• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2014

Төл спортымыз толықты

378 рет
көрсетілді

Жуырда қазақтың төл спортының тізімі тағы бір жекпе-жек түрімен толықты.  «Жауынгерлік күрес» деген атауға ие бұл спорт түрінің авторы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің профессоры Халық Қожахметов. Оның айтуынша, «Жауынгерлік күрестің» пайда болуы оның әралуандығымен қоса Еуразияның бейнесін ежелгі уақыттан қазіргі күнге дейін анықтап көрсете алатын далалық мәдениетпен тығыз байланысты. Оның қалыптасу кезеңін Қазақстан мен Орталық Азиядағы тарихи-мәдени құбылыстарды негізге ала отырып, үш ірі сатыға бөліп қарастыруға болады. Бірінші саты – қола дәуірінің қалыптасуы, екінші саты – ерте темір дәуірі, үшінші саты – орта ғасыр. Х.Қожахметов аталған күрестің ерекшелік­тері туралы да айтты. «Бұл күрестің басты ерекшелігі – алма күрес уақытында қолмен соққы жасауға, аяқпен іштен және жоғары тебуге, табан тіреп ұстатқан сәтте тобықтан қағуға, шалуға рұқсат етіледі, ал ұстасқан бетте қолмен аяқтан алуға болмайды. Баспен, шынтақпен, тіземен соққы жасауға болмайды. Құлап жатқан адамды тебуге, соғуға рұқсат етілмейді. «Жауынгерлік күрестің» ауқымы, көкжиегі өте кең, оның ең бір ерекше тұсы мұнда төрттағандату (партер) жоқ», – дейді ол. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл күресте самбоның, дзюдоның, қазақ және грек-рим күрестерінің элементтері кездеседі. Демек, әлемдік спорт түрлерімен ұқсас тұстары мол болғандықтан, оны өзге халықтардың тез қабылдауына да мүмкіндік зор.  «Заңды түрде тіркеліп, куәлікке ие болған бұл спорт түрін одан әрі насихаттап, Олимпиада деңгейіне жеткізсек нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Халық Қожахметов. Рәбия КЕРІМБАЙ,  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.