1970
1980
1990
2000
2010
2011
2013
Туылған бала саны
Барлығы 23,4 23,9 22,1 14,9 22,5 22,5 2,8 Қалада 19,7 22,1 19,1 13,6 22,9 21,8 1,9 Ауылдық жерде 27,1 25,9 26,3 16,6 22,1 23,3 3,7Өлгендер саны
Барлығы 6,0 8,0 7,9 10,1 8,9 8,7 8,5 Қалада 6,5 8,1 8,1 11,3 9,5 9,2 9,0 Ауылдық жерде 5,5 7,8 7,5 8,5 8,3 8,1 8,0Табиғи өсім
Барлығы 17,4 15,9 14,2 4,8 13,6 13,8 14,1 Қалада 13,2 14,0 11,0 2,3 13,4 12,6 12,6 Ауылдық жерде 21,6 18,1 18,8 8,1 13,8 15,2 15,6 2-кесте. Анасының жасына қарай туу мөлшеріАнасының жасы
1958 -1959
1978 -1979
1989
1999
2009
2010
2011
2012
20-дан жас 48,4 37,7 47,4 33,8 31 28,3 29,4 31,3 20-24 233,8 198,6 214,3 133,3 156,1 129,7 148,0 153,2 25-29 235,9 163,3 153,1 100 157,0 105,4 154,8 156,0 30-34 175,9 110,8 89,8 59,6 110,0 66,2 110,4 109,2 35-39 127,2 63,4 41,9 26,1 60,5 29,8 62,2 61,6 40-44 54,8 27,5 12,7 5,9 15,3 6,5 15,7 15,8 45-49 16,8 3,8 1,0 0,6 0,7 0,5 0,7 0,7 15-49 143 94,5 92,2 53,5 80,4 53,8 80,9 82,9 2009 жылғы халық санағы кезінде 15-55 жас аралығындағы әйелдерге неше бала тууды жоспарлағаны туралы сұрақ қойылды. Оған қатысқан 5058696 әйелдің 13098783-і «бала жоспарладым» деп жауап берді. Оның ішінде, қалада тұратын әйелдер 6751966 (51,5%) болса, ауылдық жерде 6346817 (48,5%) болып шықты. Еліміз бойынша бір әйел репродуктивті кезеңде (бала тууға қабілетті жасында немесе 15-49 жас аралығында) орта есеппен 2,6 бала тууды жоспарлаған, оның ішінде, қалада – 2,3 бала, ауылдық жерде - 3 бала. Айта кету керек, жасы үлкен топтағы әйелдердің жоспары жоғарылау. Мәселен, 25-50 жастағы әйелдер орташа 2,6-2,9 бала тууды жоспарласа, жасы 15-24 жастағы әйелдер 2,0-2,3 бала тууды ғана қалаған. Бала санын отбасында өздері шешу дәстүрі алдымен қала тұрғындарынан басталды. «Асфальтта туған» баланың саны әлі күнге дейін ауылдық жерде туылғандардан аз. Жұбайлардың білім деңгейінің бала тууға кері әсері де жалғасын табуда. Оның басты себебі: тұрмыс әйелден көп уақытын үй жұмысына бөлуді талап етеді. Неғұрлым көпбалалы отбасы болған сайын, оның жұмысы да көбейіп, әйелдің өзінің жан-жақты дамуына уақыты жетпей, жеке басына көңіл аз бөледі. Осыған сәйкес әйел бала санын азайтуға мәжбүр. Жасыратыны жоқ, әр отбасы өз тіршілігін күйттеуде. Бір жағынан бала-шағасын асырау үшін ақша табудың жолын іздеп, жұмыс істейді. Екінші жағынан, ең басты табиғи борышы – ұрпағын өмірге әкеледі. Қарап отырсақ, адамды дүниеге келтіру процесін қаншама қоғамдық, мемлекеттік мәселе деп қарасақ та, көбіне жеке отбасының өзінің ғана ісі болып қалып отыр. Үйдегі тіршіліктердің көбі әйелдің мойнында екені тағы рас. Бұл өз кезегінде күйеуі екеуінің арасында психологиялық теңсіздікті тудырады. Осыдан келіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету әрекеті пайда болады. Ер адамдар да үйдегі өзіне тиесілі жұмыстардың аз болғанын қалап, бала басын тежеуге құлық танытады. Әйелді бала санын кемітуге мәжбүр ететін фактор – отбасының экономикалық, материалдық жағдайы. Нәрестені туу, оны өсіру үлкен жауапкершілік. Баламен отырған әйел қызметінен қалыс қалып, мамандығының мәнін де ұмыта бастайды. Өзін-өзі қарауға уақыты жетпей, жан тыныштығы азаяды. Оның үстіне, қазір әйелдің ерімен қатар отбасын асырау міндеті қатар жүргені рас. Ол – қазірде тұтыну заттарын үйге жеткізумен қоса үйдің тазалығы, ас