• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2010

АРМИЯ АЙБЫНЫН АСЫРҒАН КӨРМЕ

428 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні Астанада еліміз Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен “KADEX- 2010” бірінші қару-жарақ және әскери-техни­ка­лық мүліктердің халықаралық көрмесі бас­талды. Оның ашылу салтанатын Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев пен елімізге ресми сапармен келген Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл арнайы келіп тамашалады. Аталмыш көрме Әскери әуе күштерінің елордадағы авиация­лық базасы аумағында ұйымдас­ты­рылып отыр. Көрмені ұйымдас­ты­руға негізгі ұйытқы болған “Ас­та­на-Экспо КС” көрме компаниясы. Халықаралық көрмеге Австрия, Беларусь, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Қы­тай, Корея, Ресей, Словакия, Түр­кия, Украина, Франция, Чехия секілді өзге де елдердің кәсіп­орын­дары қатысуда. Әлемнің 20 елінен келген 200-ден астам компания өздерінің қару-жарақ және әскери техника, ІT-технологиялар, байланыс, құ­ры­лыс және медициналық мүлік­терін көрермен назарына ұсынды. Көрменің маңызды бөлігін Қазақ­стан Қарулы Күштерінің қажетіне сай тауар өндіретін отандық кә­сіпорындардың өкілдері құрап отыр. Қазақстан тарапынан өз өнімдерін көрменің арнайы де­меушісі “Казахстан инжиниринг” ұлттық компаниясының бірнеше еншілес кәсіпорындары ұсынды. Көрменің басты мақсаттарының бірі отандық кәсіпорындардың мүм­кіндіктері мен келешегін, олар­дың Қазақстан Қарулы Күш­тері, өзге де әскерлер мен әскери құралымдардың сұранысына сәй­кес дамуын сараптау болып та­былады. – “KADEX-2010” көрмесі біз үшін республикаға әскери және арнайы өнімдер шығаратын шетелдік ірі кәсіпорындарды тартуға мүмкіндік тудырып отыр, – деп атап өтті еліміз Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков. – Көрмеге қатысатын беделді халық­аралық құрам отандық өнеркәсіпті да­мыту мен ғылыми-техникалық ба­заны жетілдіруге зор ықпал етеді. Қазақстан Қорғаныс ведом­ствосы басшысының шақыруымен көрмеге Қытай, Иран қорғаныс министрлері мен Оңтүстік Корея қорғаныс министрінің орынбасары келді. Сонымен қатар көрмеде Ресей Федерациясы, Беларусь, Украина республикаларының ір­гелі қорғаныс-өндірістік компа­ния­ларының басшылары да болды. “KADEX-2010” қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі шеңберінде конферен­циялар, семи­нарлар, тұсаукесерлер мен дөңгелек үстелдер өткізілуде. Оған Қазақстан Қарулы Күш­терінің құрылымдық бөлімшелері, кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандары, сондай-ақ, отандық және шетелдік кәсіп­орындардың өкілдері қатысуда. Көрменің ашылу салтанатынан кейін оған қатысушылар мен тама­шалаушы қонақтар үшін еліміздің Қарулы Күштері арнайы бөлім­дері­нің жауынгерлік техника үлгі­лерін көрсетуге арналған көр­се­тілім бағдарламасы ұсынылып, жиылған жұртты тәнті етті. Әуе қорғанысы күштерінің ұшу топтары, СУ-27 және Миг-29 ұшақ­тарымен жоғары санаттағы ұшқыштар өз өнерлерін талант­тарымен барынша ұштастырып, көрме қонақтарын таң-тамаша қал­дырды. Құрметті қарауыл ротасы мен қазақстандық бронды техни­ка­лардың жоғары техникалық мүм­кін­діктері де көпшілік назарын аудар­ды. Аэроұтқыр әскерлердің десантшы жауынгерлері пара­шют­пен секіріп талайды тамашаға бөле­гені айбынды армиямыздың шың­далған сарбаздарының жауынгерлік ерекшеліктерін жаңа қырынан көрсеткендей. Осы күні еліміз Қорғаныс ми­нистрінің және арнайы келген компаниялар өкілдерінің қатысуы­мен “Көрме” орталығында “Қару­лы Күштерді технологиялық модер­низациялау және Қазақстан Рес­пуб­ликасы қорғаныс-өндірістік кешенінің дамуы” тақырыбында ха­лықаралық әскери-техникалық кон­ференция өтті. Жиынға қатысу­шылар мемлекеттік әскери-тех­никалық саясат шеңберінде Қазақ­стан армиясының техникалық жабдықталуының болашағын, сондай-ақ, Қазақстанның және басқа да елдердің қорғаныс-өнді­рістік кешенін интеграциялау мүмкіндіктерін талқылады. Айтулы көрменің салтанатты жа­былу рәсімі ертең қоры­тындыланбақ. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