Мақтаарал полицейлері ер адамнан есірткі салынған 5 сіріңке қорабын тәркіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мақтаарал ауданының полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларын сақтау, қадағалау, қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Осындай кезекті шара барысында полиция қызметкері Е.Жылқыбаев кешкі уақытта көлігінің ішінде күмәнді зат қолданып отырған жүргізушіні байқап, оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақыртты.
Осылайша көліктің құжаттарын тексеріп, жауап алып, тінту жүргізу барысында тұрғыннан 5 дана сіріңке қорабына салынған есірткіге ұқсас зат табылды.
Аталған жайтқа байланысты ер адамнан алынған зат арнайы сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған зат жалпы салмағы 20 грамға жуық кептірілген марихуана екендігі белгілі болды. Полицейлер есірткіні тұрғынның қайдан алғанын анықтау мақсатында жұмыстар атқарып жатыр.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 296-бабымен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) тіркеуге алынып, қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.