АСТАНА. 6 маусым. Түркітілдес мемлекеттердің интеграциялық үдерісі Еуразиялық экономикалық одақтың мүддесіне қайшы емес. Түркітілдес елдер ынтымақтастығы 4-саммитінің соңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Мемлекет басшысының айтуынша, түркітілдес мемлекеттердің интеграциялық үдерістерін дамыту қажет. Ол Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ мүддесіне еш қайшы келмейді. Өйткені, Еуразиялық экономикалық одақ саяси реңкі жоқ экономикалық өзара байланыс.
Сонымен қатар Президент Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымының көлемі 4 млрд. долларға жеткеніне, бұл көрсеткішті ұлғайта түсуге мүмкіндік көп екеніне назар аударды. Сондай-ақ, ол келесі жылы елімізге Грузия арқылы Түркияға шығуға мүмкіндік беретін темір жол құрылысының аяқталатындығын, Ұлы Жібек жолының қайта жаңғыруы және көлік инфрақұрылымының құрылуы нәтижесінде Түркияның Қазақстан арқылы Қытайға шығуға мүмкіндік алғанын жеткізді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: Elarna.com.