2022 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша елімізде ең танымал мобильді телефон атағын Samsung смартфоны жеңіп алған. Statcounter GlobalStats дерегіне қарағанда, оның нарықтағы үлесі 35,6 пайызды құрайды. Басты бәсекелес – Apple үлесі 21,1-ден 24,1 пайызға өскен. Үштікті түйіндейтін қытайлық Xiaomi брендінің үлесі 15,9-дан 19,4 пайызға өскен.
Қазақстандықтар арасында Xiaomi-дан бөлек тағы бірнеше қытайлық смартфон ерекше танымалдылыққа ие. Бұлар – Oppo (9,4 пайыз), Huawei (4,6 пайыз), Vivo (3,9 пайыз), Realme (1 пайыз) және OnePlus (0,4 пайыз). Кезінде ерекше атаққа ие болған LG өнімдері небәрі 0,2 пайыздық межені бағындыра алған.
2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1 мың адамға 767 мобильді телефоннан келеді. Салыстырар болсақ, 2012 жылы 1000 адамға 579 телефоннан келген екен. Ұялы байланыстың маңызды артықшылығы – қалалық және ауылдық тұрғындар арасындағы шекараны бұзып, ақпаратқа, қызметтерге, соның ішінде мемлекеттік қызметтерге тең қолжеткізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 2021 жылы қалалық жерлерде 1000 адамға шаққанда 795 ұялы телефон, ауылдық жерлерде 726 телефон болған.
Цифрлық теңдікке қолжеткізуде мобильді интернеттің қолжетімділігі мен қамту деңгейі маңызды рөл атқарады. Қазақстанның жер көлемі өте үлкен болғандықтан оның әрбір түкпірін интернетпен қамту да оңайға соқпайды. International telecommunication Union мәліметтері бойынша, 2020 жылы халықты мобильді интернетпен қамту 98 пайызды құраса, соның 81 пайызы – 4G желісіне тиесілі. 2014 жылы 4G мобильді интернетпен халықты қамту 43 пайызды құраған.
Былтырдан бері 5G тақырыбы жиі сөз бола бастады. Цифрлық даму министрі 5G шымылдығын Түркістанда ашып, енді Астана, Алматы, Шымкент бұл игілікке жыл соңына дейін қол жеткізеді деген еді. 2023-2025 жылдары облыс орталықтарын аталған мобильді интернет жүйесіне қосу жоспарланған. Сарапшылардың айтуынша, 5G келген соң оған смартфон да сай болуға тиіс. 5G жүйесін көтере алатын қытайлық смартфондардың бағасы 100 мың теңгеден басталса, Samsung пен Apple өнімдері 250 мың теңгеден жоғары саудаланады. Флагмандық модельдер тіпті қымбат.
Beeline Kazakhstan дерегіне сүйенер болсақ, бұл компания абоненттерінің небәрі 6 пайызында 5G-ға сай келетін смартфон бар. Бренд бөлінісінде, 5G-ды қолдай алатын телефондардың 57 пайызы – Apple, 22 пайызы – Samsung флагмандық модельдеріне, 10 пайызы – Xiaomi-ға, 11 пайызы өзге брендтерге тиесілі екен. Тағы бір маңызды жайт, тұтынушылар телефон сатып алар кезде негізінен смартфонның қуат күшіне, жадының көлеміне, камера сапасына, пайдалану қарапайымдылығына, қуатты әрі жедел процессорына, дисплей көлеміне және бренд атауына мән береді. Енді біртіндеп смартфонның 5G-ға сай немесе сай еместігі де басты критерийлердің біріне айналары сөзсіз. Егер мемлекет ел аумағын 5G жүйесімен лайықты деңгейде жабдықтай алса, әрине.
Еске салайық, 5G желісі әлемде 2019 жылы іске қосылды. Қазір мобильді байланыстың бесінші буынын 83 елде 209 оператор ұсынып отыр. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, 5G-ға өту бізді басқа деңгейге шығарады.
«4G пайда болған кезде Инстаграмда Reels-тің, TikTok боларын ешкім түсінген жоқ. Бұл цифрлық әлемнің жаңа кезеңі болады деп ешкім күте қоймап еді. Енді біз метаәлем кезеңіне өтеміз. Қазақстан жаһандық тенденциялардан кешігіп қалмауға тиіс», деді министр.
5G мәселесіне орай ведомство Қазақстанда аталған стандартты енгізу үшін байланыс операторлары арасында жиілікті үлестірудің электронды саудасын ұйымдастырды. Министрлік 2 лот ойнатып отыр. Әрбірінің құны – 1 млрд 761 млн 225 мың теңге. Жеңімпаз болған компания алғашқы жыл ішінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 5G желісінің 391 базалық стансасын орнатуға тиіс. Одан кейінгі төрт жылда облыс орталықтарында 784 базалық станса салуға міндетті. Екі аукцион өткізілетінін ескерсек, алдағы бес жылда елімізде 3600-3800 МГц радиожиілік диапазонында 7 054 базалық станса салынуы керек.