Бүгінде мұнай өнімдерін сақтау мен сатуға рұқсат беру тәртібін жеткіліксіз және уақытынан кеш құқықтық реттеу салдарынан жанармай құю бекеттеріне иелік ететін кәсіпкерлердің қызметіне құқық қорғау органдарының негізсіз араласатындығы баршаға мәлім болып отыр. Осы орайда тексеріс жүргізген прокуратура біраз жәйттің сырын ашты.
“Лицензиялау туралы” жаңа заңда бұрын заңды түрде жанар-жағармай материалдарын сатумен және жанармай құю бекеттерін пайдаланумен айналысқан тұлғаларды лицензияны алғанға дейін өз қызметін тоқтата тұру міндеттелмеген болатын. Бірақ бұған қарамастан, құқық қорғау органдары жанармай құю бекеттерінде оны сатумен айналысқан кәсіпкерлерге қатысты 2007 жылдың тамызынан лицензиясыз қызмет жасағаны үшін бірқатар қылмыстық істер қозғаған. Осыған байланысты Бас прокуратураның ресми өкілі бұрыннан заңды негізінде жанармай құю бекеттеріне иелік ететін және барлық құқықтық тетіктер орнатылғаннан кейін мұнай өнімдерін сақтау мен сату саласында қызмет етуге лицензия алған тұлғалардың әрекетінде заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, яғни Қылмыстық кодекстің 190-бабында көрсетілген қылмыстың құрамы жоқ деп есептейміз, дейді.
Сондай-ақ, Бас прокуратура Техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитетте жүргізген тексеру кезінде ведомствоның аумақтық бөлімшелері тауардың қайдан шыққаны туралы сертификат беруде Экономикалық даму және сауда министрлігінің заңға қайшы бұйрығына сүйене отырып, кәсіпкерлерден техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтастық туралы келісімді негізсіз талап еткенін анықтады. Соның арқасында бизнесмендердің құқығына нұқсан келтіретін аталған заңсыз бұйрықтың күші жойылды.
Александр ТАСБОЛАТОВ.