даярлау секілді тіршіліктердің «қамытынан» босаған жоқ. Сондай-ақ, бала дәрігері, тәрбиешісі, педагогтік қызметін де қоса атқарады. Осыдан кейін әрбір ана бұл қиыншылықтан шығудың жолы бала санын азайту деп түсінеді. Егерде осыдан 50-60 жыл бұрын әр қазақ әйелі орташа есеппен 7-8 баладан туса, 2000-2011 жылдары 3 баладан туған. Сөйтіп, қазақ халқы Орталық Азия елдері арасында бірінші болып демографиялық ауысудың екінші фазасына, яғни, туудың төмендеу сатысына көшті. Болжам бойынша, келешекте туудың төмендеуі әлі де бәсеңдейді. Тұрақтанар деген үміт те бар, бірақ, бұл тұрақтылық халықтың жастық құрылымының жақсаруына байланысты екенін ескерген дұрыс. Жалпы, 1970-1990 жылдары өңірлердегі туу деңгейінде оң өзгерістер болды. 2013 жылы елімізде 387227 бала дүниеге келді, соның ішінде қалалық мекендерде – 209004 адам, ауылдық жерлерде – 178223 адам. Туылған ер балалар 51,6 пайызды құраса, 48,4 пайызы қыз балалар болған немесе 100 қыз балаға шаққанда 106,7 ер баладан келген. Туылғандар саны соңғы он жылда қалалық мекендерде 50,7 пайызға, ауылдық жерде 63,1 пайызға артты. 2013 жылы туылғандар саны 2003 жылғы деңгейден 56,2 пайызға өсті. Соңғы он жыл ішінде 1000 тұрғынға шаққандағы бала туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау өңірінде (31,7), Оңтүстік Қазақстан (29,6) және Атырау (28,6) облыстарында болды. Ең төменгі көрсеткішке Шығыс Қазақстан (16,4), Қостанай (14) және Солтүстік Қазақстан (14,8) облыстары табан тиянақтатты. Осылайша, туудың жоғары және төменгі деңгейлерінің өзара алшақтығы 60 пайыздан асып кетті. Соңғы 40 жылда бала туудың орташа көрсеткіші 15,85 сатыға баяулады. Төмендеу біркелкі болған жоқ, мысалы, 1970 жылы бірден 30,5 пайызға түссе, соңғы жылдары бұл көрсеткіш одан төмендеу баяулады. Туудың жоғары болып, өлімнің төмендеуі нәтижесіне байланысты 1000 адамға шаққандағы табиғи өсім Қызылорда облысында 2011жылы – 21,8, Оңтүстік Қазақстанда – 21,7, Атырау облысында 21,2 болды. Ал Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысында 1970-2010 жылдары туу коэффиценті 3,4 пайызға бәсеңдеген. Репродуктивті кезеңінде (15-49 жас) бір әйелдің орта есеппен алғандағы дүниеге әкелетін балалар санын көрсететін туудың жиынтық коэффициенті (ТЖК) 2013 жылы 2,64-ті құрады және 10 жыл ішінде 0,61-ке өсті (2003 ж. – 2,03). Қалалық мекендерде ТЖК 2,40 (2003 ж. – 1,89) ауылдық мекендерде 3,01 (2003 ж. – 2,27) болды. Елдің өңірлері бойынша ең жоғары ТЖК Оңтүстік Қазақстан (3,63), Маңғыстау (3,63), Қызылорда (3,43), Жамбыл облыстарында (3,41), ал төменгі көрсеткіш Алматы қаласы (1,71) мен Қостанай (1,77) облысында байқалды. 1970 жылдан бері жүргізілген зерттеулер елімізде баланың туылу көрсеткіші жоғары облыстар (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау) мен туу көрсеткіші ең төмен деген облыстарды (Қостанай, Солтүстік Қазақстан) анықтады. 