Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың отбасына көрсетілген материалдық көмек туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгінгі күні «Қазақстан халқы» қоғамдық қоры қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың отбасыларына 1,1 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті», деп хабарлады Бас прокуратура.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты, оның 219-ы бейбіт тұрғындар, 19-ы құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Осы оқиғалардың салдарынан 16 медицина қызметкері, 34 өрт сөндіруші және 8 құтқарушы дене жарақатын алды.
«Сотқа барлығы 673 қылмыстық іс жолданды, олар бойынша 1222 адам сотталды, оның ішінде 160 адам бас бостандығынан айырылды», деп толықтырды Бас прокуратура.