• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 10 Қаңтар, 2023

Тарих – тәрбиеші

377 рет
көрсетілді

Таяуда облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылындағы білім ошақтарының бірінде тарих және археология кабинеті ашылып, жас толқынға тылсым тарихтың көне сырлар көмбесі әбдіресін айқара ашты.

Алақандай ауылдағы ақ түйенің қарны жарылатын әдемі оқиға. Артефактілердің көмегімен сонау тас дәуірінен жылға тартатын жылнама оқушылардың санасына тарих тағылымын себезгілеуде. Байтақ білімнің бастау көзін ашқан №3 көпсалалы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Серік Ысқақов. Ұстаздың айтуына қарағанда, баға­лы археологиялық жәдігерлерді облыстық тарихи-өлкетану және «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейлерінің қызметкерлері тапсырыпты. Жас ұрпақтың қамын ойлаған жанашырлық. Есте жоқ ескі кезеңнің құпиясымен танысуға оқушылар да құштар. Осы бір ұмты­лыс тынымсыз ұстаздың қолтығына қанат байлаған.

– Әзірге жәдігерлер аса көп бол­ма­ғанымен мейлінше қызықты, – дейді Серік Ысқақов, – көне дәуірге деген дәл осындай қызығушылық туындайды деп ойлаған да жоқ едім. Оқушылар шын мәнінде білгісі келіп талпынады, неше алуан сұрақтар қояды. Қола дәуіріндегі қолөнерші­лер жасаған зергерлік бұйымдарды ұстап көріп, өлкенің қаншалықты өнерлі әрі мәдениетті болғанды­ғын түйсінуде. Қорғандарды қазу кезінде табылған қару-жарақтар да ел қорғаған ерлердің бітім-болмысын айғақтайтындай.

Кабинетте Бурабай мен Зеренді аудандарының археологиялық картасы орналастырылыпты. Келесі жылы мектеп-гимназия оқушы­лары осы қазбаларға барып, зерттеу жұмыстарын жүргізбек. Уыстарына Ұлы даланың ұлағатын ұқтыратын олжа іліге қалса, өңір тарихын еселей түсетін үлес болмақ.

– Мен білім ошағымызда тарих және археология кабинетінің ашыл­ғанына қуаныштымын. Жаңа кабинеттегі әрбір жәдігер біз үшін баға жетпес бұйым, – дейді археология бойынша қалалық байқаудың бас жүлдесін иеленген 8-сынып оқу­шысы Самат Тәшмағамбетов.

Жаңадан ашылған кабинетте Көкшетау қаласының білім бөлімі «Қа­зақ халқының ұлт-азаттық көтері­лісінің тарихы – хан Кене» атты үшін­ші қалалық ғылыми-тәжірибе­лік конференциясын өткізді. Педагогтер мен оқушылар форумы, Кенесары ханның 220 жылдығына және білім ошағының 30 жылдығына арналған маңызды шаралар ұйымдастырыл­ды. Осылайша, шағын ауылда тыл­сым тарих шамшырағы шуағын төгіп тұр.

 

Ақмола облысы