• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Медицина 22 Желтоқсан, 2022

Тамырлы патологиясы бар 86 бала тегін ем алып жатыр

307 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда гемангиомасы бар 86 бала тегін дәрі-дәрмек пен лазерлік ем алуда. Бұл емдеу әдісі ісікпен хирургиялық араласусыз күресуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан халқына қорына сілтеме жасап.

Тамырлы патологиясы бар балалар санының өсуіне байланысты емдеу ісін жүргізу Қазақстанда да, бүкіл әлемде де өзекті. Осыған байланысты, Қазақстан халқына қоры қан тамырлы патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету бойынша қайырымдылық бағдарламасын іске асырып жатыр. Тиісті емдеу қажетті жабдықтар мен осы саладағы білікті мамандарға байланысты.

Бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан гемангиома диагнозы қойылған 18 жасқа дейінгі балаларға (мүгедек балалар; көп балалы, аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан балалар; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар; ата-аналарының бірінде мүгедектігі бар балалар) дәрі-дәрмек беріліп, лазерлік емдеу қолданылуда. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 20,4 млн теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта ем қабылдап жатқан 4 жасар Жәнібек Шымкент қаласында тұрады. Ол анасымен бірге қазан айының соңында қорға жүгінген. Ал жақында клиникаға қаралуға шақырылды.

«Аяғы мен табан жағында пайда болғанында, оны гематома деп ойладық. Өздігінен кетіп қалады дедік. Баланың өсуіне қарай ісік көлемі де ұлғайды. Мұнда келмес бұрын Мәскеуге емделуге екі рет бардық. Өзгеріс бар, бірақ әлі де емделу керек. Жәнібек – батыр жігіт, қаншама ем алдық, бәрінен жақсы өтіп келеді», дейді Жәнібектің анасы Маржан.

Ал астаналық 3 жасар Сәбина осымен үшінші рет ем алып жатыр. Бірнеше процедурадан кейін оң өзгерістер байқалуда. 

«Қызым гемангиомамен дүниеге келді. Жергілікті мамандар алты ай күте тұрыңыз, осы уақыт ішінде ісік ұлғаюы мүмкін немесе кетіп қалуы мүмкін деді. Бірақ, өсіп отырды. Сондықтан біз «Қазақстан халқына» қорына жүгініп, көмек алудамыз. Осымен үшінші айда емделіп жатырмыз. Егер бұрын аяғында үлкен қызыл дақ болса, лазерден кейін ақшылдана түсті. Нәтижесі бар», деді Сәбинаның анасы Гүлзат.

Айта кетсек, қабылдау мен емдеу шаралары қордың серіктесі – А.Қарабеков атындағы ҚҚ әлеуметтік медициналық орталығында жүргізіледі. Орталық директоры және педиатр Роза Қарабекованың айтуынша, клиникаға келген науқастардың 80%-ында гемангиома кездеседі. Қатерсіз ісік болғанымен, жылдам өсу кезінде және күту тактикасы қолданылған жағдайда ауыр косметикалық дерттің дамуына әкелуі мүмкін. 

«Бүгінде елімізде осы патологияны емдеумен мақсатты түрде айналысатын бейінді мамандар аз. Өкінішке қарай, күту тактикасы бар, оның салдары қиын жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар заманауи лазерлік жабдықтың тапшылығын көріп отырмыз. Әрі дертті емдеудің бірыңғай тәсілі жоқ. Сондықтан әр жағдай жеке қаралады, емдеу уақыты 6 айдан 8 айға дейін созылады. Клиникамызда аралас әдісті қолданамыз. Бірінші кезеңде медициналық емдеу блокатор препаратын, атап айтқанда, кардиологтардың қатаң бақылауымен атенололды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Екінші кезеңде кезең-кезеңмен лазерлік өңдеуді қолданамыз», деп түсіндірді Роза Қарабекова.