• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2014

Азаматтық кодекс – уақыт талабы

1034 рет
көрсетілді

Еліміздің Конституциясында жазылғандай, сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге нысандары арқылы жүзеге асырылады. Ал сот қызметінің түпкілікті нәти­жесі сотқа жүгінген құқықтық қа­тынастар субъектілерінің құқық­тарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау бо­лып табылады. Бұл аталған игі­лікті істі жүзеге асыру үшін заңда­ры­мыздың да ел игілігіне қызмет ете­тіндей болуы өте қажет. Міне, осы орайда кеше Қазақстан Респуб­ли­касының Жоғарғы Соты Герма­ния халықаралық құқықтық ынты­мақтастық қорымен (IRZ) бірлесіп, «Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі – уақыт талабы» тақырыбында Аза­маттық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциядағы жобасын тал­қы­лау шеңберінде халық­ара­лық конференция өткізді. Оның жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкі­меттік емес ұйымдардың өкіл­дері, ғалымдар, қазақстандық және ха­лықаралық сарапшылар қатысты. Конференцияны ашқан Жо­ғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: «Бүгінгі біздің конференция Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасын талқылауға және онымен таныстыруға арналып отыр. Баршаға белгілі сот арқылы қорғау тетіктерінің дұрыс жұмыс істеуі қоғамның әрбір мүшесінің конституциялық құқығын іске асыру кезінде тікелей көрініс табады. Бұл орайда сот әділдігі мем­лекеттегі инвестициялық ахуалға, әлеуметтік саясатқа, халықаралық ынтымақтастық пен татулыққа да тікелей әсер етеді», деді. Бұдан кейін Президент Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары Талғат Донақов, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қо­рының (IRZ) басшысы Дирк Миро да ойларын ортаға салды. Расында жаңа редакциядағы аталған Кодексте сот ісін жүргізуге қатысушылардың іс жүргізу құ­қықтары мен міндеттерінің шынайы теңгерімі көзделген. Жоба 533 бапты, 60 тарау мен 4 бөлімді қамтиды. Жобада соттардың қыз­метіндегі техникалық құрал­дарды кеңінен пайдалану арқылы азаматтық істерді қарау тәртібін жеңілдетуге бағытталған негізгі ережелер қарастырылған. Ұсы­ны­латын барлық шаралар халық­тың әлеуметтік жағынан осал топтарының мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету қажеттігі ескеріліп қабылданатын болады. Бұл орайда өз сөзін одан әрі жалғаған Жоғарғы Сот Төра­ғасы Қ.Мәми: «Мемлекет басшы­сы Н. Назарбаев Қазақстан Рес­пуб­ликасы судьяларының VІ съе­зінде азаматтық істерді қарау тәртібі процеске қатысушы тараптар үшін ыңғайлы әрі жылдам, сондай-ақ, оларды татуластыруға және заманауи технологияларды кеңінен қолдануға бағытталуы тиіс. Қазақстанның азаматтық сот өн­дірісінің жаңа моделін құру тараптардың, мемлекет пен азаматтар мүдделерінің теңге­рі­мін қамтамасыз ететін прагма­ти­калық тәсілге негізделген. Біз қа­зақстандық қоғамға тән қал­пы­на келтірілетін сот төрелігі тұжырымдамасын қолдаймыз», – деп атап өтті. Жаңа жобаның негізіне тоқ­талған Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төра­ғасы Е.Әбдіқадыров Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасының мақсаттары мен міндеттері, аза­маттық сот ісін жүргізуді жеңіл­дету мен жеделдету турасында айтты. Конференция жұмысы барысында Еуропа Кеңесінің адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың заңгері В.А.Лукашевич жаңа АІЖК жобасында әділ сот талқылауының халықаралық стандарттарын іске асыру мәселелері, Берлин қаласы Жер сотының төрағалық етуші судьясы, Гер­ма­ния халықаралық құқықтық ын­тымақтастық қорының (IRZ) сарап­шысы Лотар Юнеманн Герма­нияның істі сот талқылауына дайындау және соттағы татуластыру рәсімдері жөніндегі тәжірибесі, Ресей Федерациясы Жоғарғы Со­тының судьясы А.А.Кликушина сот актілерін қайта қарау мен Ресей Федерациясының тәжірибесі туралы және басқа да баяндамашылар жоба бойынша сөз сөйледі. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».