Биыл елімізде тамақ, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, мұнай өңдеу секілді салаларда жаңа кәсіпорындар ашылды. Экономиканың нақты секторын нығайту басқа салаларға мультипликативті әсер беретінін ескерсек, жүзеге асырылған жобалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына арқау болды.
Өнеркәсіптегі өсім
Жалпыұлттық пул шеңберінде биыл құны 2 трлн теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылып, 15,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Негізгі жобалардың бірі ретінде Атырау облысында қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты ерекше атап өтуге болады. Ол бірден аталған өнімді өндіретін әлемдік компаниялардың үздік ондығына енді. Саран индустриялы аймағында жыл сайын 3,5 млн шина шығаруға қауқарлы алғашқы отандық зауыт жұмысын бастады. Оның отандық автомобиль өндірушілердің қажеттіліктерін толығымен жабуға мүмкіндігі жетеді деп күтіліп отыр. Жобаға тартылған инвестиция көлемі 171 млрд теңге.
Сондай-ақ Шымкентте «Оңтүстік» индустриялық аймағы базасында алюминий банкалар мен сусындарға арналған қақпақ түрлерін шығаратын зауыт ашылды. Ол Орталық Азиядағы ең қуатты зауыттардың бірі саналады. Мұнда жылына 500 млн дана өнім шығарылады және ішкі қажеттілікті 65 пайызға жабады. Шығыс Қазақстан облысында май экстракциялық зауыты (жылына 300 мың тонна, өнім 100 пайыз экспортқа жіберіледі), Маңғыстау облысында сорғы штангалары мен муфталар шығаратын зауыт (жылына 650 мың дана өнім шығарылады, ішкі қажеттілікті 78 пайызға жабады) өз жұмысын бастады. Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндірісі кеңейтілді (жылына 1,5 млн тонна). Өндіріс Қазақстанда аталған өнім түрін шығаруды екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, 2022 жылғы жаңа жобалар барлығы жобаланған қуаттылығына жеткен кезде олардың жиынтық өндіріс көлемі шамамен 1,7 трлн теңгені құрайды, оның ішінде экспорт 1,1 трлн теңге, импортты алмастыру 0,6 трлн теңге.
Сонымен қатар биыл Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытудың 2026 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Оның негізгі мақсаты – ішкі нарықты кейіннен экспортқа шығарылатын отандық өндірістің бәсекеге қабілетті тауарларымен қамтамасыз ету. Жалпы, бағдарлама шеңберінде 761 түрлі тауар шығаруды жолға қою жоспарланып отыр. Бұл болашақта шикізаттық емес экспортты шамамен 15 млрд долларға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Агросектордағы оң қадам
2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы ең жоғары өсу қарқынын көрсетті: жалпы өнім көлемі 8,5 пайызға ұлғайып, 8,8 трлн теңгені құрады.
Биыл әлемдік азық-түлік нарығында қалыптасқан құбылмалы жағдайға байланысты ықтимал тәуекелдерді азайту үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есеге (110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін) ұлғайтылды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне тағы 40 млрд теңге бағытталды. Бұл фермерлер үшін ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді: 1068 бірлік техника, оның ішінде 188 комбайн мен 880 трактор сатып алынды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 10 жылда болмаған өнім алынды. Мәселен, астықтың орташа өнімділігі 14,2 центнер/гектар болып, бункерлік салмақта 22,8 млн тонна астық бастырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға артық. Жиналған астықтың 80 пайыздан астамының сапасы жоғары.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2022 жылы 214 млрд теңгені құрайтын 227 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін олардың санын 237-ге жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекет меншігіне 5,2 млн гектар ауылшаруашылық учаскелері қайтарылды, 2023 жылы тағы 5 млн гектарды қайтару көзделген. Сондай-ақ көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар одан әрі іске асырылды. Оның шеңберінде 2021-2022 жылдары қуаты 201,1 мың тонна болатын қоймалар ашылды.
