АСТАНА. 10 маусым. Еуразиялық экономикалық одақ қолайлы инвестициялық ахуал және өзге де қажетті жүйелерді қалыптастыруға жол ашады. Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті экономика және бизнес факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Раушан Ғабдуалиева осындай пікірде. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Раушан Ғабдуалиева: «Еуразиялық экономикалық одақтың дүниеге келуімен шикізаттық, адами, технологиялық түрдегі ортақ стратегиялық активтер базасы, яғни, әлемдік экономиканың сақтандыру жүйесі құрылды. Бүгінде әлемде экономикалық, кедендік және еркін экономикалық аймақтар деп саналатын 300-ге тарта мемлекетаралық құрылымдар жұмыс істейді. Еуропа елдерінің Еуроодағы да сондай құрылымның бірі. Азуын айға білеген алып держава АҚШ-тың өзі NAFTA деген ұйымға мүше. Бұл ұйымды бір құрлықта орналасқан АҚШ, Канада, Мексика өзара еркін сауда жүргізу үшін құрған. «Еуразиялық экономикалық одақ еліміздің тәуелсіздігіне нұқсан тигізбей ме?» деген сауалдың көпшіліктің көкейінде жүргені белгілі. Алайда, жаңа құрылымның тек қана экономикалық одақ екенін естен шығармау керек. Ықпалдастықтың басты қағидаттары экономикалық прагматизмге және ашықтық пен теңдікке негізделген», – деді.
Ғалымның айтуынша, бұл бірлестік 17 миллион халқы бар Қазақстанның кәсіпкерлері үшін өте тиімді. Олар өз өнімдерін молынан шығарып, осы кеңістікке ұсына алады.
Сондай-ақ, ол: «Кәсіпкерлік үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік оған қатысушы елдерге бірыңғай көліктік жүйені, қолайлы инвестициялық ахуал және өзге де қажетті жүйелерді қалыптастыруға жол ашады. Айталық, Кедендік одақ жағдайында кәсіпкерлер одақ шеңберінде жүктерді тасымалдаудың біршама жеңілдегенін сезінді. Кеден одағы құрылғаннан бергі уақытта Қазақстан өнеркәсібінің өңдеу саласына құйылған шетел инвестициясының көлемі екі есеге, 2009 жылғы 1,8 миллиард доллардан 2012 жылы 3,4 миллиард долларға дейін өсті. Бұл көрсеткіштер, әрине, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айқын көрсетеді. Одан басқа Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісімшартта кез келген қатысушы мемлекеттің үстемдік етуіне жол берілмейді. Онда тең құқықтық, қатысушы тараптардың ұлттық мүдделерін есепке алу қамтамасыз етілген. Келісімшартта стратегиялық маңызды мәселелерді және барлық деңгейдегі шешімдерді қабылдауда ортақ келісімге келу тетіктері көрініс тапты», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: egemen.kz.