Алғаш рет Қазақстанда, «Астана Опера» өнер ордасының киелі сахнасында әлемге әйгілі La Scala итальян театры өнер көрсетеді. Атышулы Милан театры Рудольф Нуриевтың редакциялауымен Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балет спектаклін сахналайды. Отандастарымыз итальян шеберлері сомдаған мұңлы сері Дох Кихоттың бейнесін астана сахнасынан 2014 жылы 30 маусым мен 4 шілде аралығында тамашалай алады.
Тағдыры қиял мен сағымға толы испан Дон Кихот өз өмірін ой-санасында ғажап еткенімен, шындыққа бетпе-бет келгенде бәрінің бекер екенін біледі. Балет толығымен Дон Кихот пен қолшоқпары Санчо Панстың басынан кешкен оқиғаларына құрылған. Онда махаббат тарихына сәйкес жас бойжеткен Китри мен шаштараз Базиль қуғын-сүргін мен өтірікке қарамастан өз армандарын жүзеге асыруға бекінеді. Дон Кихот жел диірменімен айқасып, түсінде дуаланған бақта Дульсинямен шыр айнала би билейді.
Балеттің әр қимылынан ескен алаңсыз көңіл-күй испан фольклорының қанық әуендері, сыған биі мен Дриал патшалығының ғажап әлемі классикалық комедия сахналануынан сыр береді.
Аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл Дон Кихоттың мінезі би техникасымен шебер өрілуі қажет. Әсіресе махаббат салтанатын суреттейтін қорытынды гран па-де-де шеберлікті талап етеді.
Испан ұлттық нақышында берілетін картиналар сахналанатын әсерлі декорацияны Рафаель дель Савио, костюмдерді Анна Анни дайындады. Спектакльдің аранжировкасы мен бейімделуіне Джон Ланчбери еңбектенді. Атышулы итальян әртістері «Астана Опера» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен билейтін болады.
«Астана Опера» театры директоры Төлеген Мұхамеджанов La Scala театры басшылығымен ынтымақтастық турасында былай деді: «Әрине біз биіктерге ұмтыламыз. Біздің театдың әлемдегі үздіктердің санатында болғанын қалаймыз. La Scala театрының өкілдерімен көзбе-көз кездесуімде олар біздің анамыз сияқты болу керек деп образды түрде айттым, яғни тәрбиелеп баулыған анамыз сияқты бізді жарқын болашаққа бірге жетелесе деген ой».
Данияр Алан.