• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2010

ЕЛБАСЫ ЕСКЕРТКІШІ АНКАРАДА АСҚАҚТАЙДЫ

681 рет
көрсетілді

Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл: ЗОР РИЗАШЫЛЫҒЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІСІ Түркия Президенті Абдулла Гүл “КАDЕХ-2010” қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктердің халықаралық көрмесіне қатысқаннан кейін “Нұр-Орда” халықаралық қазақ-түрік лицейінде болды. – Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевқа күллі түркі әле­мі үшін жасап келе жатқан еңбегіне зор ризашылығымды білдіремін, біз құрметті Нұрсұлтан Назарбаевқа Ан­карада ескерткіш орнату ние­тін­деміз, – деді А.Гүл оқу орнының ұжымы алдында сөйлеген сөзінде. ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ Намық Кемал ЗЕЙБЕК, мемлекет және қоғам қайраткері. Күллі түркі дүниесі Түркістан десе елеңдеп-ақ тұрады. Оған Түрік Республикасы Мәдениет министрі, Мемлекет министрі болып қызмет атқарған жылдары аталған универ­си­тетке түрлі түркі ұлт-ұлыстары балаларын жинақтау сапарында да Байкалдан Балқанға дейін іссапар­да жүріп өткенде бұған анық көзім жеткен. Міне, көрмейсіздер ме, жуыр­­да Қ.А.Ясауи бабамыздың атын­дағы оқу орнында бауырлас екі елдің президенттері – Н.Ә.На­зар­баев пен Абдулла Гүл бас ғи­ма­раттың және аурухананың тұсауын кесті. Енді құрылысы басталып жатқан оқу ғимараты, кітапхана, жат­ақхананың іргетасын қалады. Түркиядан бірге келген әріп­тес­терім­нің шын жүректен қуанғанын көріп мына мен – түркістандық На­мық Кемал Зейбек жүрегім жа­рыла қуанайын бір! Өзім бірсыпыра жыл басқарған оқу орны үшін – бір, Түркістан үшін екі қуандым. Университеттің Құрметті про­фес­соры қатарына қабылданған сә­тінде Мәдениет сарайында Абдулла Гүл тебіреністі сөз сөйлей келе, “Нұрсұлтан Назарбаев – түркі текті мемлекеттердің көшбасшысы! Мен бұл бағалау пікірімді Н.Ә.На­зарбаев Түркияда ресми сапарда болған кезінде де айтқанмын, бүгін де қайталап айтамын!” – деді де би­лік символы асатаяқ сыйлады. Бұл – Қазақстан Республикасы Пре­зидентіне берілген тарихи баға болатын. Расында, Түркияда қазіргі әлемдік саясаттан хабары бар ізгі көңілді адамның бәрі де Нұрсұлтан ағамызға ерекше ықыласты. 2007 жылы Н.Ә.Назарбаев Түркияда са­пард­а болған кезінде “Радикал” (2.10.2007 ж.) газеті бетінде “Біздің де Жұмһурбашканымыз” деген мақала жаздым. Демек, Н.Ә.На­зар­баев – біздің де Елбасымыз деген сөз. Сол ықыластылықты біздің Президентіміз Абдулла Гүл “Түркі мемлекеттерінің көшбасшысы” деп үдетіп алып кетіп отыр. Түркия Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы, оның ішінде күллі түркі дүниесіндегі тарихи қызметін өте дәл бағалап айтып отыр деп білемін. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қамқорлығы мен іскерлік қайрат­кер­лігі арқасында Астанада Мұста­фа Кемал Ататүрікке тамаша ес­керт­кіш орнатылды. Мен түрік аза­маты райында қуандым. Сол сәт­тер­ден бастап Н.Ә.Назарбаевқа Түркияда бір ескерткіш қойылса деген ойда болдым. Өйткені, ол Ататүрік аманатын алғы күнге алып барушы, түркі дүниесінде соны жүзеге асырушы көшбасшы болып отыр ғой. Астанада Түркия Пре­зи­денті Абдулла Гүл Н.Ә.Назарбаевқа Анкара қаласында тамаша ескерт­кіш орнатылатынын айтқанда, мен арманым жүзеге асатынына қуан­дым. Қазақта бір өлең бар екен: “Бір саусақ тіпті де, Іле алмас жіпті де!” – деп келетін. Бір Түрік мем­ле­кеті бір ғана саусақ, ал 10 түркі мемлекеті ынтымақта болса, алмас асуы, бағындырмас биігі болмас еді ғой. Осындай ізгі арман Ататүрікте болған. Осындай ізгі ойды жүзеге асыруда Нұрсұлтан Назарбаев жолбасшылық жасап отыр. Олай болса Нұрсұлтан Назарбаев – түркі мемлекеттерінің көшбасшысы. Көшбасшыға Анкарада тамаша ескерткіш орнатылса – орынды-ақ. ЕЛБАСЫ МЕРЕЙІ – ЕЛ МЕРЕЙІ Оңайбай КӨШЕКОВ, Атырау облысының