2013 жылы еліміздің 38,6 пайыз халқы тұратын орталық және солтүстік облыстарында туудың жалпы коэффициенті 18,8 болса, елдің 61,4 пайыз халқы тұратын оңтүстік, батыс аймағында туу 22,4 пайызды құрады. Аталған облыстарда туу деңгейінің жоғары болуына бала туу туралы ұстанымдары үйлесім табатын, отбасы тарихының танымы үндесе білетін қазақ және өзбек ұлттарының шоғырлануы себеп болды. Келесі фактор индустрияландыру мен урбанизацияның өсу деңгейінен көрінді. Аймақтық дәлелдер ауыл мен қала тұрғындарының туу коэффициенттерінің алшақтығы 0,8 ден 7,4 сатыға дейін жеткен. Халықтың табиғи өсімі – туу мен өлімнің жалпы коэффициенттерінің айырмашылығы негізінде есептелетін табиғи өсім коэффициентімен көрсетіледі. Ал 1-кестеде көрсетілгендей, 1990-2013 жылдары бұл көрсеткіш 14,2 ден 14,1-ге дейін төмендеген. Республикамызда 1958-2012 жылдары анасының жасына қарай туылғандар туралы деректерге сүйенсек, бала туудың 1958-1959 жылдармен салыстырғанда төмендегенін көрсетеді. Бұл жұбайлардың отбасындағы бала санын өздері шешуінің кең тарағанын және оның тереңдей түскенін аңғартады. Бұл (2-кесте) келесі кестеде көрсетілген. Соңғы кезде ана жасының ең төменгі деңгейіндегі (20-дан жас, 20-24 аралығындағы) туу көрсеткіші 1978-1979 жылдары туылғандармен салыстырғанда, 1989 жылы туылғандар үшін бірнеше жоғарырақ болды. Екінші бір тенденция 50-жылдардың аяғында жасына қарай туудың ең жоғары көрсеткіші 25-29 жастағы әйелдерге тән болса, қазіргі кезде де бұл көрсеткіш осы жастағы әйелдер арасында болып тұр. Статистикалық деректер 2013 жылы репродуктивті (әйелдердің бала тууға қабілетті жасы) жастағы әйелдердің 12,6 пайызға өскенін көрсетеді. Оның ішінде, 20-24 жастағы топ – 29, 45-49 жастағы топ 27 пайызға өссе, 35-39 жас аралығында топ 5,5 пайызға төмендеген. Демографиялық жағдайды талдау үшін репродуктивті жастағы некеде тұрған әйелдердің жастық құрылымы қажет. Фертильді жастағы әйелдердің үлесі 29 пайыздан 37 пайызға немесе 8 пайызға өскен. Ал 20-29 жастағы қарқынды бала туу жасындағы әйелдер саны 5,4 пайызға немесе 34,6 пайыздан 40 пайызға дейін көтерілді. Репродуктивті жастағы некеде тұрған әйелдер саны 58,6 пайыздан 53,1 пайызға дейін кеміген де, 20-29 жастағы әйелдер саны 29,4 пайыздан 30,1 пайызға дейін өскен. Репродуктивті жастағы некеден ажырасқан әйелдер саны 8,8 пайыздан 6,9 пайызға дейін немесе 1,9 сатыға төмендеді. Осы топтың ішінде 20-29 жас аралығында ажырасқан әйелдер саны 24 пайыздан 19 пайызға дейін төмендеген. Репродуктивті жастағы жесір қалған әйелдер саны да өзгеріске ұшырап, 3,5 пайыздан 2,5 пайызға дейін кеміді. 20-29 жастағы жесір әйелдер саны 10,5 пайыздан 6,5 пайызға дейін немесе 4 пайызға азайды. Елімізде бүкіл әйелдердің саны 1999-2013 жылдары 9,9 пайыз өссе, осы уақыт ішінде бала туған әйелдердің саны 13,5 пайызға ұлғайған. 2011 жылы туу коэффиценті 20 жасқа дейінгі топтан басқа топтардың барлығында жоғары болып, 1000 адамға шаққанда 29,4 баладан келді. Қазіргі кезде көптеген елдерге аз балалы отбасына көшу тенденциясы тән, әзірге біздің елімізде, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын түркі тектес халықтар арасында 3-4 балалы болу тенденциясы сақталуда. Сонымен қатар, ТМД елдеріне тән аз балалы болу тенденциясы байқалады. Мұнда негізінен бала туу 20-24 және 25-29 жастар тобына ауысуда. Басқа жастар топтарында туу коэффициенті төмендеп кетті. Мысалы, 35-39 жастағы топта бала туу 1,2 есеге, 45-49 топта 3 есеге төмендеген. Бала туу көрсеткішінің өсуіне еліміздегі некелесудің жоғары деңгейі мен ажырасудың төмен болғаны оң әсер етуде. Сонымен қатар, табиғи өсім мен тууға халықтың қалада немесе ауылдық жерде тұрғаны да әсер етеді. Мысалы, 2013 жылы 1000 адамға