Елімізде микроқаржы ұйымдарының әлеуеті артып келе жатыр. Бір жылда МҚҰ активтері 55 пайызға, ал несие беру көлемі 58 пайызға өсім көрсеткен. 2022 жылдың маусымындағы дерек бойынша елімізде 243 МҚҰ жұмыс істейді. Бұл 2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 12 пайызға көп.
Былтырдан бері МҚҰ активтері 54,7 пайызға, 997 млрд теңгеге дейін көбейді. Ал микронесиенің ұсынылу көрсеткіші 58 пайызды құрады, яғни 838,3 млрд теңге. Олардың бұлай қарқынды өсуіне негізгі себеп – банктермен салыстырғанда клиент аудиториясының ауқымды болуы. Банктер көбіне облыс орталықтары, қала, әрі кеткенде ауданмен шектелсе, микроқаржы ұйымдары шалғай елді мекендерде де қызмет көрсете береді. Бұл олардың таралу ауқымын арттыра түседі. Дегенмен МҚҰ-лардың көбі Алматы және Жетісу облыстарына ортақ Алматы қаласында шоғырланған. Оңтүстік астанада 116 компания жұмыс істейді. Ақмола облысы мен Астанадағы МҚҰ саны 27-ге енді жеткен. Әрине, МҚҰ-лардың шалғай аудандар мен елді мекен тұрғындары үшін қолжетімді болуы сол өңірдегі халықтың несие рәсімдеуге деген мүмкіндігін ұлғайтады.
Қаншама МҚҰ-ның ішінен үш ұйымды даралап айтуға болады. Көш басында тұрған KMF-тің ел аумағы бойынша 14 филиалы мен 116 қызмет көрсету нысаны бар. Одан кейінгі орында – 16 ресми дилерлік орталығы бар «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» және 116 сатылым нүктесі бар Solva микроқаржы ұйымы.
Соңғы уақытта МҚҰ-лар қызмет көрсетуде цифрлық технологияларды белсенді қолдануға көшті.
Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екі құжатты талқылауға ұсынды. Біріншіден, жеке тұлғалар үшін микрозаймдар бойынша шекті сыйақыны енгізу туралы қаулы. Қарыз алушының қарыз жүктемесін шектеу мақсатында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 20 пайыз деңгейінде бірыңғай несие мөлшерлемесін бекіту жоспарланып отыр. Қазіргі талапқа сәйкес мүлік кепілдігімен қамтамасыз етілген несие бойынша 20 пайыздық мөлшерлеме болса, кепілсіз несие бойынша мөлшерлеме – 25 пайыз көлемінде.
Екінші, «Микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша кейбір нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулы жобасына сәйкес нарық талаптарына бірқатар маңызды өзгеріс енгізілмек. МҚҰ меншік капиталының минималды мөлшері 100 млн теңгеден 2024 жылдың басына дейін біртіндеп 200 млн теңгеге дейін кезең-кезеңімен өседі. МҚҰ қызметін пайдаланатын қарыз алушының қарыз жүктемесі коэффициентін есептеу әдісі де өзгеруі мүмкін.
МҚҰ нарығында жаңа технологияларды енгізіп, клиент үшін сервисті жетілдіріп жатқан компаниялар бар. Тиісінше, бизнес моделін тек өсімқорлық қағидатына негіздеп алған алдамшы ұйымдар да жетерлік. Сондықтан Микроқаржылық ұйымдар қауымдастығының басшысы Ербол Омарханов меншік капиталының минималды мөлшерін көбейтуді дұрыс деп санайды.
«Нарықта өз бизнесін дамыта алатын, қаржылық тұрғыда орнықты компаниялар ғана жұмыс істеуі керек. Алайда құжат жобасында меншік капиталының минималды мөлшерінен бөлек басқа да өзгерістер ұсынылып отыр. Ол өзгерістер нарыққа тым қатты қысым жасап, салдарынан көптеген ұйым жаңа жүктемеге шыдас бере алмай қалуы ықтимал», дейді.
Оның айтуынша, МҚҰ бизнесінің рентабельділігі бүгінде 20 пайыздан төмен. Сонымен қатар мөлшерлемені 25-тен 20 пайызға дейін төмендету МҚҰ кірістілігін үштен біріне дейін төмендетіп тастайды дейді.
Айта кетейік, биыл агенттік 600 млн теңге көлеміндегі микрозаймдарды кешіру туралы шешім қабылдады. Осылайша, 28 мың қарыз алушының несиесі кешірілмек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, жыл соңына дейін 432 мың қарыз алушының 33,1 млрд теңге көлеміндегі қарызы қайта құрылымдалады. 107 мың қарыз алушының 0,8 млрд теңгесі ішінара, ал 28 мың қарыз алушының 0,6 млрд теңгесі біржола кешіріледі.
2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша кепілсіз тұтынушылық микрозайм көлемі 416 млрд теңге болды.