"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті
* Депутат дауысы Еліміздің ең басты құндылықтарына негізделген идея «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев жалпыхалықтық «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Бұл идея тәуелсіздік, ұлт бірлігі, бейбітшілік пен қоғамдағы келісім, индустрияландыру мен инновация негізінде қарқынды экономикалық өсу сияқты мемлекетіміздің ең басты құндылықтарына негізделген. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды ұйымдастыру міндетін жүктеді. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) аталған идеяны белсенді түрде талқылауды жүргізіп отыр, әртүрлі ұсыныстар түсіп жатыр, дөңгелек үстелдер, кездесулер және басқа да шаралар өткізілуде. Алайда, әлі күнге дейін мемлекеттік органдар тарапынан «Мәңгілік Ел» идеясының негізгі мәні туралы анық түсінік берілмей отырғанын айта кеткен жөн. «Нақты алғанда, «Мәңгілік Ел» дегеніміз не?» деп сұрақ қойсаң, жалпылама жауап аласың. Оның кең мағынадағы терең мазмұнын ашып бергеніміз жөн болар еді. Бір ғажабы, тіпті, саясаттанушылар да, мемлекеттік қызметшілер де қажетті жауапты айта алмай отыр. Тұтастай алғанда, Елбасы айтқан ұлттық идеяда терең мән бар, ол өте мағынасы терең, сан қырлы ұғымды қамтыған. Осы идеяны басты бағыт ретінде қабылдау егемен Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде дер кезінде жасалған қадам. «Мәңгілік Ел» идеясында қазақ халқының тарихи өмір жолы – оның өткені, бүгіні және келешегі көрініс тапқан. Азаттықты аңсаған қазақтар ғасырлар бойы өздерінің жері үшін құқықтарын қорғады, тәуелсіздік үшін күресті. Ресей мен Қытай сияқты алып державалардың арасында отырып, қазақтар өзінің мәдени сәйкестігінен айырылмай, халық саны аз болса да, өз мемлекетінің үлкен аумағын сақтап қала білді. Бұл асыра айтқандық емес, шын мәнінде қанын да, жанын да аямаған ата-бабалар ерлігінің арқасында бүгінгі жетістіктерімен қуантып отырған тәуелсіз Қазақстанға айналды. Ал енді қазіргі көпұлтты мемлекеттің әрі қарай үйлесімділікпен дамуы үшін шынымен де барлық қазақстандықтарды біріктіретін осындай патриоттық идея қажет. Қазақ халқы өз тарихында ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, мәдени кемсітушілік сияқты көптеген күрделі сынақтардан өтті. Бірақ бұл ретте, қазақтар өштесу мен кектенуге жол берген жоқ, өздерінің бойларындағы асыл қасиеттерінен де айнымады. Халық көшпелі өмір сүре жүріп, өз бойларында ашық мінезді, досқа құшақ ашқан, тағаттылық, қонақжайлылық, басқа этнос өкілдеріне құрметпен қарау, әрқашанда көмек қолын созуға дайын болу сияқты қайталанбас қасиеттерді – ұлттық ділді қалыптастырды. Және де қазақ халқының осы бір дархан мінезі біріктіруші фактор болып табылады. Аспан әлеміне қарасақ, бір орыннан тапжылмайтын Темірқазық жұлдыздардың біріктірушісі іспеттес. Міне, қазақтар да сол сияқты өзінің айналасына ондаған этностарды топтастырған, өз жерінде олардың лайықты өмір сүруіне және дамуына мүмкіндік бергені негізгі арқау болып отыр. Өткен кезеңмен, қазіргімен және болашақпен арадағы үйлесім тапқан осындай байланысты «Мәңгілік Елдің» жолы деп білемін! Қазақстанда қоғамдық-саяси бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған және табысты қызмет жасап келеді. Бұл ұйым қызметінің басты нәтижесі біздің көпұлтты қоғамда салтанат құрған бейбітшілік пен келісім болып табылады. Шын мәнінде, Қазақстан дамуының барлық тарихи ерекшеліктерін ескере келе, «Мәңгілік Ел» идеясында біздің еліміздің барлық этностарын біріктіріп отырған біртұтас жалпықазақстандық шаңырағымыздың алдағы құрылысының негізгі қағидаттары