• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2014

Еуразиялық экономикалық одақ: оның Қазақстан үшін маңызы

2859 рет
көрсетілді

Еуразия атауы қазіргі ақпараттық кеңіс­тікте ең көп кездесетін сөздердің біріне айналып отыр. Қазір екі конференцияның бірі Еуразия тақырыбына арналады. Мұның себебін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен түсіндіруге болады. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы аймағымызда маңызды геостратегиялық, геосаяси, экономикалық және геомәдени бетбұрыстардың болып жатқанын көрсетеді. Әрине, Еуразияны әрбір мемлекет өз мүддесі тұрғысынан түрліше түсінеді. Еуразияның геосаяси маңыздылығын түсіну үшін батыстықтардың аймақ туралы кең танылған теориясын қарастырайық. Еуразия құрлығы туралы сөз болғанда геосаясат теоретиктерінің бірі ағылшын Халфорд Ж.Макиндердің heartland, яғни «жердің жүрегі» («Жерұйық») теориясына назар аудару қажет. Ол теория бойынша, кез келген географиялық кеңістіктің немесе мемлекеттің ең стратегиялық маңызды аймағы оның ортасы, орталығы болып табылады. Макиндердің пікірінше, дүниежүзінде ықпал жүргізу үшін Еуразия құрлығында, ал Еуразияда ықпалды болу үшін сол құрлықтың ортасында, яғни ішкі аймағында басымдыққа ие болу шарт. Расында, бұл теория Ресейге де, біздің аймағымызға да қатысты. Орталық Азия жоғарыда аталған neartland, яғни кіндік аймаққа кіретін географиялық кеңістікте орналасқандықтан, тек теория ғана емес, сондай-ақ, геосаясаттың нысанасына айналып отыр. Бұл атлантистік теорияның мәні Батыстың Еуразияға қалай қарайтындығын білдіріп қана қоймай, оның аймағымызға қатысты геостратегиялық ниетінен де жақсы хабар береді. Елбасымыздың саяси ойларының дамуында еуразияшылдықтың орны өте үлкен. Елбасы кеңестік экономиканың құрылымын, мүмкіндіктерін, басқару тетіктері мен нақты жағдайын жақсы білгендіктен, 90-жылдардың басынан-ақ шашыраған посткеңестік экономикаларды қайтадан біріктірудің амалдарын ойластырды. Өйткені, Қазақстанның экономикалық шаруашылығы, өндірісі мен өнеркәсібі Ресей мен өзге кеңестік елдермен ажыра­мас­тай тығыз байланыста, бір-біріне тәуелді, әрі өзара кіріккен еді. Республи­калар арасындағы өндірістік және іскерлік байланыстардың бірден үзіліп қалуы үлкен экономикалық, саяси, әлеуметтік және ұлтаралық дағдарыстарға алып келді. Сол қиын аласапыран кезеңде пост­кеңес­тік елдердің саяси тәуелсіздігін сақтаумен қатар, тиімді экономикалық интеграция құрудың мүмкіндігі Елбасымыздан басқа ешкімнің ойына кіріп шықпады. Өйткені, бір кездері ірі жаһандық мемлекет болған КСРО-дағы республикааралық қатынастар мен аймақаралық байланыстардың бірнеше жылдың ішінде бірден құрдымға кетуі мүмкін емес еді. КСРО сияқты күрделі құбылыс өз артына инерциясын, босаған энергиясын қалдырды. Бұл – табиғи физикалық үрдіс. Яғни, ұзақ уақыт пен үлкен кеңістікті қамтыған державадан қалған саяси бірліктер өздерін біріктіре алатын ортақ тарихи-мәдени, қоғамдық-саяси құндылықтарға сүйене отырып, экономикалық тұрғыда бірлесе алады. Бұл идеяның әзірше тәжірибеден гөрі теориясы басым. Қалай десек те, үш мемлекеттің одақ құруы КСРО-ның саяси ыдырауынан кейін пайда болған идеологиялық бос кеңістіктің орнын толтыруға, мем­ле­кетаралық индус­триялық-экономикалық қатынастардың үзілуінің келеңсіз салдарларын жұмсартуға және ұлтаралық-еларалық қатынастарды нығайтуға ба­ғытталған деуге де болады. Осы орайда, мынадай методологиялық сұрақтарды қойып, соларға жауап іздеуге тиіспіз. Құрылып жатқан экономикалық одақтың теориялық негіздері неде? Қа­зақстан еуразиялық интеграциядан қандай нақты тәжірибе алмақшы? Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен мүддесіне қалай әсер етеді? Кез келген интеграциялық одақ белгілі саяси-экономикалық құндылықтарға сүйе­неді. Теориялық тұрғыда, еуразиялық эконо­микалық интеграция посткеңестік елдер­дің нарық, теңдік және өзара тиім­ділік сияқты жаңа экономикалық құн­ды­лықтары негізінде қалыптасады. Сонда ғана ықшамды, жаңашыл және дина­микалық одақ құрылуы мүмкін. Әрине, интеграцияға қатысты қалыптасқан қа­саң стереотиптер мен скептизмнің жойы­луы үшін одақтың қағидаттары, ереже­лері мен идеологиясы ашық және әділ негіздерге сүйенуі тиіс. Еуразиялық одақ, сондықтан Еуропалық одақтың үлгісін негізге алып отыр. Интеграцияның сәтті­лігі мен баяндылығы, бірінші кезекте, Мәскеудің стратегиялық ниетіне, бұрын­ғы қателерді қайталамауына, одақ­ты саясиландырмай, экономикаға мейлін­ше көңіл бөлуіне, мүше елдердің ұлт­тық мүдделерін сақтауына, теңдік пен әділ­дік­ті қамтамасыз етуіне байланысты болмақ. Еуразиялық интеграцияның ядросы мен анықтауышының Ресей екендігі еш күмән туғызбайды. Қазақстан бұл елмен экономикалық түрде ынтымақтасып, бәсекелестікке үйренуде. Ресей мен Қазақ­стан арасындағы энергетикалық бәсекелестікті жұмсартуға көңіл бөлінуі тиіс. Соңғы жылдарда көршілес мемлекеттің дипломатиялық, саяси, экономикалық жағынан күшейе түскені мәлім. Ресей – Германия немесе Үндістан сияқты әлемнің іргелі, ажырамас әрі органикалық бөлшегі. Ресейге құрмет көрсеткен елдер ғана оның құрметіне ие болады. Бұл ел екінші санаттағы держава ретінде өзгеру, қайта бағалау, пайымдау, даму үстінде. Ресей екіполярлы әлемнен бас тартып, көпполярлы әлемді мойындағандықтан, ол да жаңа жағдайға бейімделіп, теңдік пен өзара тиімділік қағидаттарына сәйкес жұмыс істеуді үйренуде. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан – Ресейдің ең сенімді серіктесі. Ресей де – Қазақстанның ең сенімді серіктесі. Демек, «қырғи-қабақ со­ғыс­тан» қалған рефле­кстер мен кеңестік кезең­нен қалған комплекстерден құтылу керек. Интеграция шеңберінде Ресей, ең алдымен, өз мүдделерін қорғауға білек сыбана кіріскені белгілі. Онымен әділ, ашық және шынайы қатынас орната алсақ қана интеграция өз жемісін береді. Қазақстан экономикалық интеграцияны стратегиялық мүдделер, геосаяси тәуекелдер мен үлкен саясат тұрғысынан бағалауы керек. Әрине, еуразиялық интеграцияның қалыптасып, дамуында Қазақстанның рөлі ерекше зор. Егер Еуразиялық экономикалық одақтан Қазақстанды алып тастасаңыз, одақ өзінің еуразиялық сипатынан айы­рылып қалады. Қазақстан одақтың ерекше компоненті ретінде жаңа идея ұсынудан еш тартынбауы керек. Егер бұл одақ, Н.Ә.