АСТАНА. 6 мамыр. Қазақстандық дипломат Мәдина Жарбосынова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адам саудасына қарсы арнайы өкілі болып бекітілді. Бұл туралы «Қазақстан жаңалықтары» хабарлады.
Осы тағайындау жөнінде Сыртқы істер министрлігіне Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Ламберто Занньерден арнайы хат келген.
Мәдина Жарбосынова – кәсіби дипломат, 1998-1999 жылдары вице-министр қызметінде болды. Кейін төрт жыл бойы БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі және еліміздің Кубадағы елшісі ретінде жұмыс істеді. Қазақстанға оралғаннан кейін, ол Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар бойынша елшісі қызметіне тағайындалып, адам құқықтары мен адами өлшемдер мәселелерімен айналысқан. Ал 2012 жылдың мамырында Украинадағы ЕҚЫҰ жобаларының үйлестірушісі әрі осы елдегі аталған ұйым миссиясының басшысы болып тағайындалды.
Мәдина Жарбосынованың аталған қызметке бекітілуіне еліміздің ЕҚЫҰ құрылымында жоғары деңгейде өкілдік етуі және Қазақстанның ұйымға 2010 жылғы төрағалығының жемісті қорытындысы ықпалын тигізіп отыр.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «Қазақстан жаңалықтары».
Фото: elarna.com.