• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2014

«Жаңа заманғы медициналық аппараттармен жұмыс істеу үшін дәрігерлеріміз ағылшын тілін үйренуі керек»

1806 рет
көрсетілді

– дейді Павлодар облыстық диагностикалық орталығының бас дәрігері Рунар Төлегенов – Рунар Мүбәракұлы, облыс орталығындағы өзіңіз бас­қа­ратын диагностикалық орта­лықтың бүгінгі күннің талаптарына сай қызмет жасайтынын естіп, көріп-біліп жүрміз. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер? – Біздің диагностикалық ор­та­лық Үкіметтің қолдауымен 2002 жылы ашылды. Орталықтың ашылуына Елбасының өзі келіп қатысуы дәрігерлердің, яғни біздердің жаңа қызметімізге серпін, жігер бергені рас. Сол жылы орталық қолда бар қарапайым емдеу құрылғы жүйелерімен қамтамасыз етілді. Елбасы Н.Назарбаев диагностикалық орталыққа екінші рет 2005 жылы келді. Орталықты аралап көрді. Ал, 2007 жылы диагностикалық орталықтың мәртебесін халықаралық деңгейге жеткізу мақсатында сапалы менедж­мент жүйесі енгізілді. Об­лыстық диагностикалық орта­лық медициналық сапаның халық­аралық стандарты «ISO 9001: 2000», «Healtmark» сертификатына ие болды. Қазіргі кезде еліміздің облыс орталықтарындағы әрбір диагностикалық орталық ең жо­ғары технологиялық құрал-жаб­дықтармен жабдықталуда. Мысалы, біздің орталықта Гер­мания, Жапония, Франция, АҚШ-та жасалынған автоматтық анализаторлар, ультрадыбыстық аппараттар, цифрлы рентген және эндоскопиялық құрал-жаб­дықтар бар. Былтыр ғана Фран­цияда жасалынған бауыр­ды тексеруге арналған «Фиб­роскан» аппаратын алдырдық. Жаңашылдық – заман талабы. Ха­лық денсаулығын сақтаудың маңыздылығы, бүгінгі күннің медицина жетістіктерінен қал­мау, оны өмірде қолдану жайын­да, денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту аясында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізу, аурулар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету жыл сайынғы Елбасы Жолдауларында айтылып келеді. Бұл әрбір дәрігер білуі керек және орындауы тиіс міндет. – Жаңашылдық – заман та­лабы деп қалдыңыз. Орта­­лық­­­тағы шетелдік құрыл­ғы­лар­дың бос тұрып қалғаны жоқ па? – Жоқ. Өйткені, заманауи ме­дициналық технологиялармен жұмыс жасайтын мамандар бізде бар. Кейбір жерлерде жа­ңа құралдардың қаңтарылып тұра­тыны жазылып та, айтылып та жүр. Жалпы, қандай ауру­ха­на, диагностикалық орта­лық бол­са да жаңа құрал-жаб­дық­тар­ды әкелерде алдымен сол құ­­рылғылармен жұмыс істей алатын мамандарды шетелдік ма­мандардың қатысуымен бір­лесіп дайындап, оқытып алулары қажет қой. Біздің орталықтың дәрігерлері үшін Астанадан келетін мамандар шеберлік сыныптарын өткізеді. Ара-арасында мамандарымыз Ресейдің Барнаул, Санкт-Петербург, Мәскеу, Омбы қалаларына барып, біліктіліктерін жетілдіріп қайтады. Орталық жыл сайын жас мамандармен толығып отырады. Биыл бір жас маман келді. Қазір оны эндокринология мамандығы бойынша дайындап, мамандығына сай шетелдік құрал-жабдықтармен қалай жұмыс жасау керектігіне үйретіп жатырмыз. Сонымен қатар, соңғы кездерде «Элексис 1010» анализаторы және «Дженерал Электрик» фирмасының магниттік-резонанстық томографы жұмыс жасауда. Орталықта 9 бөлімше, оның ішінде сәулемен және ультрадыбыспен диагностикалау, функциональдық зерттеу, клиника-диагностикалық зертхана жұмыс жасайды.  –Магниттік-резонанстық томограф жайлы айтып берсеңіз. –Томограф жоғары деңгейдегі диагностика үшін мәліметтер алуға мүмкіндік беретін медициналық технология. Ал, «Дженерал Электрик» фирмасының мамандары жұмыс орнында бөлім мамандарын аппаратпен жұмыс істеуге үйретіп, зерттеудің негізгі бағдарламаларын игеруге көмектесті. Томографта осы уақытқа дейін миға, омыртқаға, жүрек пен қан тамырларына және бүйрекке 4357 зерттеу жұмыстары жүргізілді. Олар тегін медициналық көмектің кепілдікті ауқымы аясында жасалады. Орталықтың барлық технологиялық жүйелері бір желіге қосылған, диагностика нәтижесі магнитті тасымалдаушыларда сақтаулы. Сондықтан, мамандар аудандық ауруханалармен мәжіліс-байланыстарын орнатып, сырқаттарды бейнеэкрандар арқылы бақылап, консультациялар бере алады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының талабына сәйкес, облыс орталығындағы ауруханалар, емханалардың зертханаларын және емханалардың эндоскопия болімшелерін орталықтандыру жұмысы жүргізілген болатын. Қазір жалпы, клиникалық, биохимиялық зерттеу және эндоскопиялық көмек көрсететін кешен біздің диагностикалық орталықта бір жерде орталықтандырылып жұмыс жасауда. Біздің диагностикалық орталықтың Ресейдегі «Диагностикалық медициналық қауымдастықтың» мүшесі. Сондықтан байланысымыз да жақсы. –Облыс тұрғындарының көпшілігінің орталыққа келетіні байқалады. Орталықты облыстағы №1 емдеу орны