көрініс таппақ. Жаңа патриоттық акт, әсіресе, жастарға нақты бағдар беруі тиіс. Бүгінгі таңда біз патриотизм туралы жиі естиміз. Бірақ өз кеудесін ұрып, басқалардан асыра айқайлап жүргендерді емес, нақты іс-қимылдарымен дәлелдеп жүргендерді нағыз патриот деп айтар едім. Осы орайда, Мемлекет басшысы «Патриот болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату» деген болатын. Сондықтан айрықша іс атқармасаң да, әр күн сайын Отанға қажетті өз ісіңмен айналысуың қажет. Осы орайда, Президент ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы сол Жолдауда алға қойылған міндеттермен тығыз байланысады. Өзінің Қазақстан халқына арнаған сөзінде Мемлекет басшысы Стратегиялық жоспарды іске асырудың мақсаттары мен тетіктерін анық және нақты айқындап берді. Бұл ретте, олардың жетістіктері, оның ішінде ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу аясы тар мақсат емес екенін түсінуіміз қажет. Бірінші кезекте бұл – қазақстандықтардың әл-ауқатын және олардың өмір сүру деңгейін арттыру. Міне, осы тұста «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі алға қойылған міндеттерді іске асырудың идеологиялық негізі болатыны анық. Шын мәніндегі қазақстандық патриотизмді қалыптастыру арқылы, әрбір азаматтың өз елін өркендету ісіне қатысуы қажеттігін ұғынуы арқылы біз әлеуметтік-экономикалық дамуда, демократиялық қайта құруда, құқықтық, тәуелсіз мемлекет қалыптастыруда әлі де орасан зор табыстарға қол жеткіземіз. Соның нәтижесі – азаматтардың өз елінде лайықты өмір сүруі, болашаққа деген сенімі және ел тұрақтылығы. Тәуелсіздік жылдары біз Қазақстанда бейбіт мемлекеттің мызғымайтын іргетасын қаладық, бейбітшілік, келісім және тұрақтылық салтанат құрып тұр! Ел Президенті ұсынған ұлттық идея бізге келешекке сеніммен қарауға, ең ғаламат міндеттерді орындауға мүмкіндік жасайды. Бұл ретте, Мемлекет басшысы алдағы атқарылатын ауқымды істердің оңай болмайтынын және бізге үлкен де күрделі жұмыстарды орындау міндеті күтіп тұрғанын атап өткен болатын. Осы жолда Отанымыздың келешегі үшін бірлесе қызмет жасау – баршамыздың азаматтық парызымыз! Роман КИМ, Мәжіліс депутаты, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» РҚБ президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі. * Сізді не толғандырады? Мәселе мемлекеттік тұрғыда шешуді талап етюді Жыл сайын дүниежүзілік көші-қон ағындарына 200 миллионнан астам адам тартылады, егер оларды бір мемлекетке шартты түрде біріктірсе, халық саны бойынша әлемдегі бесінші елге айналар еді. Көші-қонның басқаруға көнбейтін толқындары біздің республикаға да келіп жетті, ол Қазақстанның еңбек нарығындағы жағдайдың өзгеруіне әсер етіп қана қоймай, ұлтымыздың қауіпсіздігіне және мемлекеттілікті сақтауға қауіп төндіріп отыр. Мемлекет басшысы арта түскен демографиялық дисбаланс жаңа көші-қон толқындарын қалыптастырып, әлеуметтік шиеленісті күшейтетінін атап өтті. Біз еліміздің жекелеген өңірлерінде көші-қон қысымымен кездесеміз: заңсыз жұмыс істеп жатқан мигранттар жергілікті еңбек нарықтарын тұрақсыздандырады. Шекаралас мемлекеттерден келетін көші-қон ағындарына байыпты бақылау жасау қажет, өйткені, реттелмейтін ішкі еңбек көші-қоны жергілікті жерлерде әлеуметтік және еңбек шиеленісулерінің туындауына себеп болады да, жағдайдың тұрақсыздануына әкеліп соғады. Сонымен қатар, келешекте біз басқа өзекті проблемаға, яғни азаматтарымыздың мемлекеттен тыс қарқынды еңбек көші-қонына тап болуымыз мүмкін. Жыл сайын ішкі көші-қон үдерісіне шамамен 300 мың адам тартылады. Бірақ ол әлеуметтік қатерлерді арттырып, стихиялы түрде өтеді. Демографиялық үдерістерді өзгерту еліміздегі көші-қон саясатын айқындайтын басты бағдарлардың бірі болып табылады, ол халықтың табиғи өсуінің және көші-қонының қалыптасқан үрдістерінің әсерінен пайда болады. Республикамыздағы көші-қон жағдайы көп мәселе туындатып, нақты шешімдерді талап ететіні анық. 2012-2013 жылдарғы есеп бойынша, Қазақстандағы көші-қон бәсеңсіген. 