Сауд Арабиясы Корольдігінің Астанадағы елшілігінде Бақтияр Тасымовтың Эр-Риядта Төтенше және өкілетті елші ретінде атқарған миссиясының аяқталуына байланысты қазақстандық дипломатты Саудияның жоғары орденімен марапаттау құрметіне орай салтанатты қабылдау өтті.
Салтанатты қабылдауға ҚР СІМ-інің жауапты хатшысы Асқар Мусинов және Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшісі Әбдел Мажит Хаким Бақтияр Тасымовты Әбдел Әзиз Корольдің I дәрежелі орденімен марапаттау туралы Екі қасиетті орынның сақтаушысы Абдалла корольдің жарлығын оқып, өз елі басшылығының тапсырмасы бойынша жоғары марапатты ұсынды.
«Екі қасиетті орынның сақтаушысы Абдалла король мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы тұрақты және сенімді байланыстардың арқасында екіжақты ынтымақтастық дипломатиялық қатынастар орныққан кезден бастап сәтті дамып келеді, бұл үдеріс алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз», деген Сауд Арабиясының Қазақстанмен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді.
Өз кезегінде, Б.Тасымов саудиялық тарап өзінің қызметін жоғары бағалағаны үшін алғысын білдіре келіп, бұл марапат, ең алдымен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай жетістіктерге жетіп, халықаралық қоғамдастықтың сенімді де абыройлы мүшесіне айналған Қазақстанның достас халқына Саудия халқының көрсеткен ілтипаты деп білетінін ерекше атап өтті.
«Егемен-ақпарат».