Елге шетел инвестициясын тарту – Үкімет жұмысындағы негізгі басымдықтың бірі. Бұл іске әкімдер мен министрлердің үлкен жауапкершілікпен қарайтыны да сондықтан. Осы орайда Қазақстан сыртқы қолайсыз жағдайларға қарамастан шетелдік инвесторлар үшін тұрақты инвестициялық ахуал қалыптастырып келеді. Геосаяси жағдайға байланысты Ресей нарығынан жылыстаған ірі компаниялардың Қазақстанға қоныс тебуі – соның дәлелі.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан – шетелдік инвестициялар ағыны бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет. Өңірдегі шетелдік инвестициялардың шамамен 70 пайызын біздің ел иеленіп отыр. Соңғы 10 жылда Қазақстанға бағытталған инвестициялар ағыны жыл сайын орта есеппен 24 млрд долларды құрады. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 23,7 млрд доллар инвестиция тартылды. Ал 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 пайызға өсіп, 14,5 млрд долларға жетті. Көрсеткіш 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы деңгейден (11,3 млрд доллар) әлдеқайда жоғары. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың мәліметінше, Қазақстан алдағы жеті жылда 150 млрд доллар инвестиция тартуды межелеп отыр.
– Біздің міндет – инвестициялар ағынының серпінін сақтап қана қоймай, олардың сапасын арттыру. Инвестициялар Қазақстан экономикасының өндіруші ғана емес, шикізаттық емес салаларына да бағытталуға тиіс. Мәселен, 2005-2010 жылдары барлық шетелдік инвестицияның шамамен 70 пайызы өндіруші сектордың (негізінен мұнай-газ) үлесіне тисе, кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш өңдеу өнеркәсібіне және басқа да салаларға бағытталған инвестициялардың ұлғаюы есебінен 45 пайызға дейін төмендеді, – дейді А.Айдаров.
Негізгі инвестор елдердің қатарында Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания секілді мемлекеттер бар. Ал тартымды салалардың ондығына ақпарат және байланыс, құрылыс, ауыл, орман және балық шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, көлік, тау-кен өнеркәсібі кіріп отыр. Өңірлер арасында Атырау облысы инвестициялық белсенділік бойынша алдына қара салар емес. Одан кейінгі орында Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысы тұр. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы жұмысты жандандыру қажет.
– Өздеріңіз білетіндей, бізде инвестиция тартудың 3 деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Онда 108 шетелдік мекемеміз сыртқы периметрде жаңа инвесторларды іздеуді, шетелдік инвесторлармен тікелей байланыс орнатуды және алғашқы келіссөздерді жүргізуді қамтамасыз етеді. Биыл елшіліктер шетелдегі компаниялармен 3 мыңға жуық кездесу өткізіп, олардың Қазақстанға 600-ден астам сапарын қамтамасыз етті. Орталық деңгейде және өңірлерде Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі инвесторлармен 2 700-ден астам кездесу өткізілді. Биылғы сын-қатерлерді ескере отырып, инвесторлар мен мемлекеттің тығыз әрі ашық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін диалог алаңдары белсенді режімде жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында 30 әлемдік трансұлттық компания мен халықаралық қаржы ұйымы басшыларының қатысуымен 4 кездесу өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, – дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Президент тапсырмасына сәйкес биыл Қазақстанда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы қалыптастырылды. Пул әлемнің 30-дан астам елінен тартылған 32 трлн теңгеге 935 жобаны жүзеге асыруды және шамамен 130 мың жұмыс орнын құруды көздейді.
Сондай-ақ Үкімет Ресей мен Беларусь елінде қызметін тоқтатқан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықаралық корпорацияларды Қазақстанға көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізді. 62 компания бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілді: 21-і релокацияланды, 13-і пысықталуда, тағы 28-імен белсенді келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, Honeywell (АҚШ) компаниясы Атырауда газ талдауыштарды, ал Алматыда басқару шкафтарын шығара бастады. Алдағы уақытта есептегіштер мен электр құрылғыларының өндірісін ашу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Петропавлға Ural Motorcycles (Ресей/АҚШ) ауыр арбалы мотоциклдер өндірісі көшірілді. Weir Minerals (Ұлыбритания) Алматыда сорғы жабдықтарын, гидроциклондар, бекіту арматурасын құрастыру және қалпына келтіру жөніндегі өндірістік орталығын ашты. Қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы автомобиль шығаратын Great Wall Motors (Қытай) зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Сондай-ақ нидерландтық Koppert компаниясы биотыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау зауытын, ал немістің Knauff компаниясы гипсокартон өндіретін кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.