2012 жылы оралмандарды қабылдауға квота беруді тоқтатқан соң, келушілер саны 2011 жылғы 41,7 мың адамнан, 2013 жылы 33,9 мың адамға қысқарған. Ішкі көші-қон мәселесінде еңбек ресурстары мен демография жағында оңтүстік пен солтүстік аймақтар арасында теңсіздік орын алып келеді. Халықтың өсуінің төмендеуі әсерінен еңбек мамандарының жетіспеушілігі байқалып отыр. 2050 жылы осы жағдайда солтүстік аймақтың халқы 1 миллион адамға азаюы мүмкін. Ал, сол кезде оңтүстік аймақта адам саны 5,2 миллионға өсуі ықтимал. Осының бәрі келіп жұмыс орындарында жұмыс күшінің жетіспеушілігін туғызады. Содан барып еңбек мигранттарын жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға шақырып, ынталандырудың жаңа жолдарын іздеуге тура келеді. Оралмандарды елге қайтару мәселесінде аймақтардың әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін ескермеуден өзіндік қиғаштықтар орын алды. 50 пайыз оралмандар онсыз да әлеуметтік инфрақұрылымдары мен жұмыс орындарының жетіспеушілігінде, демографиялық тығыздықта отырған Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл облыстарына орналастырылған. Осы айтылған мәселелердің барлығы проблемаға мемлекеттік тұрғыдан келуді талап етеді. Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты. *Талқылау тағылымы Қаржы секторын дамыту жайы қаралды Сенатта 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамыту және орта мерзімді келешекте инфляцияны төмендету мәселелерін талқылау бойынша депутаттардың Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Ұлттық банк басшылығымен кездесуі болды. Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру жөніндегі Мемлекет басшысының міндеттеріне назар аударды. Үкімет пен Ұлттық банкке орта мерзімді келешекте инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету жөніндегі кешенді шараларды пысықтау, сондай-ақ, 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу жөнінде нақты тапсырмалар берілген болатын. Депутаттар алдында сөз алған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Үкімет Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясының негізгі ережелерін, еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған Әлеуметтік-экономикалық саясаттың 2014 жылға арналған бірінші кезектегі шараларының жол картасы қабылданғанын атап өтті. Сонымен бірге, деді Е.Досаев, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2014-2015 жылдарға Ұлттық қордан 1 триллион теңгенің бөлінуі экономиканың өсуіне серпін беретін негізгі көздердің бірі болады. Осы мақсатта биылғы жылы кезең-кезеңімен 500 миллиард теңге бөлінеді. Қаржы секторын 2030 жылға дейін дамытудың тұжырымдамасы туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов егжей-тегжейлі баяндады. Тұжырымдама бәсекеге қабілетті қаржы секторын қалыптастыруға және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарымен қоса озық халықаралық стандарттар негізінде экономикадағы ресурстарды қайта бөлудің тиімділігін арттыруға бағдарланған, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. * Депутат дабылы Көлік басқару мәдениетін арттырмай, жағдай өзгермейді Осы мақаланы жазуыма жуырда Қызылорда облысында орын алған апат себеп болып отыр. Сол апаттың салдарынан қас-қағым сәтте 11 адам көз жұмды. Бұл