• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2014

Бразилиядағы Әлем чемпионатының басталуына 5 күн қалды

317 рет
көрсетілді

Стадиондар сайысқа сай ма? Біз өткен жолы Бразилияда енді аптаға жетпейтін шамада сөреден шыққалы тұрған әлем чемпионатына дайындыққа қатысты әлі шешуі толық шешілмеген жұмбақ жайттар жеткілікті екеніне біршама тоқтап өтіп едік. Ал бұл әзірліктің басты сауалы, әлбетте, онда сайыстар өтетін стадиондардың сайлылығы мен жолаушы жұрт жайласатын жатынжайдың жайлылығы тарапынан өрбісе керек. Расында жұмысы барысында ФИФА хатшыларын жүрек талмасы дертіне дейін дерлік жеткізген осы спорт ареналары төңірегіндегі талас пен жанжал қазір де тұтанған тұрқынан төмендемей тұр. Өйткені, доп додасы матчтарын қабылдайтын кешендердің бәрі бірдей дайындық сапына қойылып үлгермеген сияқты. Сонда да болса, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайтынын айтады енді бірқатар мамандар. Сонымен, келесі әңгімені стадиондардың сипаттары турасынан қайырғымыз келіп отыр. Белу-Оризонти. «Минейрау». Сыйымдылығы: 62 170 адам. Әңгімені кешеннің дайындалу дерегіндегі дұрыс сипаттардан бастасақ, ол бұдан бір жыл бұрын-ақ өзіне тиесілі жұмыстарын толық атқарып шыққан екен. Кезінде жұртқа белгілі футболшы Риналдиньо финттеріне талай тамсанған стадион былтыр әзірлік сапына қойылған бойда Конфедерация кубогы матчтарын да өткізіп үлгерді. Бірақ жақында осы маңда тұрған қатты жел кешеннің төбесін ұшырып әкетіпті. Осы жайт жұрт көңіліне ептеп қаяу түсірген сияқты. Бразилиа. «Мане Гарринча». Сыйым­дылығы: 70 000 адам. Бір замандары «Халық қуанышы» деген үлкен марапатқа ие болған атақты футболшы есіміндегі стадион елдің астанасында орналасқан. Оны қайта жаңғыртуға арналған жұмыстар 2010 жылы қолға алыныпты. Алайда, бұл жұмыстар үшін Бразилия бюджеті бір тиын да шығармапты. Соған қарамастан, ол керемет етіп жасалған. Белгілі футболшы Ромарионың айтуынша, осыған жұмсалған қаржыға 8 мың жаңа мектеп ғимаратын салып, 39 мың мектеп автобус­тарын сатып алуға немесе 28 мың спорт алаңдарын дайындауға болады екен. Ал өткен жылы ФИФА архитектураның үздік үлгісі, яғни шедеврі саналып отырған бұл стадионға қосымша жаңа шөп төсеуді талап етіпті. Тапсырма сол бойы бірден орындалған. Қазір кешен чемпионатты қабылдауға сақадай-сай тұр. Куритиба. «Арена да Баишада». Сыйымдылығы: 41 000 адам. Бұрын Бразилиядағы ең заманауи стадион саналған аренаның проблемасы көп болады деп ешкім күтпесе керек. Басында ол 2013 жылы наурызда ашылатын болып жоспарланыпты. Ал биылғы қаңтарда осында келген ФИФА-ның бас хатшысы Жером Вальке мұндағы жағдайларды көргенде, талып құлап қала жаздапты. Сосын ол Куритибаны чемпионат регламентінен алып тастаймын деп қорқытыпты. Бір ай өткеннен кейін бас хатшы тағы да келіп қайтқан. Бұрынғыға қарағанда, біршама жұмыстар жүрген. Бірақ өте қарқынды емес. Со­ған қарамастан, стадион үстінен төніп тұрған тыйым алыныпты. Осының негі­зінде ақырғы мәулет ретінде 15 мамыр белгіленіпті. Қазір баспасөзде стадионды жаңғыртуға бөлінген қаржының бір бөлігіне жергілікті «Атлетику Пара­наэнсе» клубының футболшы сатып алып қойғаны туралы ақпар тарап жатыр. Куяба. «Арена Пантанал». Сыйым­дылығы: 43 000 адам. «Күдіктілер» қатарын­да осы стадион да бар. Оның