Айта кетейік, негізгі азық-түлік тауарларымен өзін-өзі толық қамтамасыз ету жөніндегі индикаторларға қол жеткізу үшін осы жылы елдің Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2024 жылға дейінгі жоспары және қант саласын дамытудың бес жылдық кезеңге арналған кешенді жоспары қабылданды. Осының нәтижесінде республикада азық-түлік өндірісі 4,2 пайызға, оның ішінде өсімдік майы 51 пайызға, қант 46 пайызға, жарма 18 пайызға, балық (жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған) 18 пайызға, ұн 11 пайызға, өңделген күріш 5,5 пайызға, шұжық өнімдері 5,4 пайызға, макарон 4,5 пайызға өсті.
Көлік-логистика көрсеткіштері
Қазақстанның негізгі экономикалық артықшылықтарының бірі – көлік-логистика әлеуетінің жоғарылығы. Оны одан әрі дамыту үшін 2030 жылға дейінгі тиісті тұжырымдама әзірленді. Құжат аясында жолаушылар мен жүк жеткізу жылдамдығын арттыру, цифрландыру мен зияткерлік басқару жүйелерін енгізу, экономикалық жағынан белсенді орталықтар мен елді мекендер арасындағы көлік қатынастарын дамыту, халықаралық транзиттік-көлік дәліздерінің, логистикалық терминалдардың өткізу қабілетін арттыру жөніндегі шаралар қарастырылған.
Күзде ұзындығы 836 шақырым Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы басталды. Бұл – теміржол инфрақұрылымы саласындағы ең ірі жоба. Бұдан басқа бірқатар жоба әзірленіп жатыр: Дарбаза – Мақтаарал (106 шақырым, 2024-2025 жылдар), Бақты – Аягөз (270 шақырым, 2024-2025 жылдар), Алматы айналмалы жолы (73 шақырым, 2023-2024 жылдар).
Ірі инфрақұрылымдық бастамалармен қатар магистралдық теміржол желісін және кірме жолдарды жаңғырту бойынша жоспар жасалды. Алдағы үш жылда 2 мың шақырымнан астам теміржолға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Халықаралық көлік бағыттарын дамыту шеңберінде Қазақстан Әзербайжан, Түркия және Грузия елдерімен 2022-2027 жылдарға арналған «тар» дәліздерді синхронды жою және Транскаспий халықаралық көлік бағытын нығайту жөніндегі бірлескен Жол картасына қол қойды. Бұл тұрғыда мемлекет Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін арттыруды, «контейнерлік хаб» салуды, сондай-ақ сауда флотын 10 жаңа пароммен толықтыруды жоспарлап отыр. Осыған ұқсас іс-шаралар басқа қол қоюшы елдер тарапынан қабылданады деп күтілуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан теміржолын» ұлттық көлік-логистикалық компанияға трансформациялау үдерісі басталды. Қазіргі таңда «Қазақстан теміржолы» жанынан құзыреттілік орталығы құрылды, оның негізгі міндеті – жаңа логистикалық өнімдерді ұйымдастыру және транзиттік жүк ағындарын трансқазақстандық бағыттарға қайта бағдарлау.
Жол құрылысының сапасын арттыру мақсатында Қазақстанның климаттық жағдайларына сай келетін озық технологиялар мен жаңа отандық материалдарды енгізуге бағытталған автожол саласын реформалау бойынша жұмыстар қолға алынды. Қолданыстағы автожол желісінің жалпы ұзындығы 2022 жылдың басында 96 мың шақырымды құрады, оның ішінде 24,9 мың шақырымы республикалық желі, 71 мың шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Осы жылы 7 мың шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүрді. Жалпы, 2025 жылға қарай республикалық жолдардың 100 пайызын және жергілікті жолдардың 95 пайызын нормативтік жағдайға келтіру, сондай-ақ 52 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жоспарлануда.