Бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде, оның ішінде денсаулық сақтау және медициналық білім беру саласында ауқымды әрі оң өзгерістер болып жатыр.
«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы басты бағыттардың бірі – денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, яғни сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету, емханаларды материалдық-техникалық жабдықтау ісін жақсарту, профилактикалық медицинаны дамыту, қазіргі заманғы озық технологияларды енгізу. Жоғарыда аталған шаралар еліміздегі халық денсаулығын нығайтуға және мықты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында қойылған негізгі міндеттер қатарына медициналық және фармацевтикалық білім беруді жетілдіру жатады. Осы бағдарламалық құжатта денсаулық сақтау жүйесін дамытудың ана мен бала өлімін азайту, әлеуметтік тұрғыдан маңызы бар аурулар санын азайту мақсаттары нақты көрсетілген. Сондай-ақ, оған қол жеткізудегі міндеттердің бірі – медицина саласына инновациялық технологияларды енгізу және дамыту.
Бұл орайда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында көзделген бірқатар негізгі мақсаттар жүзеге асырылды. Мысалы, аналар өлімі 6,7%-ға, балалар өлімі 17%-ға азайды, ал халықтың өмір сүру ұзақтығы 70,3 жасқа жетті.
Арнайы даярланған кәсіби мамандарсыз денсаулық сақтау жүйесінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар тиімді болуы мүмкін емес. Медицина саласының мамандарын даярлайтын және кәсіби тұрғыдан үнемі дамытатын жоғары оқу орындарына жүктелген жауапкершілік зор. Қазіргі уақытта елімізде медицина саласының мамандарын даярлаумен 6 мемлекеттік және 2 мемлекеттік емес жоғары оқу орны, сондай-ақ, көпсалалы жоғары оқу орнындағы 2 медицина факультеті айналысады. Жыл сайын республика бойынша шамамен жоғары медициналық және фармацевтикалық білімі бар 3 мың маман даярланады. 2013 жылы жоғары және орташа медициналық білімі бар 32858 маман отандық медициналық білім беру және ғылыми ұйымдар базасында біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарында білім алды.
Астана медицина университеті – елімізде ерекше қарқынмен дамып келе жатқан медициналық жоғары оқу орындарының бірі, оның өзіндік тарихы мен дәстүрі бар. Оқу орнының қызметі отандық денсаулық сақтау жүйесінің стратегиясын жүзеге асыруды барынша қамтамасыз ету мақсатында білім беруді, ғылым мен практиканы интеграциялауға бағытталған.
Университеттің 16 мыңнан астам түлегі Қазақстанның медициналық ұйымдарында, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердің клиникаларында қызмет атқарады. Оқу ордасының қызметінің нәтижелеріне бірінші кезекте жұмысқа орналастыру көрсеткішін жатқызуға болады. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты түрде артып келеді. 2013 жылы түлектердің 98,8%-ы жұмысқа орналастырылды.
Болашақ мамандар даярлау сапасын арттыру мақсатында ЖОО-ны басқару стратегиясы жетілдірілді. Университеттің 2013 жылы халықаралық асессменттен өтуі және Еуропалық сапа менеджменті қорының EFQM Кемелдік моделінің өлшемдері мен тұжырымдамаларына сәйкес жоғары баға алуы – стратегияның ойдағыдай жүзеге асырылуының дәлелі болып табылады. Қазіргі уақытта біз Кемелдік моделінің 5 жұлдызды сертификатының иегеріміз. Университетіміздің жетістіктерінің бірі ретінде өткен жылы ұлттық институциялық аккредиттеуден сәтті өткенін атауға болады.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында университетіміз бакалавриаттың «Стоматология» мамандығы және магистратураның «Медицина» мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларының ұлттық мамандандырылған аккредиттеуінен өтті. Сонымен қатар, ACQUIN (Германия) аккредиттеу агенттігі МВА білім беру бағдарламаларын және бакалавриаттың «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша білім беру бағдарламасын халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден өткізді.
Сондай-ақ, біз кейінгі кезде кәсіптік бағдар беру ісін дамыту және талапкерлерді іріктеу сапасын арттыруға жауапкершілікті арттырдық. Соңғы жылдары кәсіптік бағдар беру жұмысын жетілдіру нәтижесінде бірінші курсқа қабылданған талапкерлердің сапалық құрамы айтарлықтай жақсарды. 2013 жылы 1-курсқа қабылданған студенттердің 30%-дан астамы – «Алтын белгi» иегерлері, республикалық және халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлері.
Болон декларациясының ұсынымдарына сәйкес университетіміз білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамытады. Студенттер «Жалпы медицина», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Фармация» мамандықтары бойынша Литва, Польша, Италия университеттерінде білім алды. Қазіргі уақытта біз Ресейдің, Грузияның, Болгарияның, Чехияның, Латвияның медициналық университеттерімен ынтымақтастық туралы, оның ішінде академиялық ұтқырлық жөнінде шарт жасасып жатырмыз. Университет «Қазақстан Республикасының медициналық және фармацевтикалық білімді дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес ауруханалық басқару саласында іскерлік әкімшіліктендіру магистрлерін (МВА) даярлайды. Бұл бағдарлама бойынша магистрлер біздің университетте негізгі және бейіндік пәндерді оқиды да, шетелдік ЖОО-ларда міндетті тағылымдамадан өтеді, дәріс оқу үшін шетелдің ауруханалық менеджмент саласындағы жетекші мамандары арнайы шақыртылады. МВА бағдарламасы бойынша 4 жыл қатарынан түлектер оқу бітіріп шықты және ауруханалық басқару саласы бойынша 61 магистр даярлықтан өтті. Түлектердің барлығы да еліміздегі жетекші медициналық орталықтарда табысты еңбек етуде.
