Еліміздің Конституциясында жазылғандай, сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге нысандары арқылы жүзеге асырылады. Ал сот қызметінің түпкілікті нәтижесі сотқа жүгінген құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау болып табылады. Бұл аталған игілікті істі жүзеге асыру үшін заңдарымыздың да ел игілігіне қызмет ететіндей болуы өте қажет. Міне, осы орайда кеше Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорымен (IRZ) бірлесіп, «Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі – уақыт талабы» тақырыбында Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциядағы жобасын талқылау шеңберінде халықаралық конференция өткізді. Оның жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, қазақстандық және халықаралық сарапшылар қатысты.
Конференцияны ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: «Бүгінгі біздің конференция Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасын талқылауға және онымен таныстыруға арналып отыр. Баршаға белгілі сот арқылы қорғау тетіктерінің дұрыс жұмыс істеуі қоғамның әрбір мүшесінің конституциялық құқығын іске асыру кезінде тікелей көрініс табады. Бұл орайда сот әділдігі мемлекеттегі инвестициялық ахуалға, әлеуметтік саясатқа, халықаралық ынтымақтастық пен татулыққа да тікелей әсер етеді», деді. Бұдан кейін Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) басшысы Дирк Миро да ойларын ортаға салды.
Расында жаңа редакциядағы аталған Кодексте сот ісін жүргізуге қатысушылардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерінің шынайы теңгерімі көзделген. Жоба 533 бапты, 60 тарау мен 4 бөлімді қамтиды. Жобада соттардың қызметіндегі техникалық құралдарды кеңінен пайдалану арқылы азаматтық істерді қарау тәртібін жеңілдетуге бағытталған негізгі ережелер қарастырылған.
Ұсынылатын барлық шаралар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету қажеттігі ескеріліп қабылданатын болады.
Бұл орайда өз сөзін одан әрі жалғаған Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми: «Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде азаматтық істерді қарау тәртібі процеске қатысушы тараптар үшін ыңғайлы әрі жылдам, сондай-ақ, оларды татуластыруға және заманауи технологияларды кеңінен қолдануға бағытталуы тиіс. Қазақстанның азаматтық сот өндірісінің жаңа моделін құру тараптардың, мемлекет пен азаматтар мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ететін прагматикалық тәсілге негізделген. Біз қазақстандық қоғамға тән қалпына келтірілетін сот төрелігі тұжырымдамасын қолдаймыз», – деп атап өтті.
Жаңа жобаның негізіне тоқталған Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Е.Әбдіқадыров Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасының мақсаттары мен міндеттері, азаматтық сот ісін жүргізуді жеңілдету мен жеделдету турасында айтты.
Конференция жұмысы барысында Еуропа Кеңесінің адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың заңгері В.А.Лукашевич жаңа АІЖК жобасында әділ сот талқылауының халықаралық стандарттарын іске асыру мәселелері, Берлин қаласы Жер сотының төрағалық етуші судьясы, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) сарапшысы Лотар Юнеманн Германияның істі сот талқылауына дайындау және соттағы татуластыру рәсімдері жөніндегі тәжірибесі, Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының судьясы А.А.Кликушина сот актілерін қайта қарау мен Ресей Федерациясының тәжірибесі туралы және басқа да баяндамашылар жоба бойынша сөз сөйледі.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».