған бақылаушылар баланың зәре-құтын қашырып, онсыз да жылаудың сәл-ақ алдында тұрған түлекті шошытып тынатын. Биыл да сондай болды. ҰБТ-ның үшінші күнінде оқушыларды аудиторияға кіргізу үшін төрт сағат тексеру болды. Таңғы сағат 7:30-да келген балалардың алды түскі 11:30 кезінде тест тапсыру залына кірді. Мұның бәрі баланың психологиясына кері әсер ететіні белгілі. Оны қойшы, тестің жауаптары белгілі болып жатқан. Жалпы, қорытынды 73,1 баллды құрады деген ақпарат алдық. Осы сәтте Астанадан келген бақылаушылардың басшысы қуанғанынан «уралап» қоя берді. Жан-жаққа телефон шалып, қуанышымен бөлісіп жатыр. Ақырын ғана себебін сұрадық. Сөйтсек, әлгі апай: «Егер биылғы көрсеткіш былтырғыдан едәуір өсіп кетсе, менің басым кетер еді. Биылғы былтырғымен бірдей» деп күліп қарап тұр. Бұған не дейсің?! Жарайды, тест кезінде пайдалануға болмайтын құралдарды сыпырып алсын. Балаларды қатаң тексерсін. Олар білімдеріне ғана жүгінсін. Онысына еш қарсылық жоқ. Ал енді «былтырғы көрсеткіштен аспауы керек» деген не тапсырма? Сонда Қызылорданың балаларының бәрі білімсіз бе? Өткен жылғы түлектердің білім деңгейі төмен болғанмен, биылғысы білімді шығар. Сонда не болмақ? Неге көпе-көрінеу балаларға қиянат жасалады? Мұндай тапсырманы кім берді? Осындай сұрақ көп. Бірақ жауабы жоқ. «Ала қойды бөле қырқуға болмайды». Емтихан – баланың тағдыры. Осы әрекеттері арқылы Астанада отырған ақ жағалы ағайындар жастардың тамырына балта шабатынын біле ме? Онсыз да әзілкеш Тұрсынбек Қабатов айтпақшы, ҰБТ-ыңыз «ұлттық бір күндік төңкеріс» сипатында өтеді. Даурығып, дүрлігіп бір басыламыз. Мәселені қиындата бергеннен не табамыз, айтыңыздаршы?! Қайбір жылғы Жаңақорған ауданында орын алған жағдай бүкіл облысқа кері әсерін тигізіп тұрғанын шамалаймыз. Дегенмен, сотталған адамның өзі ақталып жатады ғой. Бір кездегі қателік өмір бойы аймақтың маңдайына шіркеу болып тұра бере ме?! Осыны ойладыңыздар ма? Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.