салына бастағанына төрт жыл болыпты. Сол уақыт аралығында мұнда талай жаға ұстатарлық оқиғалар орын алған. Жалақы мөлшерінен алданып қалған жұмысшылар бірнеше рет ғимаратты өртеп жіберуге де әрекет етіпті. Соның бірі былтыр Вальке келген кезде тағы қайталанған. Ашынған жұмысшылар ФИФА-ның бас хатшысы келген кезде стадионға да басып кіріп, өз талаптарын жеткізген. Сондай бір құқайды бастан кешкен стадион құрылысы аяқталуға жақындап келеді. Манаус. «Арена Амазониа». Сыйым­дылығы: 44 000 адам. Чемпионат жере­бесі тартылып жатқан кезде Англия құрамасының бас жаттықтырушысы Рой Ходжсон өз шәкірттерінің Амазония ормандары арасында ойнағанын қала­май­тынын айтқан екен. Тағдырдың тәлкегі деген сол, ағылшындар ақырында тап осы қалаға түсіпті. Ал альбиондықтар ойнауға тиісті Манаус қаласындағы жаңа стадионның құрылысы жайында жақсы сөздер оншалықты көп айтыла қоймайды. Мұнда жұмыстар жүріп жатқанда үш адам қаза тауыпты. Әйткенмен, арена чемпионатқа сәл де болса ертерек дайын болып шыққандар қатарына кіреді. Ол биылғы 9 наурыз күні өзінің тарихындағы бірінші ойынын өткізді. Алайда, стадион құрылысында бітпеген жұмыстар әлі де шашетектен көрінеді. Натал. «Арена дас Дунас». Сыйым­дылығы: 43 000 адам. Чемпионат үшін арнайы салынған стадиондардың арасынан бірінші болып пайдалануға берілгені осы. Ол биылғы қаңтарда ашылды. Оны көрген көрермендердің қуаныштарында шек болмады. «Таңғажайып арена! – деп тамсана жазды сонда Натал тұрғындарының бірі. – Бұл Риу Гранди-ду-Нортидегі футбол дамуының бетбұрысы болады». Порту-Алегри. «Бейра-Риу». Сыйым­дылығы: 56 000 адам. Үстіміздегі жылғы 21 ақпанда Бразилия президенті Дилма Русефф пен «Интернасионал» клубының капитаны Андрес Д`Алессандро алаңның ортасында доп тебу рәсімін жасады. Порту-Алегридегі «Бейра-Риу» стадионы осылай ашылды. ФИФА бұл елдегі басқа да көптеген стадиондар сияқты, мұның соғылып бітуі жолына біраз күш пен жүйкені жұмсаған еді. Рио-де-Жанейро. «Маракана». Сыйым­­дылығы: 79 000 адам. Бір кездері 200 мың адамға жай тауып беріп, әлем­дегі ең үлкен арена атанған стадион жаң­ғыртудан кейін қатты өзгерді. Жұрттың санасында әлі де жаһанның мықтысы саналатын оның ауқымы едәуір қысқарды. Ол заманауи қалыпқа келе түсті. Бірақ тартымдылығын жоғалтқан жоқ. Ресифи. «Арена Пернамбуку». Сыйымдылығы: 46 000 адам. Арена былтыр Конфедерация кубогы қарсаңында, мамыр айында пайдалануға берілді. Дегенмен, бітпеген жұмыстары да бар сияқты. Енді оған Ресифи бюджетінде бір тиын қалмағаны белгілі болды. Сан-Паулу. «Арена Корин­тианс». Сыйымдылығы: 68 000 адам. Бұл стадион ФИФА-ның ең негізгі бас ауруы болып табылады. Мұнда 12 маусым күні чемпионаттың ашылуы өтеді, ал шешілмеген мәселелерінен көз сүрінеді. Сальвадор. «Фонте-Нова». Сыйым­дылығы 51 000 адам. Штаттың «Баия» және «Витория» атты екі командасы ұзақ жылдар бойы қайтпай шайқасып келген ескі стадионның орнына мүлде жаңа ғимарат салынды. Бұл арена ФИФА басшыларының жандарын жадыратқан құрылым болды. Фортелеза. «Кастелау». Сыйым­дылығы: 63 903 адам. 2002 жылы күрделі жаңғыруды бастан кешкен стадион қазір турнирді қабылдауға толық дайын. Чемпионат алдында бразилиялықтар мұнда тағы бірқатар жаңғырту жұмыстарын жүргізіп алды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».