• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 09 Қаңтар, 2023

Ерлік ұмытылмайды

261 рет
көрсетілді

Еліміздегі барлық әскери бөлімдер мен мекемелерде әскери борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған іс-шаралар өтті.

Өткен жылы 6 қаңтарда Алматы қалалық әкімдігін бұзақылардан қорғау кезінде 35-гвардиялық десанттық-ша­буылдау құрамасы командирінің орынбасары, подполковник Сәндібек Хайыров ерлікпен қаза тапты. Қаңтар оқиғалары кезінде Талдықорғанда қызметтік борышын атқару кезінде авиациялық базаның маманы ефрейтор Ғабдолла Смайылқанов қаза болды. Сәндібек Хайыровты Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдері мен мекемелерінде бір минут үнсіздікпен еске алды. Подполковник Хайыров қызмет еткен Қонаев гарнизонының десанттық-шабуылдау құрамасында митинг өтті.

– Қарулы күштерде Сәндібек Хайыров взвод командирінен десанттық-шабуылдау құрамасы командирінің орынбасарына дейінгі лауазымдарда қызмет атқарды. Ол нағыз десантшы ретінде соңғы сәтке дейін әскери борышына адал болып, ажалға қасқайып қарсы тұра білді. Жауынгер досымыз туралы естелік жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді десанттық-шабуылдау құрамасының командирі полковник Бейбіт Аманқалиев батырдың құрметіне ұйымдастырылған митингіде.

Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелерінде де еске алу іс-шаралары өтті.

– Қайратты, жас жігіттердің кісі қолы­нан қаза болуы қандай қиын?! Бұл біз үшін орны толмас үлкен қайғы. Ғаб­долла Смайылқанов соңына дейін өзінің әскери борышы мен антына адал болды. Біз оны әрдайым есте сақтаймыз, – деп атап өтті. Әуе қорғанысы күштері бас қолбас­шысының орынбасары, полковник Әлім Ибраев.

Талдықорғанда ефрейтор Ғабдолла Смайылқановтың құрметіне ол қыз­мет өткерген әскери бөлімде еске алу бұрышы ашылды. Іс-шараға Жетісу, Үштөбе гарнизондарының бастықтары, 21 751 әскери бөлімінің командирі, қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындары қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, әскери борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін подполков­ник Сәндібек Хайыров ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ефрейтор Ғабдолла Сма­йыл­қанов ІІІ дәрежелі «Айбын» орде­ні­мен (қайтыс болғаннан кейін) мара­паттал­ған болатын.