• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2014

Қоғам өкілдері марапатталды

366 рет
көрсетілді

Кеше Астанада жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің атау­лы күніне орай сала қызметкерлерін құттықтау шарасы «Астана қаласы Қазақ саңыраулар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесінде болды. Оған Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков қатысып, салаға еңбегі сіңген қызметкерлерді марапаттады. Осыдан үш жыл бұрын Елба­сының Жарлығымен бекітілген «Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні» кәсіптік мерекесі осы мау­сым айының екінші жексенбісі бо­лып белгіленген еді. Одан бір жыл бұрын Үдемелі ин­дус­­трия­лық-инновациялық да­­му бағдарламасының аясын­да жеңіл өнеркәсіпті өркендету бағ­­­­дар­ламасы да жасалып, мақ­сат­ты жүзеге асырыла бас­та­ғаны мәлім. Комитет төра­ғасы елдегі жеңіл өнеркәсіп сала­сы­ның даму үрдістері туралы әң­гі­мелеп, индустрияландыру бағ­дар­ламасының алғашқы бес­жыл­дығында атқарылған іс-шара­ларға тоқталды. Бағдарламаның негiзгi мiн­деттерiнің бірі шикiзат өңдеу, қо­сылған құны жоғары және келешекте сыртқы нарықтарға шығару мүмкіндігі мол жоғары сапалы өнiм өндiру есебiнен жеңiл өнеркәсiп өнiмдерiне деген iшкi нарық қажеттiлiгiн қа­нағаттандыру, сондай-ақ, еңбекке қабiлеттi халықты жұмыспен қамтамасыз ету болып табылады. Қазіргі уақытта республикада 1,5 мыңнан астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейді, оның 97 пайызын шағын және орта кәсіпорындар құрайды. Оларда негізінен нәзік жандылар жұмыс істейді екен. Республикада 800 мыңнан астам шағын және орта кәсіпорындар жұмыс істесе, онда 2,4 млн. адам еңбек етеді. Аталған секторда өндіріс көлемі соңғы 4 жылда 1,6 млрд. теңгеден 8,3 млрд. теңгеге дейін өскен. Елдегі жеңіл өнеркәсіптің жай-күйі туралы толық мәлімет берген төраға мерекелік шара­ның марапаттау рәсіміне көшті. «Біз бүгін өндіріс пен жоғары мек­теп озаттарын марапаттау мүм­кін­дігін ұсынып отырған оқу-өн­дірістік кәсіпорын қабыр­ғасында отырмыз. Мемлекет бас­шысы Жолдауында мүмкін­діктері шектеулі адамдарға аса көңіл бөлгенін білесіздер. Кәсіп­орындарыңызда 50-ден ас­там адам еңбек етеді. Респуб­ликамызда саңыраулар қоға­мы­ның 19 кәсіпорны жұмыс іс­тейді, оларда мыңдаған адамдар табысты еңбек етуде. Ал зағиптар қоғамының 36 кәсіпорнында 4 мыңнан астам жұмыскер бар. Бұл кәсіпорындардың көпшілігі жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығарады. Осы салаға жетекшілік ететін мемлекеттік орган ретіндегі біздің міндетіміз сіздердің жемісті еңбек етулеріңіз үшін барлық жағдайларды жасау болып табылады. Мысалы, қазіргі таңда сіздердің кәсіпорындарыңызға мемлекеттік тапсырыстар бері­луіне күш салып жатырмыз. Бола­ш­ақта да тапсырыс­тармен қамта­масыз етілулеріңізге ерекше көңіл бөлінетін болады. Ал сіздер алға қойған міндеттерді мер­зі­мінде және сапалы орын­дай­тындарыңызға сенемін», деді. Сөйтіп, Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің алғыс хаттарымен саланың 18 қызметкері, ал Өндіріс комитеті төрағасының алғыс хаттарымен 35 жұмыскер марапатталды. Олардың арасында аталған мекеменің директоры Н.Төкенов, кәсіпорын директорының орынбасары Р.Кеңесбаев, тігін цехының шебері Қ.Серікбаева, тігіншілер Р.Хайбрахманова мен З.Сон, Қазақ технология және бизнес университетінің ұстаздары, техника ғылымдарының кандидаттары Ж.Байжанова, Б.Нұрмұхамбетова бар. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».