көреді екен. Дұрыс ілтипат, жылы көзқарастан ба?.. -Адам баласы туғаннан бастап айналасынан жылылық мейірім іздейді ғой. Ауру адам да солай. Қандай жаңа технология, жарқыраған аурухана, емхана болғанымен ең алдымен керегі – дәрігердің жылы сөзі, науқасты қарсы алуы, оны дәрігер ретінде түсінуі ғой. Дәрігерді сол үшін де ақ халатты абзал жан, адам жанының арашашысы дейді. Біздің ұжымдағы қызмет жасап жүрген барлық дәрігерлер, қызметкерлер осы талап үдесіне сай. Негізінен, орталықта ересектерге консультативтік көмек көрсету бөлімі,  ардагерлер мен ауған соғысына қатысушылар және Чернобыль апатының зиянын көрген адамдарды емдеуге арналған емхана және стационар бөлімшесі, күндізгі стационар және балалар бөлімшелері бар. Былтыр ересектерге консультативтік  көмек көрсету бөлімінде  32000 адам, ардагерлерге арналған стационар бөлімінде 1200, балалар бөлімшесінде 12000 жуық балалар емделіп шықты. Диагностикалық орталық консультативтік және ауруды зерттеу диагностикалық жұмыстарын жүргізеді. Орталықта бұған дейін жолдамамен келген тұрғындарға медициналық көмек тегін көрсетіліп келді. Енді, 2014 жылдың бірінші қаңтарынан бастап олар үшін сол тұрғындар тіркелген емханалар төлем төлейтін болды. Жолдамасыз, өз еріктерімен келген тұрғындар, әрине, ақысын төлеп емделеді. Кезінде Гиппократ айтқан ғой: «Тегін емдеме, тегін емдесе дәрігердің, тегін емделсе науқастың қадірі кетеді...» деп. Әрине, қазіргі кезде тегін ем жоқ,  емнің ақысын не емхана, не тұрғынның өзі төлейді, бірақ, біз емнің ақысына қарамай, науқастарға жоғары сапалы көмек көрсетіп келеміз. –Ал, ауылдарға барып тұрасыздар ма? –Әрине. Орталыққа ауылдықтар негізінен жолдамамен келеді. Ауылдықтарға медициналық көмек тегін. Біздің диагностикалық орталық облыстық денсаулық сақтау департаментінің арнайы бұйрығымен Ақтоғай ауданының орталық ауруханасының жетекшісі саналады. Яғни, осы ауруханаға біз де қолдау жасап, үнемі назарда ұстаймыз. Сондықтан ауданның дәрігерлерімен тығыз байланыстамыз. Аудандық ауруханада әдістемелік, ұйымдастырушылық және кеңес беру  жұмыстарын жүргіземіз. Ал, жалпы жылына 5-6 рет іссапарға шығып, ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеміз. Ақтоғай ауданынан басқа аудандардың ауылдарына барып тұрамыз. Мысалы, өткен жылы Қашыр, Железинка, Шарбақты аудандарында болдық.  –Орталықты облыстық ауруханамен біріктіреміз дегенде тұрғындар наразылық танытып еді. –Иә.Тіпті, жұмысымызға күмән келтіріп тексерткендер де болды. Орталық пен аурухана қосылса, мүмкін, ұзын-сонар кезек, медициналық қызмет сапасы қалай болар деп тұрғындар алаңдаған шығар. –Рунар Мүбаракұлы, сіз медицина саласында 40 жылдан артық, оның ішінде бас дәрігердің лауазымында 31 жыл қызмет жасап келеді екенсіз. Осы жылдар ішіндегі еліміздің медицина саласына қандай баға берер едіңіз?.. –Бүкіл саналы өмірімді облыстың денсаулық сақтау саласына арнадым. Әрине, қазір айтуға оңай, бірақ, жас студент кезімізден бастап көрген денсаулық сақтау саласының жетістігі дәл бүгінгі күндегідей болған емес. Жаңа технологиялар келді, инновациялар өмірге енді. Тіпті, ауылдық жерлерге дейін қазір жаңа медицинаның құрал-жабдықтары келіп жетті. Ең бастысы-тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету. Ал, облыстық диагностикалық орталықтар орталықтандырылған республикалық ауруханалардан кем емес жабдықталуда. Науқастардың басым бөлігін диагностикалық орталықтарға олардың аурулары ұғынықсыз болған кезде ғана жібереді. Облыстық диагностикалық орталықтардың тиімді жұмысы үшін жоғары білімді мамандар, жаңа заман технологиясы қажет дедік, орындалды. Енді біздің дәрігерлеріміз батыстың үздік технологияларымен жұмыс жасау үшін, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу үшін ағылшын тілін үйренулері қажет. Үздік технологиялардың тілін тауып, «сөйлесіп» адам емдеу қазіргі заман талабы. Біздің орталыққа күніне 400-ден аса адам келеді. Жылы сөзді, жанына дауа болар емді, мейірімді іздейді. Сол дауаны сыйлап, науқас жанды түсінетін кім, әрине, дәрігер. Кезінде атақты дәрігер Евгений Чазов диагностикалық орталықтарды құрарда төмен дәрежелі емдеу орындарының сапасын жақсартуды мақсат еткен сияқты. Уақыт өте келе бұл орталықтар халық денсаулығын сақтаудағы көп профильді диагностикалық жүйеге айналды. Бір ғана денсаулық сақтау саласындағы осындай жетістіктер еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылуын көздейтін мақсаттарына қол жеткізе бастағанын көрсетеді, соған қуанамын. Елбасына денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Жастарымыз білімді, білікті болсын. –Рахмет, әңгімеңізге! Сұхбатты жүргізген Фарида БЫҚАЙ,  «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.