құрметті азаматы. Қазақ пен түрік – түбі бір туыс­қан халық. Түрік мемлекеті қа­зақты жатсынбады. Тәуелсіздік ал­ған сәтімізде қазақты бауыр тұтып, Қазақ елінің дербестігін бірінші болып таныды. Алдымен Түркия құттықтады. Тәуелсіз Қазақ елімен іскерлік, экономикалық байланыс орнатуды да алдымен Түркия елі бастап еді. Түркияның бұрынғы пре­зиденттері Тұрғыт Өзал, Сүлей­мен Демирел қалыптастырған осы бір туысқандық, бауырмалдық бай­ланыстың келісті көрінісі енді міне, Түркияның Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстанға ресми сапары кезінде жаңа қырынан көрінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Түркиямен туысқандық қарым-қаты­настың орнығуына мүдделілік танытып келеді. Қазақ халқы да түрікті кеудесінен кері итермеді. Түрік бауырларымызға елімізден жұмыс беріп отырмыз. Мұнай-газ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында жұмыс істейтін түрік бауырларымыз көп. Осы арқылы бастапқыда Түркия Қазақстанға, ал енді ұлттық экономикамыз өр­кен­деген тұста Қазақстан Түркия эко­номикасына қомақты инвес­ти­ция сала бастады. Рухани, мәдени әріптестік те айрықша қарқынмен дами түсуде. Түркияның ұлттық көшбасшысы Ататүріктің келбетті ескерткіші Астанада бой көтерді. Бұл – қазақтың түріктің ұлттық көшбасшысына құрметі. Түркия Президенті Абдулла Гүл бауырымыз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан­ды экономикасы қуатты, әлеу­ет­ті мемлекет ретінде әлем елде­ріне, әлем экономикасына кіріктіру идеясын қолдап, саясаткерлігіне әр кез тәнті болатынын жасырған жоқ. Өткен жылы Нұрсұлтан На­зар­баевты түркі елдерін бірік­тірудегі қажырлы еңбегін бағалап, түркі әлемінің көшбасшысы деген атаққа лайық деп таныған еді. Сол ұсынысын күні кеше ер түріктің алтын бесігі – киелі Түркістанға сапары кезінде және бір рет қай­та­лап, айғағы ретінде айшықты аса­таяқ ұсынды. Енді Анкара қала­сында Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың ескерткіші ашылатындығын жария етті. Бұл – түрік халқының қазақ­тың бірегей тұлғасы, Тұңғыш Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа құрметі. Елбасымызға көрсетілген құрмет – Қазақ еліне құрмет. Елба­сымыздың мерейі – еліміздің мерейі. Елбасымыздың асқақ абы­ройы – еліміздің абыройы. Ер тү­рік­тің балалары міне, бір-бірін осы­лай қолтықтан демеп, бір-біріне лайықты құрмет көрсетіп, бір-бірінің мерейін тасытты. Бұл – Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назар­баев­тың әлем таныған саясаткер екендігінің тағы бір бұлтартпас дәлелі. КӨҢІЛІМІЗГЕ ҚУАНЫШ ҰЯЛАТТЫ Үнал ӨЗТҮРІК, “KATEV” халықаралық қоғамдық қорының президенті. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері екі туыстас ел арасын­дағы мәдени, тарихи және эко­но­ми­ка, білім саласындағы күннен-күнге дамып келе жатқан тығыз бай­ланыс осы сөзіміздің айқын дә­лелі болса керек. Күні кеше ғана сапармен Түр­кия­ның Президенті Қазақстанға келгенінен барша жұртшылық хабардар. Сапар барысында Абдулла Гүл мырза өз ұлтының жарқын болашағына өлшеусіз еңбек сіңірген түрік халқының сүйікті перзенті Ататүріктің Астана қаласындағы ескерткішіне тағзым етті. Сондай-ақ Астана қала­сын­дағы “Нұр Орда” қазақ-түрік ли­цей-мектебіне атбасын тіреді. Соң­ғы үлгіде салынып, озық техноло­гиялармен қамтамасыз етілген мектеп қызметіне дән риза болды. Түркия басшысы Астана қала­сында Ататүрікке арнап ескерткіш орнатылуы – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің сарабдал саясаты екендігін атап өтті. Мұндай өткенімізге көрсетілген құрмет екі туыс халықтың арасындағы байла­нысты одан әрі дамыта түсуіне себеп болатынына сенім білдірді. Абдулла Гүл мырза Түркияның астанасы Анкара қаласында Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ескерткіш орна­тылатынын айтты. Бұл біздің көңілімізге қуаныш ұялатты.