апат еліміздің бір де бір азаматын бейжай қалдырмады. Жаңалықтардан жол-көлік апаттары мен солардың салдарынан зардап шеккендер санының кемімей, керісінше, күн сайын артып отырғанын естіп-білеміз. Ең сорақысы – күн сайын жолға шыққан кезде көлік жүргізушілердің жол жүру ережелерін бұлжытпай сақтағанның өзінде сол сапардан аман ораларына кепілдік жоқ. Егер статистикаға жүгінетін болсақ, төбе шашымыз тік тұрады. Жыл сайын жол-көлік апаттары салдарынан 3000-ға жуық адам, яғни әрбір үш сағат сайын бір адам қаза болып, 7-8 адам жарақат алады екен. Соңғы 10 жыл ішінде жол-көлік оқиғалары салдарынан Қазақстан жолдарында 32 мыңнан астам адам қаза болып, 180 мыңнан астам адам түрлі жарақаттар алған. Егер салыстырып қарасақ, соңғы 10 жылда Қазақстанда бейбіт уақытта Ауғанстанда болған 10 жыл соғыс кезіндегіден 30 есе артық адам қаза болған. Бұл жағдайдың тағы бір аса қауіптілігі – жолдарда балалардың қаза болып, түрлі жарақаттар алуы. Сондай-ақ, еліміздің дені сау, еңбекке қабілетті азаматтары мүмкіндігі шектеулі адамдар санын толықтыруда. Жол-көлік оқиғалары 10 жастан 24 жасқа дейінгі жастарымыздың қаза болу себебі ретінде бірінші орында тұр, ал жалпы алғанда, қаза болғандардың орташа жасы 39 жасты құрап отыр. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша жыл сайын Қазақстан бюджеті жол апаттары салдарынан шамамен ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызын жоғалтады екен, ол 600 миллиард теңгеге жуық. Материалдық және әлеуметтік залал миллиардтаған теңгені құрайды. Алайда, жақынын жоғалту ешбір сомамен бағалана алмайды, керісінше, өлшеусіз қайғы-қасіретке ұласып жатады. Бүгінгі таңда көлік құралын жүргізе алмайтын адамдардың жүргізуші куәліктерін алып, қала көшелерінде көлік жүргізуді үйреніп жататын жағдайлар жиі кездеседі. Соңғы жылдарда адамдарды жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде көлікпен қағу саны күрт өскен. 2013 жылы тіркелген 23 359 жол-көлік оқиғасының 10 мыңнан астамы жаяу жүргіншілерді көлікпен қағудың үлесінде. Күн сайын бұқаралық ақпарат құралдары мас күйдегі жүргізушілердің кінәсінен болған жантүршігерлік қайғылы оқиғалар жайында хабарлап жатады. 2012-2013 жылдары Қазақстанда автомобильді мас күйінде жүргізудің 80 000-нан астам фактісі тіркеліпті. 2013 жылдан 37 мыңға жуық адам, ал ағымдағы жылдың 4 айында ғана 10 386 адам жүргізуші куәлігінен айырылған. Адамдардың мұндай санатына емтихандарды қайта тапсыру кезінде айрықша назар аудару қажет. Мас күйде көлік жүргізу жүздеген, мыңдаған адамдардың жапа шегіп, өмірлерінің қиылуына әкеліп соғуда. Мемлекет басшысы дамыған отыз елдің қатарына кіру міндетін қойды. Осы мақсатқа жету үшін Қазақстанға ең қауіпсіз автожолдары бар елдер қатарына да кіру қажет. Осыған байланысты, қазіргі кезде шешімін табуды қажет ететін мынадай өзекті мәселелер қордаланып отыр: Біріншіден, жүргізуші куәлігін алу кезіндегі емтихандардың, әсіресе, жүргізуші куәлігінен айырылуына байланысты көлік жүргізушілер қайта тапсыратын емтихандардың сапасын бақылауды күшейту қажет. Жүргізуші куәлігін беру қару берумен теңестірілуі керек, өйткені, мас күйдегі адам немесе дилетант басқарған автомобиль қылмыскердің қолындағы қарумен бірдей. Сонымен қатар, көлік жүргізуді бағалау рәсімінің ашықтығы және сыбайлас жемқорлық көріністерін болғызбау үшін көлік жүргізу бойынша емтихандар қабылдау кезінде оқу машиналарын бейнетіркегіштермен жарақтау керек; Екіншіден, жаяу жүргіншілердің өтуіне арналған жерлерді жол жүру ережелерін бұзуды бейнетіркеу камераларымен жарақтап, қалаларда жаяу жүргіншілердің өтуіне арналған барлық