Қазіргі заманғы жұмыс жағдайында тек терең білімге ғана емес, диагноз қою мен емдеуде инновациялық технологияларды енгізу машықтарына деген қажеттілік туындауда. Мемлекеттік саясаттың білім беру саласындағы қағидаты – қызмет барысында кәсіптік даярлықты үздіксіз жетілдіру. Университетте үздіксіз кәсіптік дамыту және қосымша білім беру факультеті 10 жылдан аса уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Аталған факультет еліміздің солтүстік аймағындағы дәрігерлердің біліктілігін арттырумен айналысады. Үздіксіз кәсіптік дамыту факультетінің кафедраларында біліктілік арттырудан өткен дәрігерлердің саны жыл сайын артуда. Соңғы 3 жылда 10 мыңнан астам дәрігер біліктілік арттырды.
Оқу орнының оқытушылары халықаралық стандарттарға негізделген білім беру бағдарламалары мен кәсіптік бағдарламаларды жүзеге асырады, қашықтықтан оқытуда онлайн режімінде дәрістерді, басқа да тұсаукесерлері көрсететін вебинарлар, оқыту барысында интерактивті тренажерлар, клиникалық жағдаяттардың стимуляторлары кеңінен қолданылады. ТМД елдері арасында алғаш рет эндохирургия кафедрасының профессоры О.Оспановтың жетекшілігімен 3D режімінде стерео-кескінді пайдаланып эндоскопиялық хирургия бойынша шеберлік-сынып өткізілді. Соңғы жылдары «инсульт орталықтарын» ұйымдастыру шеңберінде 400 дәрігер, қан айналым жүйесінің ауруларынан туындайтын өлім-жітімділікті азайту мәселелері бойынша 358 маман, ана мен бала өлімі мәселесі бойынша 106 педиатр мен акушер-гинеколог, онкологиялық аурулардан сақтану мәселесі бойынша 150 дәрігер оқудан өтті. Дәрісті өз кәсібінің шебері, жетекші ғалымдар А.Жүсіпова, С.Абдрахманова, С.Ысқақов өткізді.
Оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми-зияткерлік әлеуеті тек биомедициналық ғылыми-зерттеу бағытында ғана емес, сараптамалық бағалау саласында да пайдаланылады. Мысалы, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығымен клиникалық хаттамаларды бейімдеу, жоғары мамандандырылған медициналық көмектің медициналық технологияларын тәуелсіз бағалау саласында жасасқан өзара ынтымақтастық және дәрілік препараттардың республикалық формулярын құруға қатысуымыз соның дәлелі. Ғалымдарымыз бен оқытушыларымыз қолданбалы зерттеулер, оның ішінде халықаралық гранттар шеңберінде де ғылыми жобаларды орындайды.
Академик, кафедра меңгерушісі Е.Даленов Профилактикалық медицина ғылыми мектебін құрды. Ғылыми мектептің құрамында академик Т.Шарманов, академик, ҚР Валеология академиясының президенті Л.Тель бар. Кафедра Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросымен, алыс-жақын шетелдердің ғалымдарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Профилактикалық медицина ғылыми мектебі «Астана тұрғындарының денсаулығы және дұрыс тамақтану» қалалық бағдарламасының бірлескен авторы. Медициналық радиобиология саласындағы белгілі ғалым П.Қазымбет біздегі радиобиологиялық зерттеу институтын басқарады. Ол республикамыздағы радиациялық қауіпті кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлердің радиациялық қауіпсіздігін, иондаушы радиацияның техногенді көздерінен халыққа төнетін радиациялық қауіпті азайту әдістері бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізетін жалғыз институт. Институттың зертханаларында Хиросима университетімен бірге, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша ғылыми-зерттеу бағдарламалары шеңберінде зерттеулер жүргізіледі. Қазақстан Рентгенорадиологтар қауымдастығының президенті Ж.Хамзабаев пен Қазақстан Маммологтар қауымдастығының президенті Р.Рахымжанованың басшылығымен Қазақстанда радиологиялық қызметті дамыту бойынша үлкен жұмыс атқарылуда. Радиология кафедрасының базасында сәулелік диагностика және сәулелік терапия бойынша 2 мыңнан астам маман, «Радиология» мамандығы бойынша 20-дан астам резидент оқу бітірді. Т.Сейсембеков, Б.Айнабекова, О.Цой, Н.Орловский, Д.Мұхамбетов, В.Люст, Р.Төлебаев, Р.Бектаева сияқты профессорлар жоғары білікті мамандардың бірнеше буынын даярлап шығарды.
Клиникалық кафедралардың меңгерушілері мен оқытушылары республикалық және халықаралық кәсіптік қауымдастықтардың мүшесі ретінде Астана қаласының тұрғындарына кеңес беріп, білікті медициналық көмек көрсетеді. Қызметкерлеріміз білім беру жүйесін жетілдіруге, халықтың денсаулығы мен өмір сапасын арттыруға белсене қатысатындығын сеніммен айта аламыз.
Үстіміздегі жылы Астана медицина университеті өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Мерейтой қарсаңында 2014 жылғы 5 қыркүйек күні «Медициналық білімді, ғылым мен практиканы интеграциялау» тақырыбында халықаралық конференция және университеттің 50 жылдығына арналған салтанатты шара өткізіледі. Университеттің барлық түлектерін және әріптестерімізді университетіміздің мерейтойына шақырамыз.
Астана медицина университетінің ұжымы Қазақстанның медицина саласының мамандарын алда келе жатқан кәсіби мереке – Медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтайды. Денсаулық сақтау саласының барлық мамандарына мықты денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыларына амандық тілейміз.
Мәжит ШАЙДАРОВ,
«Астана медицина
университеті» АҚ ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
АСТАНА.