• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қаңтар, 2023

Тездетілетін тексеріс

169 рет
көрсетілді

Былтыр Астанадағы әуежайда Fast Track қызметін 18,5 мың жолаушы пайдаланған. Fast Track қызметі елордалық әуе айлағында тіркеуден және тексеруден жедел өтуге мүмкіндік береді.

2022 жылдың мамырында Астанадағы әуе­жайда Fast track қызметі іске қосылған болатын. Аталған қызмет түрі тек қол жүгі бар жолау­шыларға авиарейстерге жедел тіркелу және тексеру пункттерінен кезексіз өтуді ұсынады.

Жылдам тіркеуден өту және тексеру желісін бизнес-класпен жиі ұшатын жолаушылар мен кішкентай балалары бар отбасылар жиі пайдаланады. Сонымен қатар бұл қызмет түрі мүмкіндігі шектеулі және аутизм спектрі бұзылған жолаушыларға өте қажет. Аталған санаттағы азаматтар үшін Fast track қызметі тегін екенін еске сала кетейік. Сондай-ақ балалар үшін айтарлықтай жеңілдік қарастырылған.

Елорда әуежайының аталған қызмет түрін арнайы санаттағы 17 763 жолаушы, тағы 756 адам коммерциялық негізде пайдаланған. Қазіргі уақытта Fast track қызметі Астана әуежайында Air Astana, Qazaq Air, Fly Arystan, Scat және «Южное небо» авиакомпаниялары жүзеге асыратын ішкі рейстерде енгізілген. Қызмет түрін пайдалануға ниетті жолаушыларға көмектесу үшін әуежайда дыбыстық ескерту қарастырылған, сондай-ақ Fast track пунктіне жол көрсететін арнайы белгілер орналастырылған.

Айта кетерлігі, әуе жолаушыларының жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін Астанадағы әуежай Қазақстанда бірінші болып аутизмі және ақыл-ой кемістігі бар жолаушыларға қызмет көрсету бойынша озық тәжірибені енгіз­ген. Шектеулері бар жолаушыларға қыз­мет басым тәртіппен көрсетіледі. Олар үшін әуежайда тиіс­ті ланьярдтар да қарастырылған. Арнайы тас­палар әуежай қызметкерлеріне мүгедектігі бір қарағанда байқалмайтын жолау­шыларды алып жүру және рәсімдерден өткізу барысында ба­сым­дық беру үшін танып-білуге мүмкіндік береді.

– Біз Қазақстанның авиациялық әкімшілігі­мен, Азаматтық авиация комитетімен және Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығымен бірлесіп, жоба жасадық. Әуежайға келген кезде аутизммен ауыратын жолаушыны алып жүретін адам анықтамалық кеңсеге немесе қабылдау бөлмесінің жанындағы агенттерге күнбағыс бейнеленген арнайы ланьярд алу үшін жүгіне алады. Бұл технология туралы барлық авиакомпания өкілдері біледі, – дейді Жолаушылар тасымалы бөлімшесінің аға агенті Руслан Масғұтов.

Тіркеу және тексеру үрдісі әдетте жолаушы­лардың 20 минут немесе одан да көп уақытын алады. Өз кезегінде аталған қызмет түрі стандартты тіркеу және тексеру процедураларын 3-5 минуттың ішінде өтуге мүмкіндік береді. Астана әуежайы өкілдерінің айтуынша, 10 ми­нут­тың ішінде қызметті 15 жолаушы пайдалана алады екен. Сонда орта есеппен әр жолаушыға 40 секунд жұмсалады.