шаққанда, қалада – 22,4 адам туылса, ауылдық жерлерде – 23,2 нәресте дүниеге келген. Демек, неғұрлым ауылдық жерде тұратын халықтың саны көп болса туу деңгейі де жоғарыламақ. Білім деңгейі мен бала туу арасында белгілі бір байланыс бар, халықтың білімі неғұрлым жоғары болған сайын бала туу төмендейді. Бұл қағиданы 2009 жылғы халық санағының қорытындысынан да аңғаруға болады. Жоғары білім алған әйелдердің 1000 адамға шаққандағы туылған бала саны – 1279, жоғары білімі аяқталмаған әйелдерде – 1306, орта білім алғандарда – 1378, толық емес орта білімі бар әйелдерде – 1648 болса, бастауыш білімі барлар 2718 сәбиді өмірге әкелген. Сонда білімі бастауыш мектеп деңгейінде болған әйелдер ғана туудың ең жоғары көрсеткішіне ие болып, ұдайы өсуді қамтамасыз етіп отырғандығын көреміз. Ана мен баланың денсаулығын жақсарту мақсатында соңғы жылдары көптеген перзентханалар, әйелдер мен балалар консультациялары, жүкті әйелдер мен балалы әйелдер үшін демалыс орындары салынуда. 2013 жылы елімізде 1018 әйелдер консультациялары мен акушер-геникологиялық кабинеттер жұмыс істеуде. Сол жылы әрбір туылған 1000 балаға есептегенде 10,3 дәрігер акушер-гинекологтан, жүкті әйелдерге арналған 25 кереуеттен тиесілі болған. 2010-2011 жылдары ҚР Статистика агенттігі мен БҰҰ Балалар қорының қатысуымен жүргізілген зерттеулер елімізде әйелдерді босануға дейінгі уақыттағы бақылауға алу жұмысы жоғары деңгейде екенін көрсетті. Жүкті әйелдің 99,2 пайызы кем дегенде бір рет дәрігердің қабылдауында болған, ал жүкті әйелдердің 87 пайызы төрт реттен жоғары санатты дәрігерге қаралған. 15-16 айлық балалар тобына өмірінің алғашқы он екі айында БЦЖ (99,2%) егу жұмысы жасалып, 98,4%-на бірінші АКДС егуі, 98,1%-на полиомелит вакцинасы салынған. Сонымен қатар, мемлекет балалы отбасына көптеген материалдық көмек көрсетуде. Тегін немесе жеңілдікпен балалар мекемелерінде тәрбиелеу, көпбалалы аналаларға мемлекеттен жәрдемақы төлеу, аз қамтылған, асыраушысынан айырылған отбасыларға, жас мүгедектерге жәрдемақы тағайындап, еңбекке жарамсыз мүгедек балалардың зейнет ақысына қосымша төлеу секілді қамқорлықтар қаралған. 2012 жылы бала тууға байланысты берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақыны 381,2 мың адам 64 720 теңгеден, бір жасқа толмаған баланы бағып күту бойынша жәрдемақыны 313,7 мың адам 16 396 теңгеден алды. Бірақ көптеген зерттеулер мұндай материалдық жәрдемақылар бала тууды ынталандыра алмайтынын көрсетіп отыр. Бала тууды ынталандыру үшін мемлекеттен берілетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшерін елдегі орташа жалақының деңгейіне көтеру қажет. Сонда ғана әр отбасы баласын өсіруге, оның келешегіне сенімді болады. Халықтың табиғи өсіміне әсер ететін ең басты шешуші фактор – бала туу болып саналады.Табиғи өсімнің жоғары болуы мемлекеттің ана мен баланы қорғауға бағытталған демографиялық саясатына тікелей байланысты. Себебі, балалы отбасы – мемлекетіміздің тірегі. Сондықтан, бала тууды көбейту мен көпбалалы болуды ынталандыру үшін Үкімет отбасы және неке саласындағы заңнамаларды қайта қарап, әлеуметтік мәселелерді шешуді барынша қамтитын тиімді демографиялық саясат жүргізуі тиіс. Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның сарапшысы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі.