Жақында Достық үйінде облыстық халық шығармашылығы үйінің ұйымдастыруымен өткен «Отаным – отбасым» атты отбасылық ансамбльдердің аймақтық байқауына Қазақстанның батыс өңіріндегі облыстардан 13 өнерлі отбасы қатысты. Байқау шымылдығын республикаға танымал ақтөбелік өнер тарландары Қанат пен Светлана Айтбаевтар әнмен ашты. Одан кейін байқау қатысушыларына елу жыл бойы жұптары жазылмай, жарасты шаңырақ астында өмір сүріп, 6 бала, 12 немере, 2 шөбере сүйіп отырған қадірменді қариялар Болат пен Бақытшекен Шалабаевтар ақ баталарын берді. Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан өнер додасына қатысушыларға құттықтау сөз арнап, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданы, Жалпақтал ауылынан келген Қабиевтердің, Қаратөбе ауданынан келген Байтеміровтердің халықтық атағы бар отбасылық ансамбльдерінің өнеріне көрермендер риза болды. Атырау облысы, Қызылқоға ауданынан келген Қарабалиндердің халықтық, Маңғыстау облысы, Қарақия ауданының Жакуповтердің отбасылық ансамбльдері сахна сәнін келтіріп, байқауды әнмен әдіптеп, күймен көмкерді. Ақтөбеліктердің намысын қай сайыста да қолдан бермей жүрген ырғыздық Есмұрзиндер отбасы бірінші орынға лайық деп танылды. Екі екінші орынның бірі – байғаниндік халықтық Әнуаровтар, екіншісі, ойылдық Махметовтер отбасылық ансамбльдеріне бұйырды. Ал үш үшінші орынды атыраулық Қарабалин, батысқазақстандық Байтеміровтер, маңғыстаулық Жакуповтер ансамбльдері иеленді. «Ұлттық өнерді насихаттағаны үшін» номинациясына Алға ауданынан келген Кремерлер, «Дәстүрлі әнді дәріптеген» номинациясына ақтөбелік Жетесовтердің «Шашу», «Көрермендер көзайымы» номинациясына Темір ауданынан келген Шылмурзиндердің, «Гүлсана», «Мерейлі отбасы» номинациясына мұғалжарлық Сейтімовтердің, «Әсемдігімен әрлендірген» номинациясына хромтаулық Қазбаевтардың, «Өнерлілер ордасы» номинациясына әйтекебилік Оразымбетовтердің отбасылық ансамбльдері ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
СатыбалдыСӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.