Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторын қадағалау саясатының 2022 жылға арналған негізгі басымдықтары шеңберінде екінші деңгейдегі банктермен негізгі міндеттерді орындау мәселелері бойынша тоқсан сайынғы кездесу өткізді. Күн тәртібінде үш мәселе көтерілді, олар – активтер сапасын бағалау (AQR) нәтижелері бойынша қорытындылар, ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты жария ету жөніндегі ұсынымдар және стрестік активтерді сату бойынша цифрлық платформа құру жайы.
Банк секторы активтерінің сапасына тәуелсіз бағалау (Asset Quality Review, AQR) жүргізу банк секторының ашықтығын қамтамасыз ету үшін маңызды оқиға болды, оның негізгі мақсаттары – банктердің нақты жай-күйі туралы ақпаратқа қолжетімділікті арттыру есебінен банк секторының ашықтығын қамтамасыз ету, банктердің тұрақтылығын арттыру және секторға деген сенімді қалпына келтіру. 2020 жылғы сәуір – 2022 жылғы 1 желтоқсан аралығындағы кезеңде банктер түзету шаралары жоспарларының іс-шаралары жалпы санының (23 449 іс-шара) 90%-ын немесе 21 092 іс-шараны іске асырыпты.
«Екіжылдық кезеңде өткізілген іс-шаралардың нәтижелері банктердің негізгі бизнес-процестерінің едәуір өзгергенін, корпоративтік басқару мен ішкі бақылаудың жетілгенін, тәуекелдерді бағалау жүйесінің жақсарғанын, олардың капитал мен кірістілік көрсеткіштеріне әсер еткенін көрсетті. AQR қорытындысы бойынша Қазақстан заңнамасы банк қызметін реттеу мәселелері бойынша жетілдірілді және ХҚЕС-қа сәйкес келтірілді. Қалған 10% іс-шараны іске асыру, негізінен, жаңартылған бизнес-процестерді автоматтандырумен байланысты», делінген агентттік хабарламасында.
Сондай-ақ агенттік Халықаралық қаржы корпорациясымен бірлесіп іске асырылатын қаржы ұйымдарының ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты жария етуі бойынша және ESG-тәуекелдерді басқару бойынша ұсынымдар әзірлеу жөніндегі жобаға қатысты ақпарат ұсынды. Бұл ұсынымдар Жаһандық есептілік бастамасы (GRI), Орнықты даму саласындағы есепке алу стандарттары жөніндегі кеңес (SASB), Халықаралық интеграцияланған есептілік жөніндегі кеңес (IIRC), Климатқа байланысты қаржылық ақпаратты жария ету жөніндегі жұмыс тобы (TCFD), Халықаралық орнықты даму стандарттары жөніндегі кеңес (ISSB), Еуропалық банктерді қадағалау қызметі (EBA) сияқты ұйымдардың орнықты дамуы туралы ақпаратты жария ету саласындағы 6 озық халықаралық стандартына негізделген.
«Қаржылық емес ақпаратты жария ету үш блок: маңызды ESG-ақпаратты айқындау, ESG-факторларды басқару, корпоративтік басқару шеңберінде жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бірінші блок қаржы ұйымдарының «қоршаған орта», «климат», «қызметкерлер», «азық-түлік және тұтынушылар», «қаржылық инклюзия», «этика» сияқты, олардың қызметіне елеулі әсер етуі мүмкін ESG факторларын айқындауын көздейді.
Екінші блок шеңберінде қаржы ұйымдары тиісінше басшылық ету және ESG-факторларын басқаруды қамтамасыз ету үшін пайдаланатын құрылым мен үрдістерді жария ету ұсынылады. Бұл блок орнықты дамуды басқаруды, стратегияны, тәуекелдерді басқаруды және тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) басқаруды қамтиды. Үшінші блок корпоративтік басқару мәселелерін қамтиды және ESG практикаларына басымдық беру, директорлар кеңесінің қызметі, бақылау ортасы, акционерлердің құқығы және мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл туралы ақпараттан тұрады», деп түсінік берген.
Агенттіктің стрестік активтер деңгейін азайту жөніндегі жоспарлы жұмыс шеңберіндегі басты міндеттерінің бірі – цифрлық платформа негізгі элементі болып есептелетін, стрестік активтер нарығы үшін толыққанды инфрақұрылым құру.
«Цифрлық платформаны құру проблемалық активтер туралы ақпаратты стандарттауға және нарықтың ашықтығын арттыруға, сатушылар мен инвесторлар арасындағы «ақпараттық асимметрияны» еңсеруге, инвесторлар базасын кеңейтуге ықпал етеді және сатылатын стрестік активтер туралы ақпараттың жалпыға қолжетімді көзі болады. Платформа нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы орын алған баға алшақтығын қысқартуға және стрестік активтерді сатып алу мен сатудың толыққанды қайталама нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді», деп мәлімдеді агенттік басшылары.
Цифрлық платформаны құру моделі бірыңғай талаптарды қанағаттандыратын бірнеше цифрлық платформаны аккредиттеуді және оның одан әрі жұмыс істеуін көздейді. Мұндай тәсіл қолданыстағы және құрылатын платформаларға тең қолжетімділікті сақтамақ, сондай-ақ инвесторлар үшін стрестік активтермен сауда-саттық үдерісінің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты цифрлық платформаларға қойылатын бірыңғай талаптар заңнамалық деңгейде белгіленетін болады. Осы талаптарға сәйкес келетін платформалар ғана сатылымдар жүргізу құқығына ие болады, яғни платформаларды аккредиттеу процесі енгізіледі.