• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Президент 30 Желтоқсан, 2022

Конституциялық Сот: Әділдік пен заңдылық жолындағы маңызды қадам

286 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент Сенатының отырысы өтті. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отырыстың күн тәртібін жариялап, дауысқа салды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты депутаттарының алдында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы алдымызда тұрған негізгі мақсат еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру екенін атап өтіп, келесі жылы барлық саладағы реформалар жалғасын табатынын жеткізді.

– Биыл еліміз зор қатерге тап болды. Дегенмен біз қиындықтың бәрін еңсердік. Барлық салада жүйелі реформаларды қолға алдық. Үш жарым жыл бұрын басталған саяси өзгерістер биыл тың қарқынмен жалғасты. Реформаның ауқымы кеңейді. Біз үшін бұл өзгерістерді жалпыұлттық диалог арқылы жүзеге асыру өте маңызды. Осы мәселеге байланысты Парламенттің рөлі әлдеқайда жоғары болмақ. Сондықтан келе жатқан Парламенттік сайлауға мен өзім Мемлекет басшысы ретінде айрықша мән беріп отырмын. Бұл сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін біртіндеп арт­тырып жатқанымызды және Конс­ти­туциялық реформалар арқылы көптеген өзгеріс жасағанымызды атап өтті.

– Күшті Парламенті бар Прези­денттік республика жүйесіне көштік. Пре­зиденттің жақын туыстарына жоғары ла­уазымдарды иеленуге тыйым салынды. Ал Президенттің өзі қызме­тін атқарған кезде ешбір партияға мүше болмауға тиіс. Бұл талап заң жүзінде бекітілді. Мемлекет басшысы саяси күштердің бәрінен тысқары тұрады. Енді Президент 7 жылдық мерзім­ге бір рет қана сайланатын болды. Яғни билікті жеке-дара иеленуге жол беріл­мейді. Жоғары лауазым иелері ауысып оты­рады. Саяси үдерістер ашық, саяси жүйе орнықты болады. Бірқатар өкілеттік Президенттен Парламентке, орталық­тан аймақтарға берілді. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламенттің рөлі және мәртебесі артты. Саяси партия­ларды тіркеу тәртібі жеңілдеді. Аталған маңызды өзгерістер Конституцияға енгізілді. Елімізде жалпыұлттық референдум және Президент сайлауы өтті. Жұртшылық реформаларды қолдап, дауыс берді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мем­лекет басшысы адам құқығын қорғау саласына әрдайым айрықша мән беретініне тоқталып, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар екенін айтты.

– Өлім жазасына біржола тыйым салдық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза қатайды. Сот рефор­масы жүзеге асырылып жатыр. Заң үстемдігі және қазылардың дербес әрі әділ болуы – басты назарда. Тағы да қайталап айтамын: әділдік пен заңдылық­ты қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Қоғам бізден осыны күтіп отыр. Сон­дық­тан биыл адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасты. Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдік және иммунитет берілді. Бас про­ку­рордың құқық қорғау құзыреті күшей­тілді. Конституциялық Соттың құрылуы аса маңызды қадам болды. Бұл орган жаңа жылдан бастап жұмысқа кіріседі. Ол Ата заң нормаларының қатаң сақталуын қам­тамасыз етеді. Консти­туциялық Сот азаматтардың құқықтары мен бостан­дық­тарын қорғау ісіне зор үлес қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл бастама азаматтарымыздың өз құқығы мен ер­кін­дігін қорғауына жаңа мүмкіндік береді. Конституциялық Соттың мұндай моделі дамыған елдердің көпшілігінде қолданылады және Конституцияның үстемдігін орнатуға ықпал етеді.

– Азаматтардың конституциялық құқық­тарының бұзылуына қатысты өтініш­терімен жиі айналысатын Бас прокурор мен Адам құқықтары жө­нін­дегі уәкіл де Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Қараша айында Парла­мент «Конс­титуциялық Сот туралы» Конс­титуциялық заң қабылдады, ол оның жұмыс тәртібін реттейді және конс­титуциялық іс жүргізу принциптерін анықтайды. Қазіргі уақытта Консти­ту­ция­лық Сот аппаратын реформалау жұ­мыс­тары аяқталып келеді, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент Конституциялық Соттың кадр­лық құрамын жасақтау кезінде сабақ­­тастық сақталуға тиіс екенін айта келіп, жаңа органның төрағасына ай­рық­ша мін­­дет жүктелетініне назар аударды. Осы ретте Мемлекет басшысы осы жауапты қыз­метке Эльвира Әбілхасымқызы Азимо­ваны ұсынды.

– Эльвира Әбілхасымқызы – тәжі­рибелі, білікті маман. Заң шығару жұмы­сын, халықаралық құқық саласын өте жақ­сы біледі. Ол 20 жылдан астам уақыт Әділет министрлігінде еңбек етті. Қатар­дағы қызметкерден министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 2019 жылдан бері Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді. Сіздерден Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымынан босатып, Конституциялық Соттың төрағасы лауазымына тағайындауға келі­сім беруді сұраймын, – деді Мемлекет бас­шысы.

Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы Эльвира Әбілхасымқызы Ази­мо­ваның кандидатурасын бірауыздан қолдады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына Артур Ермекұлы Лас­таевтың кандидатурасын ұсынды. Сенат депутаттары Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.