• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Қаңтар, 2023

Жағдайы тұрақты банктер

580 рет
көрсетілді

Қазір Қазақстанда екінші деңгейлі 21 банк жұмыс істейді. Өткен жылдардағы цифрларға қарасақ, банктердің біршама сиреп қалғанын байқаймыз. 2014 жылы елімізде 38 банк жұмыс істесе, 2017 жылы – 32, 2020 жылы – 26, ал 2022 жылы қыркүйекте 22 банк болды. Әрине, жұмысы өнбеген банктердің нарықтан кетіп, стратегиясы әлсіз ұжымдардың күшті институттар құрамына жұтылуы – табиғи заңдылық. Осыдан екі-үш жыл бұрын ел аумағында Tengri Bank, Delta Bank, Qazaq Banki, Astana Bank секілді қаржы мекемелерінің болғанын біріміз біліп, біріміз білмейміз.

Банктердің іріктеліп, сұрып­тал­уы халық тарапынан оларға деген сенімнің қаншалықты берік орнығуына да байланысты. Ха­лық­тың қаржылық сауаттылығы артып келеді. Бұл орайда азаматтар қай банкке ақшасын сеніп тапсырып (депозит), қай банктен несие рәсімдеу керегін сараптай бас­­тайды. Банктердің қызметін пайдаланар алдында жаһан бойынша үздік үштікке кіретін халықаралық рейтинг агенттіктерінің зерттеулеріне көз жүгірткен артық болмайды.

Ranking сарапшылары актив көлемі бойынша еліміздегі үздік он банктің тізімін жасаған. Көш басында – «Отбасы банк» пен «Halyk Bank». Fitch агенттігі бұл екі қаржы институтының жағдайын «Тұрақты» деп бағалаған. Одан кейінгі орындарда – Kaspi Bank, ForteBank, «Банк ЦентрКредит» және Jusan Bank.

Банк сапасын бағалайтын ерекше маңызды фактордың бірі, олардың актив көлемі. Бұл ретте «нашар» активтер үлесіне назар аудару өте маңызды. Өйткені банктің қарыз портфелінде мерзімі өткен берешектер (төленбегеніне 90 күннен асқан қарыздар, NPL 90+) қаншалықты көп болса, банктің актив сапасы да мәз емес деген сөз. Бұл жерде үздік көрсеткіш «Отбасы банкте». Бұл қаржы ұйымындағы NPL 90+ үлесі небәрі 0,08 пайызды құрайды. Одан кейінгі орындарда «Halyk Bank» (NPL 90+ үлесі – 2,3 пайыз); «Банк ЦентрКредит» (NPL 90+ үлесі – 2,9 пайыз); Bank RBK (NPL 90+ үлесі – 3,2 пайыз).

Пруденциялық талаптардың орын­далуына байланысты үздік ондық ішінде үдеден шыға алмай отырған жалғыз қаржы институты – Bereke Bank (бұрынғы «Сбербанк»).

Банктердің даму стратегиясы мен орнықтылығын олар ұсынып отырған өнімдерге қарап та бағалауға болады. Қазір халық банктердің бөліп төлеу ұсыныстарына жиі қызығушылық танытады. Елдегі екінші деңгейлі 21 банктің жетеуі бөліп төлеу карталарын ұсынады екен. Картаны серіктестік желіге байламай және комиссиясыз ұсына­тын жалғыз банк – Altyn Bank. Бұл банктің картасы арқылы әлем бо­йынша 6 айға бөліп төлеу шартымен сауда жасауға болады.

Өз кезегінде «Банк ЦентрКредит» пен Halyk Bank серіктестік желі­лер­ден тыс сатылымдар бойынша айы­на 1 пайыз көлемінде комиссия ұстайды. Тағы екі банк серіктестік желісінен тыс бөліп төлеу картасын әдеттегі несие картасы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Олар – «Банк Хоум Кредит» және «Еуразиялық банк».

«Kaspi Bank» өз картасы бо­йынша бөліп төлеуді тек серіктестер желісі аясында ғана ұсынады: комиссиясыз, 3 айға бөліп төлеу шартымен. ForteBank-тің ресми сайтында мерзім және комиссия бойынша шарт жоқ.

«Бөліп төлеу картасы бойынша мак­сималды несие лимитін «Банк ЦентрКредит» (7 млн теңгеге дейін) және «Altyn Bank» (5 млн теңгеге дейін) ұсынады. «Halyk Bank», «Еуразиялық банк» және «ForteBank» – 3 млн теңгеге дейін, «Банк Хоум Кредит» – 2 млн теңгеге дейін, ал «Kaspi Bank» 150 мың теңгеге дейін лимит ұсынады. Бөліп төлеу картасынан ақша шешіп алу мүмкіндігі 5 банкте қарас­ты­рылған. Олар – «Altyn Bank», «Банк ЦентрКредит», «Банк Хоум Кредит», «Еуразиялық банк» және «ForteBank». «Halyk Bank»-тен басқа банктің барлығы бөліп төлеу картасына қызметті тегін көрсетеді. «Halyk Bank» екінші жылдан бастап жылдық қызмет көрсету комиссия­сы ретінде 6 990 теңге көлемінде комиссия ұстап қалады», делінген Ranking зерттеуінде.

Мамандардың зерттеуінше, ұзақ уақыттан бері алғаш рет былтыр несие картасының саны жылдық динамикада әжептәуір қысқарды. 2022 жылдың қазан айының қоры­тын­дысы бойынша елде 3,85 млн бел­сен­ді несие картасы бар. 2021 жылы мұндай карта саны 3,99 млн болған.

Айлық динамикада күрт құл­ды­рау 2022 жылдың басында бай­қалған – 2,6 млн картаға дейін азайып­ кеткен. Сосын жағдай бір­тін­деп реттеліп, жылдың соңғы ай­­ларында өсім қайта көрініс бере бас­таған.