• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 27 Желтоқсан, 2022

Сенаторлар ұлттық нейрохирургия орталығының қызметімен танысты

266 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев бастаған Палата депутаттары Ұлттық нейрохирургия орталығына барып, медициналық нысанның негізгі құрылымдарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуда, денсаулық сақтаудың сапасы мен қолжетімділігін арттыруда Ұлттық нейрохирургия орталығының рөлі зор екенін айтты. Бұл сала мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі екені белгілі.

Сенат Төрағасы алдағы уақытта елімізде осы саланы дамыту жұмыстары одан әрі жалғаса беретінін және медициналық қызметкерлерді қолдау үшін барлық тиісті шаралар қолға алынатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына үнемі баса мән беріп келеді. Денсаулық сақтауға бөлінетін қаржы көлемі де ұлғая береді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жетілдіріледі. Қазіргі таңда халық тарапынан аталған сақтандыру жүйесіне қатысты түрлі сыни пікірлер жиі айтылып жүр және олар негізсіз емес. Бүгінде 3 млн-ға жуық азаматымыз медициналық сақтандырудан тыс қалып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта дәрігер мәртебесі заңмен бекітіледі. Медициналық қызметкерлерді қорғау және қолдау шаралары күшейіп, мамандықтың мәртебесі арта түседі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын медициналық қызметкерлердің жалақысын ұлғайтуға қатысты шаралар қабылданып жатыр», деді Мәулен Әшімбаев.

Аталған іс-шара барысында сенаторларға радиология және радиохирургия бөлімшесінің жұмысы туралы мәліметтер берілді. Мұнда заманауи «Гамма-пышақ» кешені орнатылған. Ол күрделі нейрохирургиялық ота жасауға мүмкіндік береді.

Орталық төрағасы Серік Ақшолақовтың айтуынша, «Гамма-пышақ» ісіктерді, қан тамырлары мен функционалдық ми ауруларын емдеу үшін қолданылады. Бұл жағдайда мидың сау тіндері және науқастың бүкіл денесі сәулеленбейді. Сонымен қатар депутаттарға госпитальдық фармация бөлімшесінің қызметі таныстырылды. Онда емдеудің тиімділігін және дәрілік заттарды пайдаланудың ұтымдылығын арттыруға мүмкіндік беретін технологиялар бар.

Кездесуге Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Ақмарал Әлназарова және Бақытжан Жұмағұлов, еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, сондай-ақ Орталықтың қызметкерлері қатысты.