Назарбаев айтқандай, расында инновациялық жоба болса, онда Қазақстанмен бірге Ресей де өзгеруге тиіс. Одақ аясында Қазақстан Ресейдің өзгеруіне себепкер болуы ықтимал. Еуразиялық одақтың экономикалық құндылықтары мен қағидаларының бұлыңғыр болуы оның келешегінің жоқтығын білдірмейді. Әрине, біз бұл интеграцияны идеалдандырудан аулақпыз. Бұл интеграцияның уақытша жоба екеніне де күмәніміз аз. Мәселе өзгермелі жағдайда, құбылмалы әлемде тұрақты және уақытша факторларды шатастырып алмауда. Интеграцияның қауіпсіздік қырларына келсек, Қытайдың Орталық Азияға экономикалық-саяси ықпалын арттыруы, сырттан халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмнің қысым көрсетуі, кейбір посткеңестік елдерде саяси дағдарыстар мен тұрақсыздықтардың белең алуы («Түрлі-түсті төңкерістер») сияқты себептер Астананың Ресеймен тығыз саяси-әскери салада ынтымақтасуына себепші болды. Түрік сарапшысы Жемил Ертемнің пікірінше, 2008 жылғы Грузиядағы соғыс Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруін жылдамдатқан. Француз сарапшысы Пьер Руссленнің ойынша, Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалының артуына байланысты Ресей одақты құруды жеделдетті. Оның ойынша, интеграция аймақтағы елдердің дамуына жаңа серпін, жаңа сипат береді. Десек те, Қытай Қазақстан мен Орталық Азияның институттық және экономикалық дамуына өз үлесін қосып жатыр. Қытай, Иран, Үндістан, Ресей сияқты ірі күштердің әрқайсысы Еуразия ұғымын өзінше түсінгенімен, барлығы да өңірдегі ірі де алпауыт мемлекеттер болып табылады. Геосаяси тұрғыдан еуразияшылдық ұғымы Ресейдің маңайына топтасқан стратегиялық блоктың құрлықтық конфигурациясы деуге де болады. Біздіңше, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуының келесі тиімді жақтары мен себептерін атауға болады. Олар: Қазақстанның Ресей экономикасымен күрделі байланыстылығы, Қазақстанда ішкі саяси тұрақтылық пен геосаяси қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне жанама әсері, ортақ әуе қорғанысы жүйесінің орнығуы, Ресейдің ірі нарқына кіріп, экономикалық бәсекелестікке бейім­делудің мүмкіндіктері, геопси­холо­гиялық жағынан Ресеймен бірге болу арқылы әлемдегі ықпалы мен ата­ғын арттырудың мүмкіндігі, т.б. Сон­дай-ақ, Дүниежүзілік экономикалық дағ­дарыстың да келеңсіз әсері интеграциялық үдерістерді жеделдетті. Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан үшін барлық тиімді және ықтимал зиянды жақтарын салыстыратын болсақ, Астана үшін артықшылықтарының басым екенін айта аламыз. Өйткені, қазір қазақтың саяси элитасы және елдің ішкі тұрақтылығы үшін интеграция өте-мөте тиімді. Қазақстанның геосаяси тұрақтылық жағдайында күшейіп алуы үшін Ресейді Батыспен немесе Қытаймен салыстыруға болмайды. Елдің болашағы тұрғысынан Ресеймен жақын ынтымақтаса отырып, оның экономикасымен бәсекелесіп, ысылып барып, дүниежүзілік бәсекелестікке дайын, қуатты Қазақ мемлекетін қалыптастыру мүмкіндігі зор және алдымызда нақ осы міндет тұр. Ал бұл мақсатты, яғни «2050» Стратегиялық жоспарын орындау үшін Ресеймен жақсы болу бірінші шарт. Осы тұрғыдан Қазақстан өзінің төңірігіне дұрыс баға беріп отыр. Ресеймен түсінісе алудың өзі үлкен геосаяси жетістік. Үлкен саясатта дөрекі қадамдар жасаудың орнына аяқты байыппен, ақырындап басып, ойды шатастыратын, жаттанды стереотиптерді бұзатын