жерлерді тәуліктің кешкі және түнгі уақыттарында қосымша жарықпен қамтамасыз ету қажет; Үшіншіден, жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әрбір полицейді дербес бейнекамерамен жарақтау керек, бұл пара берушілермен және пара алушылармен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе Еуропаның дамыған елдерінде қолданылады және сыбайлас жемқорлық фактілері санын азайтуға оң ықпалын тигізуде; Төртіншіден, еліміздің күрежолдарындағы, әсіресе, екіжолақты магистральдардағы аса қауіпті жерлерді анықтап, жылдамдық арттыруды болдырмас үшін бейнетіркегіштер орнату қажет. Шетелдердің тәжірибелері көрсеткендей, камералармен жарақталған жолдарда апатты жағдайлар бірнеше есе кеміп, адам өліміне әкеліп соғатын жол-көлік оқиғаларының саны мейлінше азайған; Бесіншіден, әлеуметтік жарнамалар санын ұлғайтып, орталық телеарналар мен жаһандық желі сайттарында балалар мен ересектерге арналған жаңа білім беру бағдарламаларын жасау керек. Сондай-ақ, жол жүрісі қауіпсіздігі мәселелері бойынша көшелердегі көрнекі жарнама санын ұлғайту қажет. Балабақшаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында жол жүрісі қауіпсіздігі бойынша профилактикалық сабақтар ұйымдастырған жөн. Жол жүру ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғалары кезінде қажет болатын сенім телефондарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату қажет. Әрбір еңбек ұжымында кәсіпорын қызметкерлерінің жол жүрісі ережелерін сақтауын қадағалап, ол ережелерді үнемі бұзатындар туралы құқық қорғау органдарына және еңбек ұжымдарының басшыларына хабарлап отыру керек. Жалпы алғанда, барлық жол жүрісі қатысушылары арасында сыйластық қарым-қатынас мәдениетін арттыру, автомектептерде оқыту сағаттарының санын ұлғайтып, жол жүру ережелерін орталықтандырылған жағдайда оқыту қажет. Нақ осындай шаралар көлік жүргізушілер мәдениетінің дұрыс жаққа өзгеруіне және жолдардағы ахуалдың жақсаруына әкелетіні сөзсіз. Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Мәжіліс депутаты. * Туыстық туы Түркі форумына қатысып қайтты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Едірне қаласында (Түркия) өткен ІІІ Дүниежүзілік түркі форумына қатысты. Шараға әлемнің 60 елінен 140-тан астам делегат келген болатын. 11 секциялық отырыста мәдениетке, дипломатия мен туризмге қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Сенатор С.Еңсегенов түркі халықтарының тарихи тамырластығы туралы айта келіп, көптеген ғасырлар бойы жинақталған тәжірибенің арқасында бай ортақ мәдени мұра қалыптасқанын атап өтті. «Мәдениетаралық үнқатысу жұртшылық арасында өзара сенім қалыптастыру мен ортақ болашақ құрылысында маңызды саяси құрал болып табылады», деп атап көрсетті депутат. Форум барысында делегаттар бұл шараның түркі республикалары арасындағы мәдени және туристік байланыстарды нығайтатынына сенім білдірді. Халықаралық форум аясында бірқатар мәдени шаралар болды. Дипломатия, бизнес, ғылым, технология, мәдениет, спорт салаларындағы тамаша жетістіктері үшін «Kizil Elma» марапаттау салтанатында түркі халықтарының көрнекті өкілдеріне сыйлықтар табыс етілді. Түркі әлемінің мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Түркі мәдениетінің халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы сыйлыққа ие болды. Салтанатты шаралар барысында бейнелеу өнерінің көрмесі ашылып, шығармашылық ұжымдар – Траки өнер университетінің симфониялық оркестрі мен қатысушы мемлекеттердің фольклорлық топтары өнер көрсетті. Дүниежүзілік түркі форумының қорытындысы бойынша декларация қабылданды.
•
07 Маусым, 2014
ПАРЛАМЕНТ
264 рет
көрсетілді