Астанадағы «Алау» мұз сарайында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін турнирге әр түрлі жастағы командалар қатысады. Спортшылар спорт шеберіне үміткер және спорт шебері, сол сияқты бірінші разрядты бағдарламалары бойынша жарысады.
«Чемпионат жыл сайын жаңа жыл қарсаңында өткізіледі. Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарынан 75-ке жуық спортшы қатысады. Өз аймағының намысын қорғау үшін ең үздік 16 спортшы ғана марапатталады. Балалар жарысты өз көзімен көріп, сезінеді. Спортшыларға ғана емес, барлық қазақстандықтарға келесі жылдың бұрынғыдан да жақсырақ болуын тілейміз», деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева.
Айта кетсек, биылғы турнирге 2022 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров қатысады, оның арсеналында ең күрделі төрт секіру бар, жасөспірімдер арасындағы Гран-при қола медалінің иегері Рахат Бралин, сондай-ақ халықаралық турнирлердің жүлдегерлері Анна Левковец, Диас Жиренбаев, София Фарафонова, Карина Исакова, Олег Мельников, Артур Смағұлов және басқа да спортшылар қатысады.
Чемпионаттың басты мақсаттарының бірі – 2023-2024 жылдарға арналған штаттық құрама команданы қалыптастыру.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, қазақстандық мәнерлеп сырғанау тарихында алғаш рет төрешілер алқасы халықаралық санаттағы шетелдік судьялардан құралатын болады, бұл Қазақстан Республикасының чемпионатын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.
Жарыс 24 желтоқсанға дейін жалғасады.