күрделі саясат жүргізу үлкен нәтижелер береді. Әрине, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа енуі – үлкен саясатпен шектесетін үлкен экономика. Қалай десек те, интеграцияның мәңгі емес, уақытша қадам екендігі турасында да ой түюдің артықшылығы жоқ. Интеграцияда әділетсіздіктер мен келіспеушіліктер орын алған жағдайда Қазақстан одақтан шығуға құқылы. Интеграция алдағы ұлттық дамуымыздың сапасы мен бағытын белгілеуде маңызды рөл ойнайды. Интеграция бізді Ресеймен «ауыз жаласып», табақтас болуға емес, керісінше, өз менімізді, өзімізді, өз ұлттық жолымызды табуымызға көмектеседі. Қазақстанның Еуразиялық одаққа кіруінің экономикалық себебін негіздеуге қатысты мынадай сұрақ туындайды. Еліміздің одаққа кіруі Ресейден бір нәрсе үйрену үшін бе, әлде, Ресеймен бәсекелесу үшін ойластырылды ма? Интеграциялық одақта экономикалық жағынан ұту үшін Қазақстан экономикасы Ресейдікін тиімділігі және инновациялығы жөнінен басып озуы шарт. Бұл – тым кешенді инновациялық міндет. Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Мұрат Чемректің ойынша, Қазақстан мен Ресейдің экономикалары бір-бірін толықтырудан гөрі, бір-бірімен бәсекелес болғандықтан, экономикалық одақтың алдында үлкен міндет тұр. Қазіргі жағдайға келсек, 2013 жылы өткен Минск және Мәскеу кездесулерінде Елбасы Н.Назарбаев интеграциялық үрдістің барысын біраз сынға алғаны белгілі. Сынның айтылуы экономикалық одақтың жұмыс істей бастағанын білдіреді. Алғашқы кездесуде саудадағы теңсіздіктер, кедендік сәйкессіздіктер мен техникалық түйткілдер туралы айтылды. Яғни, қазақ тарапы интеграцияның сапасына көңіл бөлуді талап етті. Ал Елбасының одақтың саясиланбауы керек дегені Ресей мен Батыс арасындағы текетіреске араласпайтындығын да меңзеуі мүмкін. Десек те, Еуразиялық экономикалық одақты үлкен саясат пен геосаясаттан бөлу мүмкін бе? Мысалы, Мәскеудегі кездесуде Н.Назарбаев Арменияның Кеден одағына кіруі жөнінде сөз болғанда, Таулы Қарабақ мәселесін қозғап, өзінің халықаралық саясаттағы беделін тағы бір көрсетіп қойды. Еуразиялық жобаның шеңберінде түркі факторын да ұмытпағанымыз жөн. Одақтың философиялық астарына келсек, «Мәңгілік Ел» сияқты тарихи ұлттық идеологияны орнықтыруға бекем бел буған Қазақстан мәңгі одақтың болмайтынын, мәңгі ұлттық мүдденің ғана болатынын ұмытпауы керек. Еуразиялық экономикалық одақтың философиялық негізін орыс және түркі халықтарының тарихи, географиялық, мәдени жақындығы құрайды. Еуразияшылдық әу-баста ресейлік патшалықтың құлауының әсерімен қалыптасқан саяси, идеялық қозғалыс болғанын ескерсек, жаңа еуразияшылдықтың да тоталитарлық жүйенің ыдырауының нәтижесінде қалыптасып жатқанын ұмытпауымыз керек. Еуразиялық теория – үстіртін көзқарас немесе жүйесіз ұғымдар жүйесі емес, керісінше, саясатта жүзеге асып жатқан күрделі интеграциялық жоба. Еуразиялық одақтағы Қазақстанның алатын орны еліміздің интеллектуалдық-экономикалық секіріс жасауына да тікелей байланысты болмақ. Жанат БАЙЖОМАРТҰЛЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,  «Еуразия» ҒЗИ директорының орынбасары, Әйгерім ЕСБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әлемдік экономика мамандығының магистранты.