Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасы – Петропавлдағы байырғы емдеу мекемелерінің бірі. Жыл сайын 11 мыңға жуық балаға стационарлық көмек көрсететін аурухананың 11 бөлімшесі бар. Жылына түрлі науқасқа 2,5 мыңдай операция жасалады. Әрине, біліктілігі жоғары мамандар жетіспесе де көптеген науқас бала біршама ем алған соң Астана мен Алматының білікті дәрігерлерінің қарауына жіберіледі.
Ауруханаға биыл алынған шетелдік МРТ (магнитті резонансты томография) аппараты 1,6 мың баланың диагнозын анықтады. Жалпы қуаты жылына 4 мың баланы түсіруге жеткілікті.
Жуырда облыс әкімі Айдарбек Сапаров аурухана қызметімен танысып, қымбат жарақтың тиімді пайдаланып жатқанына көз жеткізді. Мұнда тексеруден өткен 1,5 мыңнан аса науқас баланың 90 пайызынан астамының диагнозы дұрыс анықталған. Бірақ аппаратты нұсқаулықтағы режімнен ауытқымай қолдану шарт. Кейде аппараттың суу режіміне қарамай жедел жатқызылған науқастардың диагнозы дәл анықталмайды.
«Балалар науқасының диагнозы дәл анықталса, емдеу әдістері де дұрыс анықталады. Яғни емдеудің тиімділігі артатыны сөзсіз. Қазір аппаратты арнайы даярлықтан өткен мамандар қолданады. Кейінгі кездері балалар сырқаты азайды», деді А.Сапаров.
Бұрын науқастарды басқа ауруханаларға тасуға тура келетін. Енді ондай ыңғайсыздық жойылды. МРТ-мен қоса биыл компьютерлік томограф, операция және оңалту қондырғылары да орнатылды.
ПЕТРОПАВЛ